Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дариға Назарбаева отандық медицинаның кемшіліктерін атады

Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан енді медициналық анықтама да алуға болады. Жаңа бастама алғашқыда Астана мен Алматыда жүзеге аспақшы. Денсаулық сақтау министрлігі ұзын-сонар кезекті жою үшін жұртты бұдан былай медбақылаудан үшке бөліп өткізбек,-деп хабарлайды КТК арнасы.

c598e437afab0b610ea23b19556ce5f6

Дәрігерлер балаларды мектеп қабырғасында тексереді. Диспансерлік тіркеуде тұрған науқастар өз алдына бөлек қаралады. Ал, жұмысқа немесе оқу орнына қажетті медициналық анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталықтары беруі керек. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі мектеп медицинасын да өз қарамағына алмақ.

Денсаулық сақтау министрі медицина мен әлеуметтік саланың соңғы жетістіктері қойылған көрмені қонақтарға өзі таныстырмақ болып еді, техниканың тілін таппағандай. Сондықтан Тамара Дүйсенова тізгінді қарамағындағыларға беріп, алақанмен басқарылатын мына интерактивті тақтаны вице-премьермен бірге қарап шықты.

Денсаулық сақтау министрлігі емханалардағы анықтама үшін ұзын-сонар кезекті жоюдың да жолын тауыпты. Енді жұрт медбақылаудан үшке бөлініп өтеді. Яғни, дәрігерлер балалрды мектеп қабырғасында тексереді. Ал диспансерлік тіркеуде тұрғандарға бөлек уақыт бөлсе, жұмысқа орналасу үшін құжат жинап жүргендер емханаға емес, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып-ақ анықтама ала алады.

“Жұмысқа тұратын немесе оқуға барамыз деген азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына барып жазылдаы. Дәрігердің уақытын белгілеп алады. Сонда азаннан кешке дейін кезекте тұрудың қажеті жоқ. Өтіп болғаннан кейін егерде ол мекеменің ақпараттық базасы болатын болса, орталықтан анықтаманы алып кетеді”,- дейді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Медициналық анықтама алғашқыда Астана мен Алматыдағы орталықтарда берілмек. Қызметтің жаңа түрі кейін өзге өңірлерге де тарайды. Сондай-ақ, Дүйсенова мектептегі медицинаны да өз қарамағына алыпты. Енді балалардың ауру-сырқауына тікелей Денсаулық сақтау министрлігі жауапты.

“Каникул кезінде емдеу мәселесі, ол біздің емханаларда, лагерлерде, санаторий, курортта жасауы мүмкін. Емхана, ауруханаларда емдеуі мүмкін. Соның бәрін жоспарлау керек”,- деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Екі сағат бойы дәрігерлердің жетістігін талмай тыңдаған вице-премьер болса, денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді тізіп отыр екен. Дариға Назарбаева жергілікті медициналық мекемелер тегін таратылуы тиіс дәрілерді науқастарға сататынын айтып, бұны дереу тоқтатуды талап етті.

“Жергілікті ауруханалар тегін медициналық қызмет үшін мемлекет ақшасына алынған дәрілердің үстіне 25 пайыз қосып, науқастарға сатады. Оған «СК-Фармацияның» 7 пайызын қосыңыз. Сондықтан, дәрі-дәрмектің бағасы шарықтап шыға келеді. Бұны шұғыл тоқтау керек”,- дейді ҚР премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева.

Енді жақын күндері дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз шарықтатқандарға қарсы тексеру жүруі мүмкін. Өйткені, Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі аурухана мен емханаларды жаппай қайта аккредитациядан өткізбек. Бұл жолы дәрігерлердің біліктілігінен бастап, әр медициналық мекеменің құрал-жабдығы жіті тексеріледі. Сөйтіп, медициналық мекемелер үш категорияға топтастырылмақ. Науқастар әр емхананың деңгейіне қарай өздері таңдау жасайды.

Талқылау