Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дана Нұржігіт эфирдегі қателігінің соншалықты шошитындай емес екендігін айтты

Бағдарлама жүргізу кезінде қателесіп, бас дауға қалған Дана Нұржігіт сұхбат берді.

ecd30c2a578af1ee2b486cfa8cde1443

Бұл туралы Ұлан газеті хабарлайды.

Несін жасырайық, жақсыларымыз сəл мүлт кетсе, қаралауға дайын тұрамыз. Жақсы көрген адамдарымыздан тек биіктікті талап етер қасиетіміз-ай дерсің. Даудың басы «Дара жолдан» басталды. Ұлттық арнадағы бұл бағдарламаны белгілі журналист Дана Нұржігіт жүргізеді. Эфирге жол тартқанына аз уақыт болса да, сынға ұшырап үлгерді. «Сенбілік кездесудің» көшірмесі деді бірі. Енді бір көрермендер Мұқағалидың өлеңін Фаризанікі деп мүлт кеткен жүргізушіні əлеуметтік желіде айыптады. Бұл жайт Елена Əбдіхалықова туралы хабарда болған-ды. Дана əпкеміз білместігімен қателеспеді, ол белгілі ғой. Жаңылмайтын жақ бар ма?! Жиырма жыл эфирде жүрген журналистің қатесі, əлбетте, көзге бірден түсті. Тыңдап отырған қырағы көрермен автоматты түрде дұрыс нұсқасымен қабылдайтыны анық. Көпшілігіміз солай дестік те, қойдық. Алайда…

Бірнеше күннен соң, жұмыс орайымен Дана əпкемізге телефон соққанбыз. «Ауырып қалдым» деді. Астананың суығынан салқын тигізіп алған болар деп ойладық. Жоқ. Бір ауыз сөзден жаңылғанын «жыр қылғандардың» сөзі жанын жауратыпты. «Ой, əпке, ондай-ондайға мəн бермейтіндей жасқа жеттіңіз ғой, ауыруды тоқтатыңыз» деп əзілдеп, əңгімеге тарттық. Əңгімеміз журналистикаға қатысты ойдан басталды.

Дана Нұржігіт: Тележурналистика – өмірдің айнасы. Кейбір танымал журналистердің негізгі мамандығы басқа сала екенін білеміз. Мысалы, Владимир Познер – биолог, Акрам Хузам дейтін танымал журналист – театр режиссері. Менің мамандығым – музыкант. Ал қазір əлеуметтік желідегі жазбаларды көріп отырсаң, бəрі журналистиканың бір-бір төресі ме деп қаласың. Айналдырған бір сөйлемінің өзінің бас-аяғын ретсіз жазып жатса да, біз сол блогерлерге назар аударамыз. Неге? Мүмкін, ол расымен де адамның өзінің ішкі қажеттілігінен, соған құштарлығынан туатын шығар. Менің журналистикаға барам дегеніме ата-анам қарсы болған. Бірақ, өзім бала кезімнен əдебиетке жақын болдым. Музыканы өз еркіммен таңдаған жоқпын, ата-анамның қалауы солай болды. Алайда, мен енді сол үшін əке-шешеме өмір бойы алғыс айтып келемін. Музыка адамның өресін биіктетеді, жан-жақтылығын, дүниетанымын кеңейтеді. Музыкадағы заңдылықтардың көбі театр, кино, əдебиеттегі заңдылықтармен ұқсас. Кімде-кім өз қалауына ұмтылса, соған жетпей қоймайды.

Мені журналистикаға деген құштарлығым осы күнге жеткізді. Əйтсе де, журналистика факультеті мен үшін алынбас қамалдай боп қалды. Арнайы журфакты бітірмесем де, бұл салада 20 жылғы тəжірибем бар. Жаманды-жақсылы біраз нəрсе жасадым. Журналист болғысы келетін балаларға айтарым: Ең алдымен көрермен мен оқырманыңды ойландыра алатындай, сөзіңді жеткізе алатындай бол. Теория жүзінде меңгерем, журфакта оқимын десеңдер, ол – құптарлық іс. Бірақ, кейде кейіпкермен бетпе-бет келген кезде оқулықтан оқымаған, оқытушың ескертпеген дүниелер де алдыңнан шығуы мүмкін. Сені мамандықтың өзі шыңдайды. Əр кейіпкерің сені өсуге, дамуға жетелейді. Қай ортаға түскеніңе де көп нəрсе байланысты. Сенің əр жетістігіңе қуана білетін əріптестерің, басшыларың болса, ешқашан жерде қалмайсың.

