Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүлікшілер тізімінде аты аталған ағалы-інілі Қожаниязовтар облыстық ІІД-ні сотқа берді

Ақтөбелік ағалы-інілі  Қожаниязовтардың есімдері бүлікшілер тізіміне тіркеліп кеткен. Олардың бірі іздеудегі трроршы делінсе, екіншісі «өлтірілгендердің» қатарында деп көрсетілген,-деп жазады  Ақтөбетаймс басылымы.

қожаниязов

Қожаниязовтар бүлікшілердің тізімінде аттары аталғандықтан  облыста түрлі кедергілерге тап болып жатыр екен. Өздерінің ешқандай да террорлық шабуылдаулар мен ұйымдарға қатысы жоқ екенін ауызша айтып ақталудан шаршапты. Енді облыстық Ішкі істер департаментін сотқа беріп,  моральдық өтемақы есебінде 10 миллион теңге мен  бүлікші емес екендерін дәлелдейтін мөр басылған құжат талап етпекші.

ниязов

Қара жейдедегі Самат Қожаниязов, сұр жейдедегі  Санат Қожаниязов. Сурет: Today.kz

Олар өздерінің «бұлікке қатысы барын» әлеуметтік желі арқылы білген. Онда олардың есімдері мен тегі, тұратын жайы, жасы, туған күніне дейін сәйкес болып шыққан.

«Біз екі ай бойы Ақтөбе облыстық ІІД бізден кешірім сұрайтын шығар деп күттік. Осы мәселе бойынша ағам екеумізге ешкім де келген жоқ. 64 жастағы анамыз бар. Ол кісі біздің есімімізді бүлікшілер тізімінен көріп, қайғыдан көзі көрмей қалды. Мен осы жалған айыптың кесірінен анаммен бірге оны Уфаға емдетуге де бара алмадым. Анам құдасымен барып қайтты. Енді анамды Қытайға алып барып емдету керек. Мен мына жаланың кесірінен тағы да шекара асып шыға алмайтын сияқтымын. Неге Ішкі істер департаментінің қателігінен біздер қиындық пен кедергіге тап болуымыз керек?

Осы мәселені ойлай беріп өзімнің де жүйкем тозды. Уайымнан жүрегім сыр бере бастады. Соңғы кездері дәрінің күшімен жүрмін»,-дейді  Самат Қожаниязов.

Самат Қожаниязов қызы төлқұжат алуға барған кезде оған «Әкең құтылды ма?» деп сұрақ қойылғанын айтып күйінеді. Саматтың ұлы Көкшетауда әскерде екен. Тіпті осы жалған жаланың кесірі  баласына тиіп кетеді ме деп те алаңдайды екен әке.

Ал кіші Қожаниязов «өлтірілген» терроршылар тізіміне кіріп кеткен.

«Інім Қазпоштаға әкеміздің акциялары бойынша жұмыспен барған. Ондағылар оған қаржыны беруден бас татты. Тіпті оның терроршылар тізімінде екенін айтып, құзырлы органға арнайы сауал жолдапты»,-дейді  Самат Қожаниязов.

Ағалы-інілі  Қожаниязовтар осындай кедергілерден құтылу үшін ІІД-ден бүлікші емес екендіктерін растайтын, ол тізімге  кездейсоқ ілініп кеткендері жазылған арнайы мөрі бар құжат талап етіп отыр.

 

 

Талқылау