Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы «Ақжүніс» бағдарламасының жүргізушісі Сәуле Әбединова өзіне қастандық жасалғанын айтты (фото)

Белгілі журналист, бұрынғы «Ақжүніс» бағдарламасының жүргізушісі Сәуле Әбединова өзіне қастандық жасалған болуы мүмкін екенін айтты. Шынымды айтсам, аман жеткенімізге шүкір деп, садақа атап отырмыз, дейді ол, деп хабарлайды Stan.kz.

Сәуле Әбединова

Тележүргізушінің сөзінше, ол Қытай жерінен отанына оралмақ болғаны үшін түрмеге тоғытылған Сайрагүл Сауытбайқызының сотына қатысу үшін, Жаркентке аттанған. Алайда жол ауыр болыпты…

«Серікжан Біләшұлының “Ниссан” көлігінде 5 адамбыз: Серікжан, Нұргелді, Ардақ, Еркін деген студент бала (ол да басына іс түсіп жүрген оралман) және мен. Рульде – Нұргелді. 160-170 шақырымға жеткенде жап-жаңа автобанның қақ ортасында қарайып екі нәрсе жатыр. “Мәссаған!.. Енді не болар екен…” деп ойладым. Көлікті 140-150 ш/сағ. жылдамдықпен құйғытып келе жатқан Нұргелді рульді солға бұрса қарсы жолды бөліп тұрған бардюрді соғып, қарсы жолға шығып кетуі мүмкін. Оңға бұрса, қарайып жатқан нәрсенің біріншісінен қашқанымен, екіншісі дөңгелектің дәл тұсына келеді. Мен алдында отырмын, бәрін байқап келе жатырмын… Алғашында мен ол қарайған екі нәрсе жолда өліп жатқан ит па, құс па деп ойладым. Ойлап үлгергенімше, дәу екі темір екенін көріп, түсініп үлгердім. Демімді ішіме тартып, “бісміллә, бісміллә” деп бір Аллаға, сосын Нұргелдінің дұрыс шешім қабылдауына ғана іштей жүгініп үлгердім. Көзді ашып-жұмғанша болатын, көзді ашып-жұмғанша бүкіл өмірің көз алдыңнан өтетін сәт…» – деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы Instagram-парақшасында.

Әбединованың айтуынша, ол осы кезде жүргізушіге кедергі келтірмес үшін, барынша өзін қолға алуға тырысқан. Алайда көлік жол ортасында жатқан темір затқа соғылыпты.

«Тек «паникавать» (ред. Автордың сөзі өгретілмей берілді) етпейін, Нұргелдіге кедергі жасамайын деп ойлап, демімді ішіме тартып, екі көзім жолдың ортасындағы екі темірде. Нұргелді бірінші темірді ортаға алды… Сол сәтте өте қатты, қорқынышты, темірдің темірге сондай қатты күшпен ұрылған “тарс” еткен дыбысты естіп үлгердік…

Тежегішті басуға болмайтын жолақта ақырындап тежегішті басып, инерциямен біраз жерге жылжып барып, тоқтадық… Бәріміз шошып кеттік… “Бісміллә… бісміллә…” деп қайталай бердік… “Аварийканы” қосып, артқа қарай жүріп барып, жігіттер түсіп қарады. Ол екі темірдің «КамАЗ»-дың көтергіші (домкрат) екенін сонда бір-ақ білдік. Бірі қара, бірі қызыл.  Бәріміз “шок” боп жүріп, суретке түсіріп алуды да ойламаппыз.
Серікжан жүр: ” Ойбуй, біреулер камазының дөңгелегін ауыстырып, көтергіштерін ұмытып кеткен ғой… жолдың шетіне, көрінетін жерге шығарып қояйық, іздеп келетін шығар…” дейді.

Бәріміз солай ойладық. “Талай көлік өтіп жатыр. Егер мен осыған соғылмай аман өтсем де, тоқтап, жолдан алып тастар едім… өзгелердің өміріне қауіпті болады-ау деп ойлайтын бір мұсылман тоқтап алып тастар еді…” дейді. Біз де солай дедік…» – деп жазды тележүргізуші.

