Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дауыс беру. Қазақ аруы әлде Мисс Қазақстан: бәрінен де кім сұлу?

Қазақстанда жыл сайын екі сұлулық байқауы өтеді. Еліміздің ең сұлу аруы деген атты “Мисс Қазақстан” байқауында иеленсе, “Қазақ аруы” байқауында тәж өз елінің салт-дәстүрін жетік біліп, ана тілін құрмет тұтқан бойжеткенге бұйырады. Stan.kz оқырмандарға ақылына көркі сай аруды таңдауды ұсынады.

“Мис Қазақстан” – байқауы 1997 жылдан бері San Bell агенттігінің ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Оған еліміздің әр аймағынан келген арулар қатысады. Негізгі талаптары: жас мөлшері – 16-27 жас, сырт келбеттің сұлу болуы, бойдың 168 см-ден асуы. Бірнеше тілде еркін сөйлеп, би билеп, ән айтқан бойжеткендердің ұпайы өзгелерге қарағанда көбірек болады. Жеңімпазға тәж бен демеушілер ұсынған сыйлықтан бөлек 5 млн теңге беріледі.

Ал “Қазақ аруы” байқауы 2011 жылдан бастап қолға алынған. Ол жыл сайын Баян Есентаеваның жетекшілігімен Наурыз мерекесінің қарсаңында өткізіледі. Аталған сайыстағы талаптар “Мисс Қазақстан” байқауына қарағанда жоғарырақ. Ұйымдастырушылар қазақ аруы деген атқа шашы ұзын, өзі сұлу, заманауи сән мен халқының дәстүрлерін жетік меңгерген, ана тілінде сөйлейтін бойжеткеннің лайық екенін айтады. Қатысушылардың бойы міндетті түрде 170 см-ден асуы тиіс. Байқау аяқталған соң жеңімпазға Баян Есентаеваның өзі демеуші болып, түрлі жобаға жолдама береді.

0000

Фото: ВКонтакте

Ләззәт Қалдыбекова Қазақстанның әр қаласынан жиналған 500-ге тарта бойжеткендердің ішінен суырылып, “Қазақ аруы-2011” байқауының жеңімпазы атанған болатын. Ол байқауға қатыспас бұрын Халықаралық “Бозторғай” фестивалінің жүлдегері, “Театр көктемі-2010” фестивалінің “Тұсау кесер” номинациясының иегері атанып үлгерген екен. Ләззат Қалдыбекова 2007 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына қабылданған.

Мұхтар Әуезовтің “Абайында” Мағыш,  Тынымбай Нұрмағанбетовтің “Қожанәсір тірі екенінде” Зүлейха, Дулат Исабековтың “Жаужүрегінде” Ғалия, Исрайл Сапарбайдың “Қыз мұңында” Сағыныш, Гогольдің “Үйленуінде” Агафья Тихоновна, Мәмесейіттің “Бәкей қызында” Бәке, Сәрсекенің “Тендерге түскен келіншегінде” Кезбе, Ғайыптың “Мен ішпеген у бар ма?…” қойылымында Нұрғаным, Оразалиннің “Шырақ жанған түнінде” Нұргүл сынды кейіпкерлерді сомдайды. Қазір де аталған театрдың актрисасы.

image

Фото: instagram.com/toleuova_kz/

Айнұр Төлеуова небәрі 16 жасында “Мисс Қазақстан” байқауының жеңімпазы атанған болатын. Қазір 22 жастағы бойжеткен Әзім есімді ұлын тәрбиелеп жатыр.

Fvb4ICORdbs

Фото: vk.com/id151286618

Ал 2011 жылы сақ үлгісінде көмкерілген күміс тәж, гауһар тасты алқа мен телеарналардың бірінде бағдарлама жүргізу мүмкіндігін алматылық сұлу Айғаным Өтепбергенова иеленген болатын. Қазақ аруы өзінің жеңісін ата-анасына арнайтындығын, олар болмаса, бұндай бақытқа бөлене алмайтындығын айтқан еді. Айғаным Өтепбергенова тұрмысқа шығып, халық көзінен таса болған-ды. Алайда ару уақытты бос өткізбей продюсерлікпен айналысқан. Мұнымен қатар, “Эйфория” шоу-балетіне жетекшілік етіп, алдағы уақытта жеке бизнесін бастауды жоспарлап отыр. Ал бизнес түрінің қандай болатындығы әзірге құпия.

Zhazira Nurimbetova (4)

21 жастағы Шымкент бойжеткені Жазира Нұрымбетованың “Мисс Қазақстан” байқауындағы жеңісі жұртты шулатқан-ды. Жиналған қауым 2012 жылы өткен сұлулық байқауының әділетсіз болғанын бірауыздан айтқандай болды. Қазіргі таңда Жазираның Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында жүргені ғана белгілі.

