Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Данияр Елеусінов: Олимпиада чемпионы болуды 16 жыл армандадым

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында кеше Данияр Елеусінов Олимпиада чемпионы атанған болатын.

20160819025928

«ҚазАқпарат» тілшісі чемпионымызды арнайы жеңісімен құттықтап, шағын сұхбат алған.

– Жеңісің құтты болсын!

– Рахмет!

– Осы жеңісті неше жыл армандадың?

– Тұп-тура 16 жыл армандадым. 2000 жылы Сидней олимпиадасында Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов ағаларымыз чемпион болғанда мен кішкентай бала болатынмын. Бала болсам да сол ағаларыма қызығып, мен де Олимпиада чемпионы болсам ғой деген тәтті арман пайда болды. Сол арманым өсе келе мені спортқа жетеледі. Міне, бүгін нәтижесін көріп отырсыздар. Адам шынайы армандап, шынайы талпынса бәрі де орындалады екен.

– Олимпиада алтыны қолыңа тиген соң, өткен түні алаңсыз ұйықтаған боларсың?

– Жоқ, керісінше! Жеңісімнен кейін телефонымда маза жоқ. Құттықтаулар үзіліссіз келіп жатыр. Бәрі менің қуанышыма қуанып жатыр ғой. Телефонымды сөндіріп тастап, қалай ұйықтайын? Ешкімнің көңілін қалдырмай, жауап берумен, жауап жазумен болдым.

– Осыған дейін Олимпиададан басқа жүлдедердің барлығына ие болдың. Қоржыныңда тек Олимпиада алтыны ғана жоқ еді. Оған да қолың жетті. Олимпиада алтынының “дәмі” қалай екен? Қалай сезініп жатсың өзіңді?

– Олимпиада алтынының “дәмі” бөлек екен. Мойыныма ілгенде, сүйіп-сүйіп жібердім, тісіме бастым. Шынымен “алтын алдым ба?” деп өзіме іштей күбірледім. Шынымды айтсам, әлі түсім сияқты. Негізі, нағыз “Чемпион” болғанымды елге барғанда бірақ сезінетін шығармын. Қазір ештеңе сезініп жүрген жоқпын. Ертең тағы да жарысқа шығатындай жүрмін.

– Жеңісіңмен бірінші кім құттықтады?

– Қасымда өзі баптап, өзі тәрбиелеген әкем жүр. Менің ең бірінші жеңісімді құттықтайтын да, жеңіліп жатсам жұбататын да осы әкем. Сосын барып анам құттықтайды. Ал биыл әкемнен кейін, анам отбасымызбен құттықтады. Биыл құттықтаушылардың қатары көбейген біздің үйде. Әйелім бар, кішкентай Даниэл деген ұлым бар.  Ол, бұйырса, осы тамыздың 27 күні 1 жасқа толады. Менің осы жеңісім осы отбасыма арналады. Еліме арналады.

– Сендей Олимпиада чемпионын шығарған әкеңе мың алғыс. Енді әкеңе қандай сыйлық жасайсың?

– Мен әкеме қандай сыйлық жасасам да жарасады. Мен осы биікті бағындырғанша қаншама тер төкті, еңбек етті. Әкемнің еңбегін тілмен айтып жеткізу қиын. Бұрындары әкеме мен “елдің баласында андай бар екен, мындай бар екен” деп маған да алып берші деп еркелеуші едім. Тіпті, көлік әперіңіз деген кезім де болды. Бірақ, әкем қолымнан ештеңе қағып көрмеді. Елден кем қылмай өсірді. Енді мен әкемді бағатын жасқа жеттім. Енді әкем “елдің әкелерінде андай бар екен, мындай бар екен. Оны балалары алып беріпті” деп менен нені қаласа, мен соны әкеме әперетін боламын.

– Қазір өзің отау құрдың. Ата-анаңмен бірге тұрасың ба, әлде бөлек тұрасың ба?

– Мен бас құрғалы бір жыл болды. Әке-шешем бәріміз бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз.

– Алдағы уақытта да бірге тұрасың ба, әлде бөлек отау болып отырғың келе ме?

– Жоқ, ата-анамнан бөлек кетпеймін. Қазақта “қара шаңырақ” деген болады. Мен – біздің үйдің кенжесімін.  Сондықтан қара шаңырақта отырып, әке-шешемнің қаратұяқтарынан хал кеткенше бағамын.

– Енді алда қандай жоспарларың бар?

– Осыған дейін, тек Олимпиада деп келдік. Ұтсақ екен дедік, ұттық. Ендігі жоспарды, елге аман-есен жеткен соң барып жасайтын боламыз.

– Бүгін, ертең елге кетуге асығып жатқан жоқсың ба?

– Әрине, асығасың! Себебі, ол жақта менің ең басты байлығым отбасым бар. Анам, жан жарым, бауыр етім балам күтіп отыр. Оларға жетуге қалай асықпайсың? Алайда, бірге келген әріптестерімді тастап кетуге тағы қимаймын. Сол үшін бірге келдім, бірге кетем деп шештім.

– Әңгімеңе көп рахмет! Жеңісті қуаныштарың ұзағынан сүйіндірсін…

 

Жіберіп алмаңыз: 

Боксшы Әділбек Ниязымбетов олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды

Гюзель Манюрова Қазақстан қоржынына бесінші күміс жүлдені салды

Балуан Екатерина Ларионова олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды (фото)

Егор Мехонцов: Әділбекті ұтқан кубалықтың өнері бокс емес порнография

Талқылау