Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Делдалдар саудасы қызып тұр: Елімізде бір пойыздан күніне 100 мың теңге заңсыз ақша жиналады

Бір пойыз құрамынан бір күнде 100 мыңға дейін заңсыз қаржы жиналады. Мұндай мәліметті жемқорлыққа қарсы бюро өкілдері кең ауқымды тексеріс кезінде анықтаған.

Коррупцияның торына қарапайым вокзал қызметкерлерінен бастап жолсерік, тіпті жоғары лауазымды тұлғалар да түскен. Осындай бірқатар заң бұзушылықтан соң антикоррупция өкілдері монополист компанияға ультиматум қойды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

– 8-ге мынаны беремін.
– 3-полканы ма?
– 2 полка ше?
– Ол кетіп қалған.
– Қаншаға?
– 12-ге.

Бұл өткен жылдың жазында «Көкшетау-Қызылорда» пойызында түсірілген видео. Билет таппай сенделген жолаушылар жол жүру құжатын оңды-солды сатып, пайдаға кенелген жолсеріктерді жасырын камераға түсіріп алған. Арада, біршама уақыт өтсе де жағдай түзелмеген көрінеді. Жолаушылар тасымалы антикоррупция мамандарының тағы назарына түсіпті.

Ал, осы айда жемқорлыққа қарсы бюро өкілдері 3 ай бойы жүргізілген үлкен масштабты тексерістің нәтижесін жария етті.

«Тексеріс барысында құзыреті бар адамдар арасында жемқорлық фактісі қалыпты жағдайға айналғаны белгілі болды. Мәселен, жолдағы пойыз құрамын тексеріссіз өткізу үшін жолсеріктер және бригадирлер өзара ревизорларға пара беріп отырған. Ауызбастырықтың мөлшері 8-40 мың теңге аралығында. Ал, жалпы сомасы нақтыланып жатыр», – дейді жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро жетекшісінің орынбасары Шыңғыс Қабдулла.

Сол үшін агенттік мамандары пойыздағы жолаушыларды тексеретін адамдарды толығымен ауыстыру қажет деген ұсыныс тастады. Өйткені, ревизорлардың көбісі бұл жүйеде бұрыннан істеп келе жатқан әккі мамандар. Барлық құйтырқы әрекеттерді білетін көрінеді. Жемқорлықты түп-тамырымен жою үшін жаңа кадрларды тарту қажет, – дейді.

«Билетті сатып алу, сату механизмі ортадағы делдалдарға қолайлы болып тұр. Себебі, пысықайлар өзіне қажетті жол құжаттарын алдын-ала брондау арқылы қалағанынша алып, үстіне ақша қосып сатады. Ол жерде жолаушылардың мәліметтері қажет емес. Осылайша темір жол қызметкерлері қолдан билет тапшылығын тудырып отыр», – дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылагенттігі департаменті директоры Данияр Сабырбаев.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын компания өкілдері алдағы уақытта қолдан жасалған билет тапшылығы болмайды, заңсыз «қояндарды» тасыған жолсеріктер жауапқа тартылады деп уәде берді.

«Ең бірінші мәселе, аталған жүйе бір адамға бірнеше билет бермейді. Енді, делдалдар қалаған билетті сатып ала алмайды. Алдағы уақытта қолдан жасалған билет тапшылығы болмайды, – “Жолаушылар тасымалы” АҚ орынбасары Данияр Нұрмағанбетов.

КСМ: Өз кезегінде мәселемен жақсы таныс көлік комитетінің өкілдері алдағы уақытта темір жол жүйесі толық цифрландырылған жүйеге өтеді дейді. Ол үшін тиісті бағдарлама жасалынып жатыр екен. Осы арқылы делдалдардың заңсыз әрекетіне балта шаппақ.

«2018 жылы 1128 жолаушылар пойызы тексерілген екен. Соның ішінде 1298 жол қағазынсыз, билетсіз анықталып, жауапкершілікке тартылған. Оның суммасы 3 млн теңгеден астам ақша болып тұр. 18-20 жылдар аралығында өзіміздің жоспарымызша сол бойынша адаммен адамның кездесуін азайту жөнінде», – деді ИИДМ көлі комитетін төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, жемқорлық жүйесіне қатысы бар деген күдікпен 50-ге жуық адам ұсталған. Оның, 31-і «Қазақстан Темір жолының» мамандары. Одан бөлек бұл тізімде жолсеріктер, ревизорлар, вокзал қызметкерлері бар. Барлығының ісі тергеліп жауапкершілікке тартылатын болады, дейді агенттік өкілдері.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау