Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл сұмдық, даусының өзі қатты шықты": Елордада бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрған әйел қаза тапты

Елордада бағдаршамның жасыл түсінің жануын күтіп тұрған әйел қаза тапты. Көше қиылысында бұрылыс жасамақ болған кроссовердің жүргізушісі жеңіл көлікпен соқтығысып, жаяу жүргіншілерді таптап өткен. Салдарынан бес бірдей адам көлік астында қалып қойып, 52-дегі келіншек сол жерде жан тапсырды. Ал автокөліктердің бірі дүңгіршекке кіріп кетіп, сатушы түрлі дене жарақатын алды. 

«Жігіт қатты жылдамдықпен дүңгіршекке соғылды. Айта алмаймын, денем түршігіп кетеді. Көп адам болды. Әйелдер де қашып үлгерді. Сұмдық. Тура маған ұшып келе жатты. Бірнеше секунд қалғанда әрең қашып үлгердім», - дейді куәгерлердің бірі. 

Жол апаты жексенбі күні түскі сағат 12-лер шамасында Абылайхан даңғылы мен Манас көшесінің қиылысында болған. Екі көлік бір-бірімен түйісіп, қатты соққыдан көліктердің бірі әйелді қағып кеткен. Жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Бұдан бөлек, екі ер адам мен екі әйел зардап шеккен. Көліктердің  бірі дүңгіршекке кіріп кетіпті. Қазір оның тек қана орны қалды, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".

«Ниссан көлігі Абылайханмен Қазақстанға қарай кетіп бара жатты. Ана жақтан тағы бір көлік бері қарай келе жатты да, Ниссан бұрылмақ болған кезде ананы келіп соқты. Ол көлік дүңгіршектің алдында тұрған адамдарға соқты. Бір ер адамды әкетті, бір әйел қайтыс болды. Негізі, жедел жәрдем келгенде демалып жатқан», - дейді куәгерлердің бірі. 

«Көлік дүңгіршектің ішіне кіріп кеткен. Сондай қатты жылдамдықпен келіп соқты. Бұл сұмдық. Даусының өзі қатты шықты», - дейді тағы бір куәгер.

Сұмдық соққыдан жаяу жүргіншілер жан-жаққа ұшып кеткен. Өкінішке орай, 52 жастағы әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмып, 4 адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Кейінірек тағыи бір адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, бәрі үйлеріне қайтарылған. 

Полицейлер жол апатының жай-жапсарын анықтап жатыр.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Осы сараптаманың нәтижесі бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады», - дейді қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова. 

Талқылау