9

Айгерім Қанатбек – Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Экономика факультетінде білім алған. Ол сахнаға жүргізуші ретінде шығып, түрлі сұлулық сайысына қатысқан. Сүйкімді қызды бірінші курста оқып жүрген кезінде-ақ мерекелік кештерді жүргізуге шақырады. 2010 жылдың қаңтар айында “Қызылорданың жаңажылдық аруы” атағын жеңіп алады.

2010 жылдың наурыз айында қалалық Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйінде өткен “Ақмешіт аруы-2011” сайысында бас жүлдені иеленеді. Бос уақытында ән айтады. “Мен университетті тәмамдаған соң мамандығыма қатысты мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін. Өнерге жақын болғандықтан, эстрадалық әндер шырқайтын боламын”, – деп өзіндік жоспарларымен де бөліскен-ді.

4

Фото: instagram.com/aidayissaeva/?hl=ru

Айдай Исаева “Мисс Қазақстан – 2013” байқауындағы жеңісінен кейін медицина университетін тәмамдады. Ол өткен жылдың сәуір айында ақыл-кеңес беру фирмасының директорына тұрмысқа шығып, қыркүйек айында ұл босанды. Айдай әртүрлі қоғамдық және қайырымдылық шараларға қатысады. Мұнымен қатар, ол “Универсиада-2017” шарасының ерікті елшісі.

2

Фото: instagram.com/zholanova_gulnaz/

2014 жылы елдің ең әдемі аруы атағы үшін 21 үміткер сынға түсті. Нәтижесінде Маңғыстау облысының атынан барған Гүлназ Жоланова жеңімпаз атанды. Небары 20 жастағы ару – Ақтаудағы экономикалық лицейдің түлегі. Гүлназ Жоланова “Махаббатым жүрегімде” телехикаясында басты рөлді сомдады. Бұдан өзге “+17” телехикаясына түсіп, көрермендер көзайымына айналды. Гүлназ: “Шынымды айтсам, камераға көп қатысы жоқ адамға берілген образды сомдау қиынға соғады екен. Сын түзелмей, мін түзелмейді демекші, өзімнің қателерімді де байқаймын”, – деп сұхбаттарының бірінде ағынан жарылды.

1

Фото: instagram.com/reginavandysheva/

22 жастағы Регина Вандышева 2015 жылы “Әлем аруы” байқауына Қазақстанның атынан қатысты. Бойжеткен 13 орынды иеленді.

6

Фото: instagram.com/koskelovakamshat/?hl=ru

“Қазақ аруы-2015” байқауының финалы Астанада өтті. 21 жастағы Кәмшат Қоскелова жеңімпаз атанды. Кәмшат осы күнде Гумилев атындағы Еуразиялық университетін тәмамдады. Экономика факультетінде Туризм мамандығында оқыған болатын. Мұнымен қатар, “Астана Опера” театрының басты залында администратор болып қызмет жасаған.

Баян Есентаеваның айтуынша, жеңімпаз қазылар алқасын өзінің әсемдігімен жаулап алған екен. Ол туралы Баян Есентаева: “Біз жеңімпазды таңдаған кезде талант, сұлулық, ақыл сынды қасиеттерді ұштастыруға тырысамыз.  Ал Кәмшат монологы арқылы өзін тамаша қырынан көрсетті”, – дейді. Дәл қазір “Қазақ аруы – 2015” Кәмшат Қоскелова өзін бірнеше бағдарламаларда жүргізуші қырынан және мюзиклде актриса ретінде көрініп жүрген ару.

алия

Фото: instagram.com/miss_balymka/

17 жастағы ақтаулық бойжеткен Әлия Мергембаева жуырда ғана “Мисс Қазақстан-2015” байқауының жеңімпазы атанды. Ол Маңғыстау туризм колледжінде “Қонақ үй шаруашылығы қызметін ұйымдастыру” мамандығы бойынша білім алған. Бойжеткен сайыс кезінде “кітап оқымаймын” деп жұртты шулатқан болатын. Десе де, әділқазы алқалары мұны шыншылдыққа балаған-ды.

00

Фото: instagram.com/akhatova01/

Биыл “Қазақ аруы” байқауының жеңімпазы Атырау қаласының тумасы Әлмира Ахатова болды. Ол Медицина университетінің 3-курс студенті. “Бастапқыда 600 арудың, кейін 21 арудың ішінен суырылып шығу маған оңай болмады. Өйткені осында тұрған әрбір ару жеңіске әбден лайық. Түйсігім жеңетінімді сездірсе де, іштей күмәндандым. Бірақ қалауым күшті болып, қазір жеңісіме шексіз қуанып отырмын”, – деді бойжеткен журналистерге берген сұхбатында.

Талқылау