Ұлан: Бір кезде оқушыларға музыкадан дəріс бердіңіз. Ұстаздыққа бет бұру ойыңызда бар ма?

Дана Нұржігіт: Концертмейстер де болдым. Ұстаз да болдым. Ұстаздыққа бет бұру дейсіз бе? Ондай ой бар. Бірақ, ол істі кейіндеу қолға алатын шығармын. Уақыты келгенде музыка мен журналистикадан білгенімді ұштастырамын-ау деген ой көкейде бар. Екі сала да адамның рухани дамуына, өсуіне септігін тигізеді. Кейбір əріптестеріміз түрлі-түрлі орталықтар ашып жатыр ғой. Менен де кейде «сондай орталық ашпайсыз ба?» деп сұрайды. Мен осы күнге дейін жалданып істейтін қызметкермін. Интеллектуалды еңбегіммен өмір сүріп келе жатқан адаммын. Кəсіпкерлікті дөңгелетуге жоқпын-ау.

Ұлан: Ініңіз Рүстем Нұржігіт – елге танымал əнші. Сіз де бала күніңізден əн айтып өстіңіз. Қазіргі атақты əнші Толқын Забировамен мектепте дуэт болып, тіпті, байқауларда топ жарғансыз. Анда-санда Рүстеммен бірге сахнаға шығып тұруды қаламайсыз ба?
Дана Нұржігіт: Кішкене дауысым бар екен деп, əнші болуды ойламаймын. Кейде отырыстарда əн саламын. Арнайы осы өнерге бет бұру мүлде ойда жоқ. Əн айту – үлкен жауапкершілік.

Ұлан: Ініңізді айтып қалдық. Үйдегі балалардың үлкенісіз. Үлкендігіңізді бала кезіңізде қалай көрсетуші едіңіз?
Дана Нұржігіт: Үйдің үлкеніне жауапкершілікті көп артады. Бірақ, менің үйдегі мінезім ауырлау дер едім. Рүстем «жұмсағанды жақсы көресің» деп айтады(күлді). Сол бала аман болсыншы. Екі əпкесінің ортасындағы дəнекер ғой. Əлі күнге жұмсаймын. Бала кезге қатысты бір қызық жайды кейін білдім. Мұрат Əбенов, Илья Ильин бəріміз бір мектептің түлегі екенбіз. Қызылордада №198 мектепте оқығанбыз. Ол дене шынықтыру пəнін тереңдете оқытатын арнайы мектеп екен. Спорттан жұрдаймын мен (күлді). Соған орай Мұрат Əбенов: «Спортқа жарамаған біріміз саясаткер, біріміз журналист болып кеттік. Жарағаны чемпион болды», – деп əзілдейді. Ол жерде тек 1-сыныпты ғана оқыдым. Сосын Алматы іргесіндегі Есік қаласына көшіп кеттік. Ол жақта да бір сынып қана оқыдым да, Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне оқуға түстім. Сол мектептен өнерді ғана емес, адамды тануды да үйрендім. Ол жерде елдің əр өңірінен келген балалар оқиды. Мінез-құлықтарымен ерекшеленеді. Сөйлеу мəнерлері де өзгеше. Сол балалардың бəрі бір үйдің баласындай бауырмал боп өстік. Сіңлім Элиза мен інім Рүстем үшеуміз де осы мектепте қатар оқыдық. Сағынсам, бауырларым əрқашан қасымда болды. Ол күндерден сағына еске алатын достарым бар. Жетісулық Дəметкен деген қыздан Кенен Əзірбаевтың көптеген əндерін, Жамбылдың өлеңдерін үйрендім. Амангүл деген сыныптасым қыстау мен жайлауға барғанын, малдың төлдегенін айтып жүретін. Бұл мектеп – Қазақстанның кішкентай моделіндей. Намысты қолдан бермеуді де осы мектептен үйрендік.

Оқырман сауалына жауап

Ұлан: Вконтакте əлеуметтік желісінде оқырман оқушыларымыз сізге сауалдарын жолдаған екен. Бірнешеуіне жауап берсеңіз. «Соңғы сəтте оқыған авторларыңыз кімдер?» – деп сұрайды Диана Қабдолла.
Дана Нұржігіт: Соңғы кезде поэзияны көп оқимын. Соңғы қолға алғаным – Қадыр Мырза Əлидің кітаптары. Немат Келімбетов ағамыздың соңғы шыққан «Күншілдік» деген кітабынан көп ой түйдім. Осы сəтте «Салт-дəстүр сөйлейді» деген кітапты оқып жатырмын.

Ұлан: «Алғаш рет тікелей эфирге шыққан сəттегі əсеріңіз есіңізде ме?» – дейді Жансая Себепова.
Дана Нұржігіт: Иə, алғашқы тікелей эфирім есімде. 18 ақпан, 1997 жыл болатын. Дайын мəтінді суфлёрдан оқыдым. Эфир барысында өзімді өзім танымадым. Бейне ғарышқа аттанғандай сезімді кештім. Қатты қобалжыдым.

Ұлан: Дина Бөкебай сіңліңіз танымалдылықтың өміріңіздегі əсер-ықпалы туралы сұрапты…
Дана Нұржігіт: Телевидение саласына келген соң, танымал болуың керек. Мен тек танымалдылықты мақсат тұтатын жастан өтіп кеттім. Қазір танымалдылық – мен үшін үлкен жауапкершілік. Бағана эфирдегі қателіктерді айтып кеттік қой. Соншалықты ыршып, шошып кететіндей қателік те емес сол сөздер. Дегенмен, бір сөзден жаңылсаң да, аузыңды бағып отырған халықтың алдында жауаптысың. Демек, олар сенен үлкен биіктікті, біліктілікті күтеді. Тіпті, қарапайым өмірде өзіңді ұстауың, жұртпен қалай сөйлесесің, қалай киінесің – бəрі сын. Дүкенде тұрсаң да, сырт көздің бағып тұрғанын сезіп, шалт қимылдамауға тырысасың.

Ұлан: Аят Асқарбек деген оқырманымыз өкініш пен бақыт туралы сауал қойған екен. Өкінішсіз адам болмайды-ау, бақыттысыз ба?
Дана Нұржігіт: Өкініш бар, əрине. Бақыт деген – қуанышты сəттер. Ондай сəттерді бастан талай өткердім, шүкір. Бірақ, үнемі бақытты боп жүремін деп айта алмаймын. Адам болған соң, бірде мұңаясың, бірде қуанасың.

Мейірімнің бәсі басым…

Ұлан: Жаңа жылды бастағанымызға да көп болған жоқ. Ал былтырғы жылды еске алғанда, қай ісіңіз үшін өзіңізге риза боласыз?
Дана Нұржігіт: Былтыр қарашада ақ қар, көк мұзға қарамастан, Астанаға тəуекел етіп көшіп келгенім үшін өзіме ризамын (күлді).

Ұлан: Журналистік жолыңызда кездескен кейіпкерлер арасында ерекше əсер еткен, ой салған адамдарды айтыңызшы?
Дана Нұржігіт: Жазушы, ғалым Немат Келімбетовпен сұхбатымыз ерекше есімде қалды. Көп ой түйдім.

Ұлан: Орайы келгенде айтайын, əпке. Немат ағамызбен өмірінің соңғы жылында біз де журналистік қызметіміздің арқасында біраз сұхбаттас болған едік. Сонда сіз əзірлеген «Жарқын бейне» бағдарламасы үшін, жалпы кəсібилігіңіз үшін сізге ризашылығын айтып жүргеніне куəмін.
Дана Нұржігіт: Е, айналайын. Ол кісі бір сөзінде «Білім емес, мейірімнің бəсі басым» деген еді. «Білім мейіріммен нұрланбаса, не қажеті бар?» деген сөзі өмірлік ұстанымыма айналды. Сосын ерекше əсер еткен адамның бірі – Илья Ильин. Отызға жасы толмаған жас жігіттің сондай жетістіктеріне қалай тəнті болмайсың?! Ұлық болса да, кішік осындай азаматтарға қалай риза болмайсың?!

Сұхбаттасқан Қарлығаш Досанова

Талқылау