Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда оқитын қазақ қызы: Қытайдағы қазақтар біздің сұлулығымызға қызығады

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері отандастарымызға шетелдік есіктер айқара ашылды десек болады. Нәтижесінде бүгінгі таңда көптеген қазақстандықтар шетелдерде білім алып, жұмыс істеуде. Солардың бірі Айнұр Сләмғажы Қытай мемлекетінің Бейжің қаласында білім алуда. Осы орайда ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне қытайлықтардың қандай екені жайлы, ол жақтағы қазақтардың ерекшеліктері туралы айтып берді.

Қытайда оқитын қазақ қызы: Қытайлықтар Димашты жақсы көргендіктен қазақ тілін өз беттерінше үйренуде

Алғаш ол жаққа барғанда не таңсык болды?

Бәрі дерлік таңсық болды. Ешкімді танымайтын, тілін түсінбейтін ортаға тап болу мен үшін өте қиынға соқты. Тамақтан бастап, орта, транспорт жүйесі, төлем жүйесі…

Тамақ түрі көп, тіпті Қытайдың әр провинциясында өзіне тән басқа провинцияда кездеспейтін тамақтары болады. Бірақ оны ұнату жағы талғамға байланысты.

Ортам өзгерді. Бұрын тек таза қазақы ортада жүрсем, енді әртүрлі академиялық өткені бар, түрлі ұлт өкілдерінің арасына түстім. Группамда сегіз студентпіз, ең жасы, тәжірибесі азы менмін.

E-commerce өте жоғары деңгейде дамыған. Қағаз немесе тиын ақша ұстайтындар сирек кездеседі. Төлемді Wechat немесе Alipay желісі арқылы жасайды. Ең алғашқы күндері дүкенге барсам да, даладан жеміс алсам да, киім, аяқ киім сатушыларда да QR кодты сканерден өткізіп жатқан адамдарды көретінмін, ең қызығы олар алған затына ақша төлемей кете беретін. Олардың ақыны сол QR код арқылы төлейтінін кейін түсіндім.

Мұнда жасы да, кәрісі де барлығы смартфонына үңіледі де отырады. Қарт адамдардың смартфон ұстауын, оған үңілгені де қызық көрінді маған. Смартфонның қызметі тек әлеуметтік желіге кіру, хабарласу ғана емес, оның қызметі орасан, телефон тек жағдайыңның көрсеткіші емес, өмірлік, күнделікті қажеттілік екенін кейін түсіндім.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады. Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Олардың өмір салтының бізден айырмашылығы көп пе?

Әлбетте. Көрші тұрсақ та дәстүріміз де, салтымыз да, мінезіміз де тым бөлек. Бізде сенім бар, Аллаға сенеміз, бұл жақта дінге қатты шектеу қойылған. Мен ағылшын тобында оқығандықтан, қытайшам мәз емес, тобымда тек шетелдіктер, сол себепті де жергілікті халықпен тығыз байланыста емеспін. Дегенмен, сырттай бақылауымша, қытай халқы тұйық, көп сөзге жоқ, “ішімдегіні тап” деп тұратындай, сыр алдырмайды. Қытайлар өнер, білімде аса білікті, епті болмауы мүмкін бірақ өте еңбекқор, бос жүрген бірін көрмейсің. Университетімізде 8:00-22:00-ге дейін істейтін үлкен кітапхана бар, оған таңертең ерте бармасаң, бір бос орын табу мүмкін емес.

Олар Қазақстан және қазақтар туралы қандай ойда?

Қазақстанның бар екенін біледі, бірақ одан өзге тереңірек білетіні аз. Алайда, Димаштың арқасында Қазақстан жайлы білгісі келетін, қызығушылық танытатындар көбейді. Димашты жақсы көргендіктен қазақ тілін өз бетінше үйреніп жүрген бірнеше қызды танимын.

Не себепті Қытайды таңдадың?

Қытай туралы білетініміз өте аз ғой, тек қатып қалған стереотиппен, үреймен болжаймыз. Олардың соңғы жиырма жылдағы даму қарқыны таңғаларлық, біздің үйренеріміз өте көп. Қашанда жұмбақ болған аспан асты елін жақынырақ танығым келді. Біз айтып жүрген “болашақ” Қытайда басталып кеткен, болып жатыр деп еститінмін, соны көргім келді.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады. Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Ол жақта туратын қазақтар көп пе?

Бейжіңде жергілікті қазақтар көп деп айта алмаймын, мұнда келетіндер көбінесе студенттер. Қазақтардың дені Шыңжаң өлкесінде.

Қытайлық қазақтар біздің жергілікті қазақтарға ұқсайды ма?

Жоқ. Екі жақтағы қазақтар ассимиляцияға ұшыраған. Олардан қытайдың ықпалы байқалады, бізден Ресейдің. Менің университетімде жергілікті қазақтар оқиды, олармен сөйлесу бастапқыда қиынға соқты. Себебі, олар көне сөздерді, архаизмдерді қолданады немесе қытайша қосып сөйлейді. Өзге мемлекетте тұрған соң ба, олар тыныш, тұйықтау келеді. Оның үстіне қазақтар тұратын Шыңжаң өлкесі қытайдың басқа провинцияларындай емес, дамымай қалған деп есептеледі. Содан болар тартыншақ, әрине, бәрі бірдей солай дей алмаймын. Қытайдағы қазақтар қазақстандықтарға қатты қызығушылықпен қарайды, «Сендер жақтың жігіттері пәйзі (әдемі) ғой» дейді осы жақтағы қазақ қыздар. Үрімжі қаласына барғанымда, үлкен тәтелерден «қазақстандықтар өздерін қатты күтеді, бәрі шетінен әдемі» дегенді көп естідім.

Шетелде қалу жоспарыңда болды ма?

Жоқ, бірақ шетелде жүріп, тәжірибе жинақтасам деймін. Өйткені мұнда келіп көп нәрсе үйрендім. Әлі де үйренерім көп.

Басқа елге кету мүмкіндігі болса тағы барар ма едің?

Әрине, кетер едім. Қазір заман тез дамып жатыр, бір күн бір жаңа нәрсе үйренбесең, артта қаласың. Бәсекелестік өте жоғары, соған сай болу үшін үнемі ізденісте болу керек. Егер тағы да басқа елде оқу, біліктілігімді арттыру, жаңа, тың дүниемен танысу мүмкіндігі туса, ойланбастан барар едім.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау