Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаштың анасы: Ол жұмыс істеп жүріп, демалатын адам

Димаштың ата-анасы мен оның концертіне қатысқан оқушы қыз Лондоннан Қазақстанға оралды. Димаштың анасы Света Айтбаева әншінің алдағы жоспарлары жайлы баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Димаш Құдайберген

Лондон төрінде “Елімнің жүрегі – Астана” әнін шырқаған Нарғыз Жанұзақованы Ақтөбе халқы қошеметпен қарсы алды. Мектеп оқушысы Димаштың концертінен алған әсерімен бөлісті. Димашпен бір сахнада ән шырқау үлкен мәртебе екенін айтқан Нарғыз бұл ән кешінен ұмытылмас әсер алғанын айтады.

«Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Әрі сапар кезінде Лондонды аралап, қайықпен жүзіп, ІІ Елизавета патшайымның үйін көру бақыты бұйырды. Қала тұманды, жауынды болғанымен, адамға жылылық сыйлайды», – дейді Нарғыз Жанұзақова.

Жас талант өңірлік ән байқауында жеңіп шығып, Димаштың концертіне қатысу мүмкіндігіне ие болған еді. Света Айтбаеваның айтуынша, Лондон халқы Нарғызды өте жақсы қабыл алды. Тіпті, әлемнің 45 елінен келген фанаттар ішінде Нарғызды өз еліне шақырғандар баршылық екен.

Света Айтбаева Димаштың жоспарлары тура айта келе, оның ВВС арнасына сұхбат беріп, сапарын Ресей мен Қытайда жалғастыратынын атап өтті. Уақыты тығыз болғандықтан, Димаш елге атбасын бұра алмайды екен.

«Димаш Лондонда қалды. Ол таяуда туған жеріне, Ақтөбеге келіп, тынығуды армандайды. Бірақ кестесі тығыз. Лондоннан соң Мәскеуде өнер көрсетіп, Қытайға барады. Осы аралықта уақыт тауып, үйіне келіп, демалады деп үміттенеміз. Димаш жұмыс істеп жүріп, тынығатын адам. Кішкентайынан еңбекқор.

Музыкалық мектеп, колледжге барды, үнемі дайындықта жүрді. Студияда жаңа ән жазу, әрлеу, туындыларды өмірге әкелу, оркестрмен жұмыс істеу оған күш сыйлайды. Жас кезінде тынымсыз жұмыс істегені дұрыс деп есептейміз. Фанаттарына айтарым, Димаш жақсы, ол шаршамады», – деді Света Айтбаева.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау