Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттарды шетел спортшыларына төленетін ақшаның көлемі шошытты

Қазақстанда миллиондап ақша тауып жүрген шетел легионерлері отандарына жаппай қайтуы мүмкін. Әсіресе, футболшыларға қатты шүйліккен депутаттар оларға бюджет ақшасын шашуды тоқтатуды талап етті деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Безымянный

Сурет fckairat.kz

Қайта қыруар қаржыны балалар спортын дамытуға жұмсау керек дейді мәжілісмендер. Салауатты өмір салтын көп қозғаған төменгі палата «қозы қарны» барларды да ұялтқысы келген. Бірақ, депутаттардың өздері күлкіге қалды. Мәдениет министрін терлеткен Үкімет сағатында Жәудір Оразхан болып келді.

Бүгін Мәжілістің дәлізі тура фитнес клубына айналғандай. Мәдениет және спорт министрі Парламентке жаттығу құралдарын арқалай келіпті. Арыстанбек Мұхамедиұлы есеп бермес бұрын, жетістіктерін көрсетіп мақтанды.

Бірақ, бұған ешкім алдана қоймады. Министр кіл жақсы көрсеткішке толы баяндамасын аяқтағаны сол еді, мәжілісмендер шетелден өз отанында керексіз боп қалған лигионерлерді шақырып, ақша шашуды тоқтатуды талап етті. Себебі, футбол клубтары әкімдіктің қарамағында болғандықтан тиісінше қыруар қаржы да бюджеттен бөлінеді.

“Мәселен, алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Аршавинге жылына 335 миллион төлейміз. Айына 10 миллион теңге жалақы алатындары қаншама. Бұндай футболдың қажеті не? «Барыс» хоккей клубында да жағдай осы. Ойыншылардың арасында жалғыз қазақ – Дамир Рыспаев қана. Ол да мұзға тек төбелесу үшін шығады”, – дейді депутат Мұхтар Тінекеев.

Аршавин секілді, «Барыс» хоккейшілері де жылына 335 миллион жалақы алады екен. Бірақ, олардың да үмітті ақтағаннан көрі, ақшаны шашуы көп. Сондықтан, депутаттар пайдасы жоқ лигионерлерге бөлінетін қазынаның қыруар қаржысын балалар спортын дамытуға жұмсауға кеңес берді. Алайда, жасөспірімдер де доп теуіп қарқ қылып жүрген жоқ.

“2009 жылдан бастап Қазақстан Бразилиядағы футбол академиясына жасөспірімдерді оқуға жіберіп жатыр. Жылына 100 миллион доллар төлейміз. Биыл 200 миллион төлейміз. Жылына 25 бала оқып келеді үш жыл бойы. 50 бала бітірді осы уақытқа дейін. Бірақ, сол жасөспірімдердің керемет жетістігін көріп жатқан жоқпыз. «Бәйтерек» клубына алып келдік ол жасөспірімдерді. Ол жеңілуде”, – дейді Нұртай Сабильянов.

Арыстанбек Мұхамедиұлының бұл сұраққа жауабы дайын екен. Министр енді балаларды Бразилияға емес, бюджет ақшасына Германиядағы футбол мектептеріне жіберіп оқытпақ.

“Біз қазіргі кезде бұл үрдісті тоқтатып жатырмыз. Сол себептен біз анализ жасап жатырмыз. Қазір ең тиімді спорт мектептері футболдан Германия, Нидерландыда”, – деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Осылайша, әріптестері дарынсыз футболшыларды қызу талқылап жатқанда, Аманжан Жамалов сөз алып: «алдымен әркім шермиген қарнын құртсын», – деген ұсыныс жасады.

“Батыста сымдай тартылған сымбатты болсаң – табысты болғаның. Ал бізде «қарын шығару» сәнге айналған”, – деп қойып қалды Аманжан Жамалов.

Жамалов меңзеп отырған «қарындылар» депутатардың арасында да жетіп артылады. Сол семіздіктен арылудың оңай әдісін Ольга Шишигина ойлап тауыпты. Бұрынғы жеңіл атлет әріптестерін жұмыс алдында жаппай жаттығу жасауға шақырды.

“Кез-келген қызметкер жұмысқа кіріспес бұрын, 10-15 минут жаппай гимнастика жасау керек. Бұрын тіпті мектепке 20 минут ерте барып, жаттығатынбыз. Қазір ол жоқ”, – деді Ольга Шишигина.

Мәжілісмендерге бүгін Арыстанбек Мұхамедиұлы да үлкен үміт артып кетті. Министр келер жылғы бюджетті жоспарлағанда, спортты дамытуға қаржыны көбірек бөлуді қайта-қайта айтып, депутаттарға қатты тапсырды. Ол «100 спорт кешенін салу» туралы бағдарлама әзірлемек. Өйткені, қазір ауыл-аймақтардың басым бөлігінде спорт залдар атымен жоқ.

Талқылау