Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы дене шынықтыру мұғалімі – олимпиада жүлдегері

Рио олимпиадасында еркін күрестен қола жүлде алған 22 жастағы балуан Екатерина Ларионова – қарапайым отбасынан шыққан спортшы. Ол Оралдағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берген.

12744527

Фото: rsport.ru

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Екатерина Ларионова Қазақстанның еркін күрес құрамасына екі жыл бұрын ғана қабылданған. Оған дейін ол жастар арасындағы жарыстарға қатысып, барлығында жүлде алды. Жастар арасында бір мәрте әлем чемпионы (2011), үш дүркін Азия чемпионы (2010, 2011, 2013) атанды. Ал 2013 жылы Будапеште (Венгрия) өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль иеленген.

19.08.2016-Larionova-10

Рио олимпиадасының бірінші айналымында Ларионова (63 килограмм) өзінен бір жас үлкен Еуропа чемпионы Мария Мамашуктен (Беларусь) жеңіліп қалады. Ларионова бұл қарсыласынан осымен үшінші рет жеңіліп отыр.

Күрес ережесі бойынша финалға шыққан балуаннан алдыңғы кезеңдерде ұтылған спортшы қола медальге таласа алады. Мамашук олимпиада финалына шығып, Ларионова қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Екатерина 2010 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері швециялық Хенна Йоханссонмен кездесіп, оны 4:1 есебімен жеңді. Мұнан соңғы шешуші кездесуде 2012 жылғы әлем чемпионы Елена Пирожковадан (АҚШ) 0:3 есебімен жеңіліп жатып, уақыт бітер соңғы сәтте оны белінен қапсыра құшақтап кілемге жауырынымен тастады. Сөйтіп қазақстандық балуан қыз 63 килограмм салмақ дәрежесі бойынша әйелдер арасындағы қола жүлдені “жұлып әкетті”.

Екатерина күреспен жеті жасынан айналысады. Алғашқы бапкері – әкесі Алексей Ларионов. Анасы Наталья Ларионова да қызының күреске барғанын қолдаған.

Екатерина Ларионова Оралдағы педагогикалық коллежді дене шынықтыру мамандығы бойынша бітірген. Қаладағы мектептердің бірінде екі жыл сабақ берген.

“Колледж бітірген соң, 2012-2014 жылдары мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ бердім. Колледж мұғалімдері мектепке өздері жіберді. Кейін жаттығуға ден қойып, мектептен кеттім”, – дейді ол.

1037153116

Бауырлары – Нұрлыбек, Дәулет, Алексей де спортпен айналысады. Әкесі Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыхановтың жолын берсін деп екінші ұлын “Дәулет” атаған. Дәулет Ларионов – еркін күрестен жастар арасында екі дүркін Қазақстан чемпионы.

“Енді үйге, отбасыма барып, бауырларымның жанында демаламын. Бір-екі ай демалыс. Мұрнымда жарақат бар. Соған операция жасату керек. Одан кейін жаттығуға ораламын. Олимпиада алдындағы жаттығулар қиын болды. Қиналып, жылаған кездерім де болды. Бірақ күрестен кетпеймін. Олимпиадада жүлде алғаныммен, Қазақстан чемпионатына қатысып, бәрін қайта бастаймын. Қарсыластарым енді мені зерттейтін шығар, зерттей берсін”, – деді олимпиада жүлдегері.

Рио-де-Жанейро олимпиадасы 16 күнге созылып, жабылу салтанаты тамыздың 21-і өтті. Қазақстан үш алтын, бес күмес, тоғыз қола медальмен жалпы есепте 22-орын алып, Азия құрлығы бойынша төрт ел – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Өзбекстаннан кейін тұр. Қазақстан Рио олимпиадасында 17 медаль иеленіп, жүлде жағынан тәуелсіздік алғалы бергі жеке рекордын жасады.

Талқылау