Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дарын Мұбаров: “Бекболат Тілеуханның ұстазы емеспін, бірақ некесін қиғам”

Мұсылманшылықты шынайы ұлықтаған азаматтар да баршылық. Бірақ жаманды-жақсылы насихат айтқан біраз жігіттің баспасөз бомбежкасының астында қалғаны рас. Солардың бірі – Дарын Мұбаров. Дарын мырза жайлы жұрттың пікірі қақ айрылады.

m6y4v7h9ixhd_2

Сурет: kivvi.kz 

Бұл туралы alashainasy.kz хабарлайды.

Бізге қызығы — бұл кісінің қоғамдық көзқарастары, өмірлік ұстанымдары, адамдық позициясы.

– “Жасырып-жабар ештеңем жоқ. Өз жұртымда да, нағашы жұртымда да қоспа жоқ — таза қазақпын. Тегімді сұрасаңыз — Орта жүз, оның ішінде Қоңыратпын. Нағашыларым — Ұлы жүз, Дулат. Түбімді сұрасаңыз, Оңтүстік Қазақстаннан. Өзім Жамбыл облысында туып-өстім. Тараз маңайындағы ауылда, қазақи ортада тәрбиелендім”, -дейді Дарын Мұбаров.

Кейбірелер «Дарын ұстаз» деседі. Мұбаров сы тқрғыда өзін ұстаз дейтіндер жайлы айтып өтті.

– “Ұстаз десе, бірден әл-Фараби, Ибн Синалардың деңгейін ойлаудың қажеті жоқ. Мысалы, мен бір кісіге дұрыс дәрет алуды үйреттім. Енді басқа бір азаматқа намаз оқу тәртібін түсіндірдім. Осындай, қарапайым ғана, ауылдағы кез-келген жасы үлкен кісі білетін нәрсені үйреткенім үшін де ұстаз дейтіндер бар. Сауалына ұғынықты жауап алғанына риза болғаннан солай айтатындар да бар шығар. Менің ден қойып оқығаным — Ханафи мазхабы. Тараздағы медреседен кейін Бішкек қаласында оқыған кезімде осы Ханафи мазхабын жетік білетін ғұламалардың дәрісін алдым. Ал Әбу Ханифаның өзінің бүкіл пәтуасы — Құран мен сүннетке негізделген”, – дейді Мұбаров.

– Сізді «теріс ағымға насихаттайды» деп естиміз. Ешқашан «мен теріс ағымға насихаттаймын» деп айтпасыңыз анық. Дегенмен, елді туралыққа шақырамын деп өзіңіз адасып жүрмегеніңізге кім кепіл? Сұрағым келгені, таза Ислам дінін насихаттайтыныңызды қалай дәлелдейсіз?

– “Мұны ажырату, анықтау қиын емес. Кез-келген ағымның, сектаның алғашқы сипаты — жекелеген адамға, белгілі бір топқа немесе өзіне шақырады. Ал тура жолдағы дін насихатшысы тыңдаушысын Аллаға және оның Елшісіне шақырады. Ал Алланың ақиқи діні болса, тыныштықты сақтауға, мемлекеттің тұтастығына қызмет етуге, елдің рухани келбетін сақтай отыра өсіп-өркендеуіне үндейді. Өйткені, Аллаға, ақырет күніне сенген мұсылман өзі үшін, Отаны, отбасы үшін жауапты адам. «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» дейді қазақ. Отбасына, туған еліне пайдасын тигізе алмаған адам — басқаның бар-жоғына бас ауыртпайды. Менің ғаламтордағы уағыздарымды жіті тыңдаған адам Құдайдың діні, пайғамбардың жолынан тыс ешнәрсеге шақырмағанымды анық біледі. Сондықтан, мені «ағымға шақырады» деген сөз — жала. Жала болғанда да қисынсыз, құйрығы бір тұтам өтірік”.

– “Менің айтып жүрген насихатым — Діни басқармадан бөлек бағытта емес. Ұстанымымыз – бір. Жауырды жаба тоқып, бізді бөлек бағыт, оқшау адам ғып көрсетуге тырысатындар бар шығар. Бірақ мен кез-келген жерде Діни басқармамыздың келелі істерін айтудан жалыққан емеспін. Еліміздің күллі мұсылмандарының басын біріктіріп отырған қара шаңырақ – ҚМДБ-ға қарсы шығайын, солардың пікірін жоққа шығарайын дейтін ойым жоқ, болған да емес. Таң намазынан оянып, түнге дейін мешітте жүретін, елдің өлім-қазасы мен той-томалақ, Құдайы тамақтарының бәрінде жүгіріп қызмет қылатын имам бауырларымның еңбегіне қалай риза болмайсың?! Өзім де біраз уақыт мешітте имам болдым ғой, ауыртпашылығын жақсы білемін. Құптан намазын оқып, енді үйге бас сұққанда, біреу кеп тұрады – туысы хәл үстінде жатыр. Үй бетін көрмей, кісі үйінде жүресің. Жаназа шығар, Құран оқып бер, неке қиып бер, көкпар беріп жатыр едік, бата қайыр деген сияқты халқымыздың қайғысы мен қуанышында қатар қызмет қылатын да осы жігіттер. Тағы бір астын сызып айта кететін нәрсе – ата-баба дәстүрін, өзіміздің ана тілімізді осы имам бауырларымыздай дәріптеп жүрген кім бар? Еліміздің қиын-қиырында уағызды қазақ тілінде айтады, үнемі әдемі қазақы шапан, тақия киіп жүреді. Әр шаңырақтағы қазаққа тән рәсімдерге белсене атсалысатынын жаңа айттық. Сондықтан, мүфтияттағы ағаларымыздың, Бас мүфтиіміз Ержан Малғажыұлының Алла абыройын арттыра берсін. Сіздер де түртінектеп кемшілік іздемей, тілекші болып жүріңіздер”.

– Меніңше уағыз айтушылар, Аллаға құлшылық қылуға шақырушылар біздің ұлттың болмысын, мінезін, салт-сана, әдет-ғұрпын жетік білуі тиіс тәрізді. Сіз өзіңізді осы сипаттағы кісіге жатқыза аласыз ба?

– “Мен дінге берік, дәстүрге жетік ауылда өстім. Кәдімгі маңдайын әжім оюлаған батагөй ақсақалдардың әңгімесін тыңдап, батасын алған бала болдым. Қазы жеп, самаурынның шәйін ішіп өстік. Күбі пісіп, тезек те тептік. Шөп шауып, оны есекпен тасыған, ауылдың түтінін жұтып, күнде таңертеңгісін малын өріске қосқан, кәдімгі барлық ауылда өскен азаматтар көрген өмірдің бел ортасынан шыққанмын. Атама еріп, Құдайы тамаққа барғам, апамнан қалмай, той-томалақ қызықтағанбыз. Жалпы адам баласы өзін мақтауға келгенде тосылып сөйлеуі тиіс қой. «Қазақтың бар дәстүрін жетік білемін, фольклорымызды жатқа соғамын» немесе «этнографиямызды бес саусағымдай білемін» деп мақтанғым келмейді. Бірақ осы күнгі қаладағы көп қазақтан салт-дәстүр жағынан олқы соқпайтынымды айтсам, тағы жалғандығы жоқ. Өйткені, жаңа айтқанымдай, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында туып-өстім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп жатады ғой. Қазаққа тән қонақжайлық, ақкөңілдік, бауырмалдық – жастаймыздан сіңісті болды”.

Интернетті, бейнепорталдарды ашып қалсақ, сіздің әрқилы тақырыптағы уағызыңыз самсап тұр. Біздің білуімізде, уағыз-насихатты тек ҚМДБ имамдары немесе дін ғалымдары айтуы керек. Насихат айтуға сізге кім құқық берді?

– “Менің уағыз айтуым — арнайы бір «мен осы ертеңнен бастап уағыз айтайыншы» деген ниеттен басталған жоқ. Оқушы кезімнен қоғамдық шараларға араласқанды жақсы көретінмін. Аудандық «Шұғыла» газетінде штаттан тыс тілші боп жұмыс істедім. Байтанғали Төлентаев дейтін журналист кісі бар еді. Шығармашылық, өлең, әдебиет, жазу тұрғысынан біраз баулыды. Ал намаз бастап, маңдайды сәждеге қоюымызға себеп болғам – әкем. Әкем Кеңес өкіметінің кезінде намаз оқитын. Қолымнан жетелеп отырып Тараздағы медресеге апарған да өзі. «Қазір оқи алмасаң да, келесі жылы оқып қаларсың» деп сол кез үшін әжептәуір сомаға Құран кітап сатып алып та берген еді. Ол Құран әлі бар. Қазіргі көп жастардың да проблемасы осында ғой. Дінге ден қоя бастағанда өз әкесі немесе әулетіндегі үлкен бір кісі бағыт беріп, жөн сілтеуші бола алмайды. Сосын төңірегіне мойын созып, ақыл айтушы іздеп, интернет-шейхтардың илеуіне түсіп қалады. Ал виртуалды әлемде насихат айтушының түбі белгісіз, кім екені айқын емес. Осы жағдайға ата-аналар қатты назар аударуға тиісті”.

Ал шариғи тұрғыдан келетін болсақ, өз төңірегіңе уағыз айту үшін арнайы бір анықтама қағаз керек емес. Өйткені, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «менен бір аят болса да жеткізіңдер» деген хадисі бар. Екіншіден, Құранда аят бар. Мағынасын айтар болсақ, мүмкіншілігі жеткен жерге дейін уағыз-насихат айту — мұсылман баласының, пайғамбарымыздың үмбетінің сипатынан. Ал дастархан басында айтылған ізгі насихаттар техника дамыған заманда жалпы жұртқа жария боп кетіп жатса, ол бір менің басыма қатысты ғана проблема емес.

Ал, Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабековпен арнайы кездесіп, отырып талқылайтындай ортақ шаруамыз жоқ. Ортақ таныстарымыздың жиын-тойларында кездесіп қалғанда, амандық-саулық сұрасамыз. Ол кісілерді елдің қамында жүрген қазақтың қайраткер ұлдары ретінде құрметтеймін.

– Сіздің айтуыңызша, сәлемдесу деңгейіндегі ғана таныс адамдар сияқтысыздар. Ал интернет сізді «Бекболат Тілеуханның ұстазы» дейді ғой.

– “Әлгінде имам болғаным жайында айттым ғой. Бекболат аға жеңгемізбен отау құрған кезінде некесін қию нәсіп болған еді. Бәлкім, сол құрметтен ұстаз деген сөз шыққан болар. Отбасылық, рухани тақырыптағы уағыздарыма куә болғаны болмаса, ол кісіге жүйелі дәріс берген емеспін. Сондықтан, өзімді ондай қоғам қайраткеріне ұстазбын деп айта алмаймын. Осы тақылеттес уағыздарымды сүйсініп тыңдағаннан маған шәкірт болатын болса, Құдайы тамақта, умрада жиі кездесіп жүрген Мұхтар Шаханов, Жүрсін Ерман, Талғат Мұсабаев ағаларымыз да менің шәкіртім боп шығар еді, – дейді ол.

Жіберіп алмаңыз:

Серік Аббас-шах: Бекболат ваххабизмді насихаттап, қазақтың басын қатырды (видео)

Бейбіт Сарыбай: Бекболат Тілеуханға арашашы, адвокат болмай-ақ қойыңыздар

Тілеухан: Ақтөбедегі оқиғаның дінге ешқандай қатысы жоқ

Актер: Бекең депутаттық мандаты біткен соң қазағымен қайта қауышады

Бекболат Тілеуханов: Таңдауымды түсінші, асыл алашым

 

 

Талқылау