Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ асханасы БҰҰ өкілдерін таңқалдырды

БҰҰ-ның штаб-пәтерінде алғаш рет қазақ асханасының апталығы өтіп жатыр. Астанадан ат терлетіп барған арнайы 5 аспаз Нью-Йорк тұрғындарын таңдай қақтырды.

b7c2de1d87ccc85fbce473cae45f31bc

Сурет ustinka.kz

Бұл туралы 24.kz сайты хабарлайды.

Олар күн сайын халықаралық ұйымның мыңдаған қызметкері мен 100 елден келген делегаттарға түрлі дәм ұсынды. Қазақ аспаздарының БҰҰ штаб-пәтеріне келгені жөніндегі ақпарат тез тарады. Қызығушылық танытқандар әр күнге белгіленген ас мәзірімен танысты. Ұлттық тағамдарымыздан дәм татуға асыққандардың қарасы қалың. Мұхит асып жеткен қазақстандық аспаздарға көрсетілген құрметте шек болмады.

“Бұл – қазақтың керемет ұлттық тағамдарын көрсетуге таптырмайтын мүмкіндік. Дәмі тіл үйіреді екен. Қазақстанға саяхаттап келгенмен бірдей сезімде болдық. Білесіз бе, табиғи өнімнен жасалғаны мені таңқалдырды. Біз таңғажайып елдің тамаша таныстыру рәсіміне куә болдық”, – дейді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Кристина Гайяк.

“Бекіре балығы мен қой етінің дәмін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тәттілердің дәмі қандай десеңізші. Маған бәрі ұнады. Қазақстандық тіскебасарлар көпшіліктің көңілінен шықты”, – дейді БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Могенс Люккетофт.

Жент, қоспа, ірімшік пен құрттан алғаш рет дәм татқандар таңданысын жасыра алмады. Ұлттық тағамдар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің өкілдерін де бей-жай қалдырмады.

“Қазақ асханасының кереметтігіне көзім жетті. Меніңше, қазақстандық достарымыз тек асхана ісінде емес, саяси және дипломатиялық салада да шеберлік танытты. Олай деуіме БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелегіне сайланатын кампания өкілдері жақсы жұмыс істеп жатыр. Бұл жетістік деп білемін”, – дейді БҰҰ жанындағы Ресей Федерациясының тұрақты өкілі Виталий Чуркин.

Халықаралық ұйымның штаб-пәтеріндегі қазақ асханасының фестивалі осы аптаның соңына дейін жалғасады. Осы аралықта БҰҰ-ның ғимаратындағы мейрамханада ұлттық тағамдарымыз қолжетімді бағамен сатылады. Бұдан бөлек отандастарымыз қазақ асханасының қыр-сырымен бөлісіп, шеберлік сағаттарын өткізбек.

Талқылау