Денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем жүргізушілеріне үндеу жолдады
Алматыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан оқиғадан соң ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пікір білдірді, деп хабарлайды Қазақпарат.
“Бұл оқиға біздің көңілімізге қатты тиді, себебі өздеріңіз білесіздер, жедел медициналық жәрдем сапасын жақсартуға баса мән беріп жатырмыз. Жақында ғана жедел бригадаларының республикалық сайысын өткіздік. Бригадалардың 60 процентін халықаралық стандарттар бойынша оқыттық. Жедел жәрдемнің науқасқа жету уақытын 25 минуттан 18 минутқа дейін қысқарттық. Реанимациялық шаралар тиімділігі артты. Яғни, жедел жәрдемнің үлгеруі үшін қыруар қаражат пен уақыт жұмсалып жатыр”, – деді министр
Министр жедел жәрдем қызметінің тиісті мекен-жайға жылдам жетуді қолға алып жатқанда, мұндай кедергілердің кері әсер ететінін айтты. Сонымен қатар жүргізушілердің қауіпсіздігін арттыруды ойлап, әрі қарай алаңсыз жұмыс істеуге шақырды.
һ”Қаптаған көлік арасынан жедел жәрдемді тез байқау үшін, олардың көмекке асығып бара жатқанын түсіну үшін арнайы жедел жәрдем стандарттарын енгіздік. Олардың жоғары жылдамдықпен жүруі де желікпелік емес. Мұндай жылдамдықпен жүру үшін олар халықаралық бапкерлердің арнайы оқуына барған. Жедел жәрдемдегі әріптестеріме сабырлық танытуға, кикілжіңге бой алдырмауға, қандай жағдай босла да, жұмыстарыңызды жалғастыруға кеңес беремін. Біз де бұдан былай сіздерді лайықты деңгейде қорғауға күш саламыз”, – деді Біртанов.
Кеше түрік жігітінің жол бермеген жедел жәрдем жүргізушісін ұрып тастаған туралы хабарлаған болатынбыз. Егде жастағы азаматтың бет-жүзі жарақаттанды.
Видеодан шетелдік азаматтың көлігінен түсе сала жүргізушіге тап бергенін көруге болады.
Бұл оқиға көпшіліктің ашуына тиді. Осы орайда қазақ жігіті Сәбит Жүсіпов үндеу жолдап, оны жекпе-жекке шақырды.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.