Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі “Оскар” салтанатты кеші қарсаңында қарсылық акциялары өткізілмек

Бүгін Лос-Анджелесте “Оскар” сыйлығын табыстау салтанаты өткізіледі. Өткен жылғы кештеріне қарағанда, биылғы “Оскар” интригаға толы болатын секілді.

00

Сурет loveopium.ru

Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.

Биылғы “Оскар” төңірегінде екі негізгі дау пайда болып тұр. Мұның бірі, Иньяраттудың “Жанкешті” картинасы қандай номинация бойынша бәйге алуы мүмкін деген сауал болса, екіншісі нәсілшілдікке қатысты туындаған шу төңірегінде. Әлеуметтік желі қолданушылары биылғы “Оскар” номинанттарының барлығы дерлік “ақтар” екеніне таңданыс білдіруде. Өйткені, биылғы үміткерлер қатарында бір де бір қара нәсілді актер жоқ.

Киноакадемия мүшелеріне қатысты наразылығын қара нәсілді режиссер Спайк Ли білдірген болатын. Ал актер Уилл Смит келіншегімен бірге бүгінгі кешке байкот жариялаған. Салтанатты табыстау кешінің қызыл кілемнен жүріп өту салтанатына санаулы сағаттар қалғанда АҚШ-тың бірнеше қаласында арнайы шеру өткізіледі. Шеруге шыққан адамдар салтанатты кешті тамашаламауға және жарнама берушілерді киноакадемиямен серіктес болмауға шақырады.

Кешті осымен екінші рет афроамерикандық актер Крис Рок жүргізеді. Ол биылғы “Оскар” салтанатына қатысты ешқандай қарсылық танытпаған.

0842bdd7-e96f-457a-9962-48b7cd721c43

Сурет kanobu.ru

“Оскар” киноакадемиясының “үздік фильм” аталымына сегіз картина үміткер: Адам Маккейннің “Әлсіз ойыны”, Стивен Спилбергтің “Шпион көпірі”, Джон Кроулидің “Бруклині”, Джон Миллердің “Ақылсыз Максы”, британдық Ридли Скоттың “Марсиандық”, мексикалық режиссер Алехандро Гонсалес Иньяраттудың “Жанкештісі”, Леонардо Абрахамсонның “Бөлмесі” және Том Маккартидің “Басты назарда” кинолары бас жүлдеге таласады. Осы режиссерлердің ішінде Спилберг, Скотт және Кроулиден басқалары “Үздік режиссура” аталымында да сынға түседі.

Көрермендердің қызығушылығын тудыратын негізгі номинация – “үздік ер адам рөлі” болса керек. Бұл аталымдағы негізгі үміткер “Жанкешті” фильмі арқылы көпшілік жүрегін баураған Леонардо Ди Каприо. Актер осыған дейін бес мәрте “Оскарға” номинаттар қатарында болғанына қарамастан, бір де бір рет жүлдеге ілінбепті.

di

Сурет ntv.ru

Ди Каприоға осы жолы Брайан Крэнстон (Трамбо), Мэтт Деймон (Марсиандық), Майкл Фассбендер (Джобс), Эдди Редмейн (Даниялық қыз) бәсекелес болмақ.

Ал “үздік актриса” аталымында Кейт Бланшетт (Кэрол), Бри Ларсон (Бөлме), Дженнифер Лоуренс (Джой), Шарлота Ремплинг (Қырық бес жыл) және Сирша Ронан (Бруклин) сынды үміткерлер сынға түседі. Бұл аталымның басты үміткерлері ретінде Ларсон мен Ронанның есімдері жиі аталуда. Дегенмен, мамандар киноакадемия жасы 70-ке таяған Ремплингі марапаттап жіберуі де мүмкін деп топшылайды.

“Оскар” салтанатты табыстау рәсімі Лос-Анджелестегі Dolby театры сахнасында өтеді. Кеш үш сағаттан астам уақытқа созылады деп болжануда.

Талқылау