БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Депутат: Халықтың ақшасына қызметтік пәтер алған шенеуніктердің үйін тексеру керек

Халықтың ақшасына қызметтік пәтер алып, араны ашылған шенеуніктердің баспаналарын тексеру керек. Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова Үкімет басшысына осындай сауал жолдады.

Сурет: Tengrinews.kz

Себебі, күннен күнге мемлекет есебінен қымбат бағаға үй алатын басшылардың қатары көбейіп барады. Сондай-ақ, көп үндемейтін депутаттардың бірі Шакир Хахазов тосын ұсыныс айтты. Ол премьер-министрдің атына үндеу жасап, қайыр сұрағандарға ақша бергендерді жазалау керек деген мәселе көтеріп отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

4 күн демалыстан шыққан депутаттар халықтың көкейкесті мәселесімен жақсылап тұрып танысқан сыңайлы. Көп үндемейтін, алфавит бойынша соңғы қатарда отыратын Хахазов деген халық қалаулысы айды аспанға шығарды. Ол қайыр сұрағандарға садақа бергендерді жазалайық деп, Премьер-министрге сауал жолдады.

“Тұрақты мекенжайы, жұмысы жоқ жандардың ақша сұрауға бойы әбден үйреніп алған. Тұрмысын өзгертуге, табыс табуға тырыспайды олар. 2015 жылы әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске қайыр тілегендерге айыппұл салу туралы өзгерістер енгізілген болатын. Алайда, тиісті заңнамадан ешқандай нәтиже жоқ. Сондықтан шетелдің тәжірибесін іске асыру қажет. Кейбір елдерде алақан жайғандарды емес, соларға садақа бергендерді жазалайды екен” – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шакир Хахазов.

Дегенмен, Шакир Хахазов орысша баяндамасында тағы бір мәселені көтерді. Арбаға таңылып, мүгедектің кейпін танытқан кейбір қайыршылардың артында белгілі бір мүдделі топтар тұр дейді. Депутаттың өзі зерттеген болуы керек. Таңертең әлдебіреулер алып келіп, кешке қайыршылардың жиған терген тиын-тебенін санап алатындарды біледі екен. Бұған полицияда көз жұмып қарамай, тиісті шара қолдануын талап етіп отыр. Жып-жылы кабинетте отырған мәжілісменнің сөзін растау үшін көшеде жүрген ел-жұрттанда сыр тартып көрдік.

«Әкімдіктерді айтпағанда, жергілікті жерлерде “кішігірім” бастықтар, колледж немесе облыстық филармония директорына дейін қымбат джип пен седан мінеді. “Ақжол” фракциясы мемлекеттің ақшасына шенеуніктерге қызметтік баспана әперудің баға параметрлерін реттеу керек деп санайды. Мәселен, “7-20-25” бағдарламасы бойынша Павлодарда баспананың ең жоғары бағасы 15 миллион теңге болып бекітілген. Ал әкімдік пәтерді өзіне үш есе қымбат бағаға сатып алды» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова.

Еске салайық, жуырда Павлодарда аумағы 230 шаршы метр, құны 50 млн теңге тұратын қызметтік пәтерге қатысты дау шыққан еді. Ал қыркүйекте Атырау қаласының әкімдігі 58 миллионға жиһазымен қосып 5 бөлмелі үй сатып алған. Ал Өскемеденде екі элиталық тұрғын үй нысанына 82 милллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында аудан әкімінің зәулім сарайын жөндеуге бюджеттен 24 миллион теңге бөлінген. Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі кең паркингі бар, аумағы 180 шаршы метр баспананы 35 миллион теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Осыған ұқсас ақпарат Көкшетауда, Шымкентте де шыққан еді.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр