Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жөтелді өз бетіңізше емдеуге болмайтын жағдайлар

Дәрігер Комаровский тамаша мақала жазып, әбден жарнамаланған дәрі-дәрмектердің бізге керек дәрі болмауы мүмкін екені жайлы сөз етті. Әсіресе, ол балалар денсаулығына қатысты болса, аса қауіпті.

Жөтелді өз бетіңізше емдеуге болмайтын жағдайлар

Stan.kz cіздерге зор денсаулық тілей отырып, назарларыңызға аталған мақаланы ұсынады.

Әдетте тұмауратып, ем іздеген кезде дәрігерге жүгінудің орнына дәріханаға беттейтініміз өтірік емес. Бірнеше қорап дәрі (не керегін теледидардағы жарнамалар арқылы жақсы білеміз) алып, өз-өзімізді емдеуге кірісеміз.

— Бір сағат бойы теледидар қосулы тұрған бөлмеде болдым. Бір сағат ішінде өндірушілер жөтел пайда болған сәтте-ақ қабылдауға кеңес беретін дәрі-дәрмектер жарнамасын 8 рет көрдім. Бұл өтірікті қайталай естуге жүйкем шыдамайды. Адамдар, назар аударыңыздар!

1. Жарнамаланған «жөтелге қарсы» дәрілердің көбі – муколитиктер мен қақырық түсіргіштер

Жарнамаланатын «жөтелге қарсы» дәрілердің басым көбі – бұл қақырық түсіретін дәрілер және муколитиктер. Муколитиктер – қақырық көлемін арттырып, оны сұйылтып, аққыш ететін, түсуін жеңілдететін дәрі.

2. Олардың қажет болмауы да мүмкін

Мұрыныңыздан су ағып, жөтел мен дене қызуы пайда болатын жағдайлардың көбі – ринит, көмей қабынуы, жұтқыншақ қабынуы сынды жоғары тыныс жолдарының аурулары. Қақырық түсіретін дәрілер қақырық көлемін арттырады. Сіз тұмауратсаңыз немесе тамағыңыз ауырса, онда өкпедегі қақырық көлемін ұлғайтудың не керегі бар? Не үшін? Себебі ол жөнінде теледидарда айтқан.

3. Қақырық түсіретін құралдарды дәрігер тағайындауы тиіс

Қақырық түсіретін дәрілер кейде (сирек деуге болады) бронх қабынуы, өкпе қабынуы тәрізді төменгі тыныс жолдарының кейбір ауруларында қажет. Бронх қабынуы мен өкпе қабынуын теледидар алдынан шықпайтын адамдар емес, дәрігерлер емдейді.

4. Олар жөтелді баспайды, керісінше күшейте түседі

Қақырық түсіретін дәрілер жөтелді баспайды, керісінше қақырық түсуін белсендіріп, жөтелді күшейтеді. Бірақ организмде сұйықтық жетіспеушілігінде немесе бөлмедегі ауа құрғақ болғанда қақырық түсіретін дәрілер ешқандай әсер бермейді: жөтелді күшейтеді, бірақ жағдайыңызды жеңілдетпейді. Ал егер сұйықтықты көп ішсеңіз,бөлме ауасы таза, салқын, ылғал болса, қақырық түсіретін дәрілердің керегі де жоқ: мұндай жағдайда қақырық жабысқақ болмайды және дәрілердің көмегінсіз-ақ жеңіл түседі.  Осыған байланысты біздің медицианлық оқулыққа тиесілі болмаса да, аса танымал тіркес таңданыс тудырмайды: «көп сұйықтық ішумен салыстырғанда, қақырық түсіретін дәрілердің әсері дәлелденбеген».

5. Муколитиктер мен қақырық түсіргіштер балаларда аурудың асқынуына алып келуі мүмкін

Ересектерге қарағанда балалардағы жөтел әлдеқайда әлсіз. Көп жағдайда қақырық түсіретін дәрілерді қабылдағаннан кейін, өкпеде көлемі ұлғайған қақырықты шығару балаға қиынға соғады. Ол төменгі тыныс жолдарында жиналады, және ол – бронх қабынуы мен өкпе қабынуының негізгі себебі. Муколитиктер беріп, жылы әрі құрғақ бөлмеде баланы ұйқыға жатқызу (ондай бөлмелер бізде 90%) – ауруды асқындырудың ең қарапайым жолы. Ал егер оған қосымша мұрын бітеліп, дене қызуы көтерілсе, бір аптада емделетін тұмауды айлап емдейтін пневмонияға айналдыру мүмкіндігі жоғары. Көп елде муколитиктерді 5 жасқа толмаған балаларға беруге болмайтыны жайлы кеңес етілуі таңданыс тудырмайды. Ал 2 жасқа толмаған балаға беру – бұл мүлдем қылмыс. Десе де біздің жолымыз болды! Бізде муколитиктерді дәрігердің тағайындауынсыз-ақ бәріне беруге, теледидардан жарнамалауға болады.

6. Түсінбегендер үшін тағы қайталаймын: теледидар миыңызды алмастырмауы керек

Бұл қағида – саясатта да, жөтелде де маңызды. Дәрігердің тағайындауынсыз қақырық түсіретін дәрілер сатып алмаңыз. Егер дәрігер 5 жасқа толмаған балаға қақырық түсіретін дәрі қабылдауға кеңес берсе, басқа дәрігер іздеңіз. Егер балаңыз 2 жасқа толмаған болса, жылдам басқа дәрігер іздеуге кірісіңіз.

Жөтелді қалай жеңілдетуге болады:

  • Жылы киініңіз.
  • Бөлмедегі ауаның таза, салқын (16–20 °С) әрі құрғақ болмауын (салыстырмалы ылғалдылық — 40–70 %) қадағалаңыз.
  • Мұрынмен тыныстауға тырысыңыз. Ол үшін мұрыныңызды тұз ерітіндісімен шаюыңызға болады. Тіпті болмаса, тамыр тарылтқыш дәрілерді қолданып көріңіз.
  • Сұйықтықты көп ішіңіз.
  • Диагноз қоя білетін адам табыңыз.
  • Теледидарды өшіріңіз.
Талқылау