Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денис Тенді өлтірді деген күдікті Нұралы Қиясовтың бұрынғы қызы ол туралы айтып берді

Нұралы Қиясовтың бұрынғы қызы оның тұтқынға алынғанға дейінгі өмірі туралы айтып берді. Бұл туралы NewTimes.kz сайты хабарлайды.

24 жастағы Айнұр Ішім есімді азаматшаның сөзіне сенсек, ол Нұралы  Қиясовтың көршісі болған. Екеуі Жамбыл облысындағы Мерке ауданында тұрған.  Айнұр Нұралы  Қиясовпен үш жылдан аса уақыт жүрген.

“Мен оны 10 жылдан артық білемін. Біз бірге өстік. Мен өмірге құштарлығы мол, көңілді, ауқатты жанұядан шыққан адам осындай қадамға барады деп ойламаппын. Оның анасы мектепте жұмыс істейді.  Үлкен ағасы мал шаруашылығымен айналысады, ал 1997 жылғы інісі университетте оқиды. Нұралының  толыққанды жанұясы бар. Үлкен ағасы әйелімен, анасымен бірге тұрады. Оның араласатын ортасы да жақсы адамдар. Ол оқыды, мектеп бітірді, Мерке ауданындағы колледжге түсті”,— дейді күдіктінің бұрынғы қызы.

Қыздың сөзінше,  Нұралы  Қиясовтың ата-анасы мал шаруашылығымен айналысады. Бірақ олар ажырасып кеткен. Себебі, күдіктінің әкесі басқа әйелге кетіп қалған.

“Біз шамамен үш жылдай жүрдік. Оның бойынан жаман қасиеттерді байқамайтынмын. Ол ашушаң емес, сабырлы адам. Дегенмен достарымен ұрсысып қалатын, төбелесетін де. Бірақ бәрібір өзі бірінші болып кешірім сұрайтын,” — деді Айнұр Ішім.

Азаматша күдіктіні сабырлы адам деп  айтқанымен, полиция қызметкерлері Нұралы Қиясов жайында мүлдем басқаша пікір білдірген болатын. Осыған қатысты күдіктінің бұрынғы қызы өз ойын айтты:

“Полицейлердің өз әдістері бар. Мүмкін олар Нұралыны қорқытқан шығар. Екеуміздің ортақ достарымыз көп. Ол бұл қылмысты істемеді. Бұл кездейсоқтық. Ол әлгі кадрларға кездейсоқ түсіп қалды. Біз оған кінәні халықты тыныштандыру үшін күшпен мойындатқызды деп ойлаймыз”, — деді ару.

Сонымен қатар, азаматша Нұралы Қиясовтың 18 жасында Алматыға өнім кеңесшісі, экспедитор ретінде жұмыс істеу үшін көшіп кеткенін айтып берді:

“Ол біресе келіп, біресе қайтып кетіп жүрді. Колледжді бітірді де Алматыға кетіп қалды. Жарты жылдан соң ауылға қайтып, осында бір  жылдай жүрді.  Сосын оны оңтүстік астанаға жұмысқа қайтадан шақырды”, — деп Айнұр Ішімова естеліктерімен бөлісті.

“Мен Нұралыда жүргізуші куәлігі бар болғанын білемін. Үш жылға куәлігін алып қойған болатын. Ал сотталғанын білмеймін”, — деп таңғалды ару.

Соңғы рет Нұралы Қиясовпен ол бір ай бұрын сөйлескен. Күдікті қызды Алматыға шақырған. Бірақ азаматшаның жұмыстан уақыты болмаған соң, жігіттің ұсынысынан ол бас тартқан.  Айнұр Ішім, бұрынғы жігітінің қылмыс жасағанына сенбейді. Басқа біреудің кінәсін Нұралының мойнына артып қойды деп санайды. Сондай-ақ қыздың сөзінше, барлық халық Нұралы Қиясов пен оның ата-анасын жазықсыз айыптап жатыр.

Талқылау