Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дана Нұржігіт: Ерболат өзін сынағандарға жұдырық ала жүгірсе де түсінемін

Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт көптің сынына ұшыраған Ninety one тобын жақтап сөйледі.

новый коллаж

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Тұсауы 2015 жылдың желтоқсан айында кесілген Ninety one тобы киіну стильдеріне байланысты көптің сынына ұшыраған болатын. Мұнымен қатар, аталған топтың жақтаушылары да жоқ емес. Осы топқа қатысты елімізге танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт өз пікірімен бөлісті.

“Он жылдан астам таңдаған жолынан жаңылмай, табанды еңбек етіп, бір күн – көл, бір күн – шөл болатын нәсібін бүкіл тобына жұмсап жүрген Ерболатқа орнымнан тұрып қол соғам. Оған да кезінде қанша адам лап беріп, “мына істеп жүргенің қате” деген еді. Ол өзінің мақсатынан бас тартқан жоқ. Біржақты қыңырлық, стереотиптік сана-дамудың жолы емес. Әсіресе өнерде! Зайытовтың “91” тобының сырт келбетін сынап, тіл тигізіп, “жиіркенемін” деген ауыр сөзін сабырлықпен тыңдап, жұдырық ала жүгірмей (оны істесе де түсінер едім) миығынан ғана күліп қойып эмоцияға, ашуға жол бермей жауап беріп отырған Ерболат мен үшін оппонентінен әлдеқайда жоғары, мәдениетті. Ол қоластындағы топты осылайша спарингке шығарып алды. Мұздай душтың астына тұрғызды. Сынады. “Шыдайсың ба менімен достасуға, Жалаң аяқ су кешіп, тас тасуға” деп”, – Дана Нұржігіт әншінің Мұқағали ақынша серіктестеріне сұрақты төтесінен қойғанына қайран қалды.

Тележүргізуші аталған топтың сырт келбеті жасанды болса да, мұның барлығы уақытша екенін, ең бастысы, олар ішімдік пен есірткіге салынбай өз жолын іздеп келетінін айтады. Мұнымен қатар, конформистердің “мен сияқты костюм шалбар кимейсің бе, шашты дұрыстап қысқартпайсың ба?” сынды пікірін қаз-қаз тұрып келе жатқан балаға “неге жүгіріп кетпейсің?” дегенмен бірдей екенін атап өтті.

“Конформистер қашан да болған, бола да береді. Оларды тыңдасақ, елден ерек, алыстан асау мінезін білдіретін ұзын шаш қойған әнші, ақындарымыз – Батырxан, Жарасқандар, Қадірлар қайда бізге? Конформистерді тыңдасақ, сыған қызы Карменді операның бас кейіпкері етіп, көрерменнің ызасын тудырған Бизе тумас еді. “Жалаң аяқ сығанның сайқалын операға арқау еткен дарынсыз” деген жаман атқа қалған Бизе бүгін ел ауызындағы классик. “Арайдан” кетіп, “Алма-Ата студио” болған Серкебаев Байғалидің өзі мұндайды бастан өткерген. АХБК сарайының концерт залындағы алғашқы премьерасынан xалық тұрып-тұрып кетіп қалған. Түсінбеген. Шашы жалбыраған жігіттер, майкішең тұрып ән салған Батырxанды біреу еске алса, сол біздер. Біздің ұрпақ. Айта берсе көп қой. Өнерде ұқсастықтан жаманы жоқ! Сынасақ “жиіркенемін” деген адами намысқа тиетін, көшедегі бетжыртыстың лексиконына сүйеніп емес, конструктивті, мәдениеттану деген ғылымға жүгініп отырып дәйекті дәлел келтіріп отырып сынайық!” – деп аталған топқа айып тағушыларға сынды мақтамен бауыздағандай етіп айтуға кеңес берді.

Естеріңізге сала кетсек, Дана Нұржігіттің қазақ қыздарынан өз қателігін қайталамауды сұрағаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Талқылау