Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүйрегін «тірі сумен» тазартпақ болған: Қызылордада 5 баланың анасы қайтыс болды

Қызыордада 5 баланың анасы интернет желісінде кеңінен жарнамаланып жатқан бүйректі тазарту процедурасын жасатпақ болып, жекеменшік клиникалардың біріне барыпты. Алайда дәрігерлер дәрі-дәрмектің орнына «тірі су» ұсынған.

Бүйрегін «тірі сумен» тазарпақ болған: Қызылордада 5 баланың анасы қайтыс болды

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қызылордадағы жекеменшік клиниканың дәрігерлері пациенттеріне «тірі сумен» ем жүргізуді ұсынған. Әпкелі-сіңлілі Ибрагимовалар мұндай процедураның ерекшелігіне сеніп, аталған ем түрі арқылы бүйрегін артық заттардан тазаламақ болыпты. Бұл орайда оларға дәрігерлер бүйректі тазарту жөнінде нақты нұсқау бермеген. Алайда мұның арты қайғылы жағдайға ұласты.

«Барлық пациенттерге осындай стандартты ем тағайындаған. Жекеменшік клиниканың дәрігерлері бір апта аш жүріңдер деді. Оларда йод қосылған су бар. Олардың емі бойынша, күніне жарты литр су ішу керек. Тамақ жеуге болмайды. Соған сеніп, осылай емделе бастаған», – дейді марқұмның әпкесі Дамира Ибрагимова.

Мұнан кейін әпкелі-сіңлілердің бірінің жағдайы нашарлай бастаған. Үнемі ауырып, құса беріпті. Оның мұндай жағдайына алаңдаған туыстары үйге дәрігер шақыртады. Ал үйге келген жекменшік клиниканың дәрігері бәрі дұрыс екенін айтып сендірген. Ертесі күні науқастың жағдайы мүлдем нашарлап кетіпті. Оның өмірі үшін облыстық медициналық орталықтың хирургтері күресті.

«Ота кезінде науқастың аш ішегінде қан ұйығаны анықталды. Ішіне дренаж қойылды. Ол жан сақтау бөлімінде жатқанда жағдайын бақыладық. Жағдайы жақсармады. Қолымыздан келгенін жасадық. Алайда оны бізге кеш жеткізген», – дейді облыстық медициналық орталықтың хирургия бөлімінің меңгерушісі Бекет Мантаев.

Ал Ибрагимова ем қабылдаған жекеменшік клиниканың дәрігерлері пациенттің өзі кінәлі екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, пациент тамақтану тәртібін бұзған болуы мүмкін.

«14 күнге дейін жағдайы жақсы болды. Өздері келіп-кетіп жүрді. Тамақтану тәртібін бұзған болуы мүмкін. Біз оны хирургке тексеруге жібердік. УДЗ-ның қорытындысында алдын ала диагнозы ішектік қимыл бітелісі екені көрсетілген», – дейді жекеменшік клиниканың директоры Раушан Базарбай.

Ішкі ағзаларды тазалау процедурасына көптеген дәрігер күмәнмен қарайды. Кейбірі оны қолдап та жатады. Алайда бұл ем түрі ел арасында танымал. Сондықтан медициналық қызметтер нарығында ұсыныс та көп.

«Медицинадаа ағзаны тазалау деген термин жоқ. Бұл кәстрөлді жуа салу сияқты емес қой. Бұл дұрыс емес. Организмге зиян келтіру мүмкін. Бастапқыда тексеруден өту керек. Мамандармен кеңесу керек. Артынша денсаулығындағы проблема анықталғаннан кейін, емге кіріскен жөн», – дейді профессор, гастроэнтеролог Күлпаш Қалиасқарова.

Марқұмның артында 5 баласы қалған. Олардың екеуі әлі кішкентай.

«Ол үнемі күліп жүретін. Тек жақсылыққа сенуге үйрететін. 14 күннің ішінде одан айырылып қалдым. Балаларыма анасы жоқ екенін қалай айтамын?» – дейді марқұмның күйеуі Талғат Қоянбаев.

«Ол әлі жас еді. Өмірімнің соңына дейін оны жоқтап өтемін», – деп көзіне жас алды марқұмның әкесі Өмірзақ Ибрагимов.

Тәуелсіз сараптама Ибрагимованы аман алып қалуға мүмкіндік болғанын көрсеткен. Ендігі оның туыстары әділеттілікке қол жеткізгісі келеді. Марқұмды қайтару мүмкін болмағанымен, басқа адамдардың өмірін құтқаруға болады, дейді туыстары.

Ендігі бұл іспен құзырлы органдар айналысатын болады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау