Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрі вакцина алғаннан кейін індеттен көз жұмғандар туралы айтты

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина алған адамдардың арасында коронавирустан көз жұмғандар статистикасы туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


"Вакциналаудың тиімділігін бағалау кезінде ауруға шалдыққан адамдардың 99,9 проценті вакцина алмағаны анықталды. Ал екпе алғаннан кейін коронавирусты жұқтыру көрсеткіші небәрі 0,1 процентті құрап отыр. Осы орайда өлім-жітімге де тоқталған жөн. Қайтыс болғандардың 97,7 проценті – вакцина алмағандар, 2,3 проценті – екпе салдырған науқастар. Сосын вакцинадан кейін індетті жұқтырып қайтыс болғандардың ауыр созылмалы аурулары болды", – деді Цой үкімет отырысында.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін вакцинаның бірінші дозасын 5,9 миллион адам салдырды. Осылайша екпе алуға тиіс халықтың 59 проценті вакциналаудан өтті. Ал екінші дозаны 4,5 миллион адам (45,2 процент) алды.

"Вакцина салдырудан Маңғыстау облысы артта қалып келеді. Ол жақта халықтың 33,1 проценті ғана екпенің бірінші компонентін салдырды", – деп атап өтті Цой.



Айта кетсек, қазақстандықтар қазіргі таңда коронавирусқа қарсы 4 вакцинаны салғызып жүр: Спутник V, QazVac, Hayat-Vax, CoronaVac. 

Еске сала кетсек, 15 шілдеде бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шыққан болатын. Онда міндетті вакциналау белгіленген ұйымдардың тізімі мен екпе жүргізу мерзімі бекітілген еді.

Атап айтқанда, қаулыда ұйымдар қызметкерлері вакцинаның бірінші компонентін 2021 жылдың 10 тамызына дейін, екінші компонентін 1 қыркүйекке дейін алып бітуі тиістігі айтылған. Сонда ғана олар штаттық режимде жұмысқа жіберіледі.

Талқылау