Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрмалау болды: Альварестің жеңісіне қазақстандықтардың көзқарасы қандай?

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің көптен күткен жекпе-жегі көпшілікті қуанта қоймады. Отандасымыздың жеңілісіне қапа болған қазақстандықтар спортшыға қолдау білдіріп, оның чемпион болып қала беретінін айтуда. Бұл орайда жекпе-жекте төрешілердің бұрмалауға жол бергенін айтқандар да баршылық, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сауль Альварес

Сурет: AFP

Головкиннің спорттық мансабындағы алғашқы жеңілісінен кейін желіде оны мақтағандар да, даттағандар да табылды. Кейбірі Головкиннің алғашқы жекпе-жекте сөзсіз жеңіске жеткенін, ал қарымта кездесуде әдіс-тәсілін өзгертпегенін айтты.

«Бірінші жекпе-жекте Гена жеңді. Оған сөз жоқ. Алайда мұндай жағдайда теңбе-тең нәтиже көрсеткенін айтса, онда бапкері әдіс-тәсілін өзгертіп, екінші жекпе-жекте Гена жеңіске жетуі үшін бәрін жасауы керек еді. алайда олар ештеңе өзгертепеген. Сол Гена, сол техника, джеб-джеб пен оң жақтан хук жасау. Ал Канело әдісін өзгерткен. Ол бірінші раундтан бастап басымдылық көрсете бастады және шаршы алаңның ортасын беомеді. Мұндай жағдайда «Канелоның» жеңетіні сөзсіз», – дейді пікір қалдырушылардың бірі.

Бұл пікірге ортақтасқандардың бірі Головкиннің командасын сынға алды.

«Канело» Головкинді жеңу үшін нақты дайындалған. Оның негізгі әдіс-тәсілдерін жақсы түсінген. Бапкері жарады. Ал Абель Санчес ешқандай жаңалық енгізбеген. Жекпе-жекке деген жоспары қандай болғаны түсініксіз», – дейді желі қолданушысы.

Жоғарыдағы пікірлерді қуаттай түскен тағы бір желі қолданушысы Альварестің жеңіске әбден лайық екенін айтты. Головкин жекпе-жекке тым кеш қосылды, дейді ол.

«Альварес нашар болғанымен, жеңісі лайықты. Ол алғашқы раундтарда көбірек ұпайға ие болды. Ал бұл кезде Гена демалап, оны жүгірте тұруға тырысты. Головкиннің бір-екі нақты соққысы жеңіс үшін ұтымды нұсқа емес. Әсіресе, қарсыласы өзі сияқты төзімді болған жағдайда. Ол жекпе-жекке тым кеш қосылды», – дейді пікір қалдырушылардың бірі.

Десе де қазақстандықтардың дені Альварестің жеңісіне қуана қоймады. Олардың пікірінше, Головкинге бәрібір жеңіс бұйырмайтын еді.

«Қазіргі уақытта бокс семіп барады. Бәрібір жеңісті Генаға бермейтін еді. Неліктен? Себебі бокс үшін жұлдыз керек. Ал «Канело» әлі жас және кемінде 10 жыл жұдырықтасатын болады. Ал Генаның жасы келді және оларға керек болмай қалды», – деп жазды пікір қалдырушы.

Айта кетсек, бүгін, 16 қыркүйекте, Лас-Вегастегі T-Mobile Arena-да 12 раундқа жоспарланған Головкин-“Канело” жекпе-жегі толық өтті. Кездесуде кімнің жеңіске жеткенін төрешілер шешіп, ұпай саны бойынша жеңісті Сауль Альвареске берді (115-113, 115-113, 114-114). Осылайша, отандасымыз  Геннадий Головкин спорттық мансабында алғаш рет жеңіліс тауып, орта салмақ дәрежесіндегі WBA Super, WBC және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерінен айырылды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау