Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Діни басқарма жын шығарушы емшілерге қатысты: Қасиет қонды деп адамдарды емдей беру дұрыс емес

Адамның ішіндегі жынды шығарамын деп жазаға тартылды. Ақтөбеде бір азаматты үйіне қамап, сабап емдемекші болған адам енді заң алдында жауап береді. Кейінгі уақытта бұл өңірде осындай қызмет ұсынатындардың саны көбейіп кеткен.

jyn_shygaru

Облыстық полиция мұндай  бизнеске жол бермес үшін барымызды саламыз деп отыр. Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.  

Соңғы уақытта психологиялық ауытқуы бар жандарға "ішіңдегі жынды шығаруға көмектесеміз" деп жүрген дін ұстанушылардың көбейгенін құқық қорғау орган өкілдері растап отыр. Сондай "айығу" процедурасынан аман қалған ақтөбелік азамат полицияға барып шағымданыпты.  

"Ішіне жын кірген деп еріксіз үйге қамап, таяқпен ұрып, әртүрлі жағымсыз ұнтақ тектес қоспаларды ішкізген. Емделуші осы жағдайдан құтылғаннан кейін, полиция қызметкерлеріне жүгінді. Нәтижесінде, "емшіге" қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК 424-бабына сәйкес, "заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысу" фактісі бойынша сот шешімімен айыппұл салынды", - дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Жын шығаруды кәдімгідей табысты бизнеске айналдырып алғандардың саны көбейгені алаңдатпай қоймайды. Тіпті, олар ем-домдары үшін арнайы сомасы белгілейтін болған. Мысалы, дұға оқытқысы келетіндер 3000 бастап 10000 теңгеге дейін төлейді екен. 

"Жындардың адамға кіруі ол пайғамбар заманынан бері бар. Оларды емдеу жолына келетін болсақ, құтылу жолына келер болсақ, ол - кез келгеннің қолынан келе беретін шаруа емес. Себебі, қазақта айтып жатады, молдададн бата алған деп. Яғни ілімді, білімді адамдар ғана жынды шығара алады. Қамшымен не пышақпен емдеймін дейді. Алайда ол шариғи емес", - дейді теолог Мұрат Досаналиев. 

Адамды ажал аузынан құтқару көптің қолынан келмейді. Алайда ақша үшін арын сатып, алдап соғатын алаяқтар жетіп артылады екен. Сондықтан дін өкілдері мұндайға қарсы. Тек, арнайы сынақтан өткен, сертификаты бар білікті емшілер ғана елді емдесін дейді. 

"Емшілік бұл тәжірибемен болатын нәрсе. Ол біліммен болатын нәрсе. Міне сондықтан оның арнайы рұқсаты болуы керек. Енді кез-келген адам өзін "емшілік қасиет қонды" деп өзін солай емші деп жариялап емдей беріп кету дұрыс емес. Әлі бір нәрсе ол адамның өміріне байланысты кәсіп қой", - дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов. 

"Емделемін" деп емшіге есесі кеткендер қателігін кеш түсінеді. Алайда асқынған ауру ол уақытта шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Сондықтан, дертке душар болған адам бірден діндарларды аралап кетпей, алдымен дәрігерлерге қаралса жөн болар. 

Талқылау