Сәуле Әбілдаханқызының сөзінше, мұнан кейін олар отырған көліктің бампері ұшып кетіпті. Соның кесірінен басқа көліктер соғылып, зардап шекспесі үшін, олар кері қайтып, жолда түсіп қалған көліктің бөлшегін тауып, жолдан алып тастамақ болыпты.

«Нұргелді еңкейіп көліктің астына қарады да, “оське пышақпен кесілгендей сызық түсіпті” деді. Құдай сақтасын деп, бетімізді бір сипап, ары қарай жылжыдық. Көп ұзамай жол-жөнекей көтерілгіш көпір кездесті де, дегенмен сенімділік үшін осьті бір көріп алайық деп, тоқтадық. Сөйтсек ол көпір «КаМАЗ «сияқты дәу көліктерге арналған екен, жиектемелеріндегі теміріне біздің “Ниссанның” асты тиіп, көтеріле алмады… Ол ол ма, көлігіміздің артқы бампері жоқ. Қашан, қай жерде ұшып кеткен, түсінбейбіз… Сол көтергішке соғылғаннан кейін болған шығар. Сол жерде аялдап тұрғанда, бір орыс жанымызға тоқтап, “бамперлерің 2-3 шақырым жерде жолдың шетінде жатыр”, – деді.

Серікжан : “Бамперді қойшы, ең қорқыныштысы, бағанағы біз құсап оған да біреулер соғылып, өмірлеріне қауіп төнеді ғой…. барып жолдан алып тастамасақ, менің көңілім тыншымайды, өмір бойы есіме түскенде өзімді жазғырып өтетін болам…” – деді. Мен: «Ендеше кері барып, бамперді жолдан алып тастайық, 2-3 шақырым деген түк емес қой… ешкімнің өміріне қауіп төндірмейтінімізге көз жеткізейік, көңіліміз жайлансын…» – дедім. Содан “аварийканы” қосып, ақырындап артқа жүріп отырдық. Бампер көзге шалынбады. Нұргелді қарсы бағыттағы бір көлік жүргізушісін арнайы тоқтатып, жол-жөнекей мұқият қарай жүруді, бампер жатса, алып тастауын өтінді», – дейді тележүргізуші.

Мұнан кейін тележүргізуші отырған көлік иерелеңдеп, әрең жүрген. Анықталғандай, көліктің дөңгелегі қырқылып, түгі қалмапты.

«Амал жоқ, тағы да бір Аллаға сыйынып, ары қарай кеттік. 15-20 минут өтер-өтпестен көлігіміз ирелеңдеп “билей” жөнелді. Көліктің астынан сатыр-сұтыр еткен бір дыбыстар шығып, тағы да “бісміллә, бісміллә..” деп, жолдың шетіне тоқтадық. Артқы оң жақ дөңгелек қырқылып, түк қалмапты… Қысқасы, Жаркентке межелі уақыттан бір сағат кешігіп жеттік. “Жол азабын жортқан білер…” деген осы.

Бұрынғы «Ақжүніс» бағдарламасының жүргізушісі Сәуле Әбединова өзіне қастандық жасалғанын айтты (фото)

Аман-есен келген соң, екі көтергіштің дәл екі жолақтың қақ ортасында, не ары, не бері қашу мүмкін еместей есеппен, қолмен қойғандай орналасуы бәрімізді әртүрлі күдік-күмәнға жетеледі. Сөз соңында “бұл, дәу де болса, бізге арнайы жасалған қастандық” деген қорытындыға келдік.

Бүгінгі “тар жол, тайғақ кешудегі” екі жағдайда да Нұргелді, жас та болса, кәнігі жүргізушілердей дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, тізгінді өте жақсы алып шықты. Бір емес, екі ажалдан қалдық…»  – дейді Сәуле Әбілдаханқызы.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау