Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұдан былай полицейлер қазақстандықтардың ғаламтор арқылы шетелден не тапсырыс бергенін біліп отырады

Енді шет елден 240 мың теңгеден астам сомадағы тауарға тапсырыс берсеңіз, ішкі істер органдарының қызметкерлері сіздің не алғаныңыздан хабардар болып отырады. Бұл жөнінде мәжіліс депутаттарына есеп берген ведомство басшысы Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.

Бұдан былай полицейлер қазақстандықтардың ғаламтор арқылы шетелден не тапсырыс бергенін біліп отырады

Себебі, есірткіге тәуелді адамдар қыруар қаржыға сырттан тапсырыс беріп, емін-еркін таратып жүрген көрінеді. Осы арқылы психотропты заттардың саудасына тосқауыл қоямыз деп отыр. Ал, есірткіге тәуелді адамдар бұл жөнінде не дейді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бет жүзін көрсеткісі келмеген қала тұрғыны есірткіге тәуелділіктен арыла алмай келеді екен. Оның айтуынша қазір психотропты заттарға қол жеткізу оңай көрінеді. Тіпті, көптеген дәріханалардың өзі, тәуелділікті арттыратын препараттарды емін-еркін саудалайды екен. Денсаулығынан айырылған азамат өзі секілді жастарды синтетикалық заттардан аулақ болуға шақырады.
«Негізі, мен 1 сыныптан бастап спортпен шұғылдандым. Мен жарақат алып, кәсіби мансабым ерте аяқталды. Аула өміріне тез үйреніп кеттім. Есірткіні ең алғаш рет, 17 жасымда дәмін таттым. Содан бері міне 8 жыл осы бір тәуелділіктен арыла алмай келемін. Қалада жұмыс істеймін, бірақ тапқан табысымның көп бөлігі осы бір затты алуға кетеді» – дейді емделуші.

Қазіргі кезде, психотропты заттардың ең оңай табылатын түрі синтетикалық есірткілер. Оған заң бойынша тосқауыл болғанымен, делдалдар өнімдерін емін-еркін саудалаудың түрлі айла тәсілдерін тауыпты. Оған ғаламтор арқылы тапсырыс беріп көргенде өзіміздің де көзіміз жетті. Ал, мұны естіген халық қалаулылары таңданысын жасыра алмады.
«Егер де мұндай қауіпті заттар ғаламтор арқылы еркін саудаланып жатса, бірден тосқауыл болу қажет. Аталмыш жәйттерді ақпарат және коммуникация министрлігі, ішкі істер министрлігі жіті бақылауына алулары шарт. Қазіргі таңда, біз нақты есірткі тектес заттардың көп түрін білеміз. Бірақ, заман өз орнында тұрмайды, адамдар олардың баламаларын дайындап шығаруда» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.

Мәжілістің кезекті отырысында есірткі тектес заттарға тыйымды күшейту мақсатында депутаттар заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жайын талқылады. Ішкі істер министріне халық қалаулылары психотропты заттар қай елден тасымалданатынын, алдын-алу үшін нендей шаралар қолданылып жатқанын сұрады.

“Осы заттар біздің елімізге қайдан, қай елдерден келеді? Қандай жолдармен келеді? Осыған тосқауыл болады ма? Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз рақмет сізге” – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов.

“Сұрағыңызға рахмет! Мына бізге синтетикалық наротиктар мына Россия, Қытай Европадан келеді. Қазір, көбісі мынау почтовый переводпен келеді. Ол бұрынғы бізге шекарадан өтіп контрольный поставка деп ұстай алмаймыз қазір. Олар посылкамен келеді. Содан кейін олар мына киви кошелекпен төлейді. Тек қана сатып алғандарды ғана ұстаймыз. Биыл 125 істі қозғадық” – дейді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Сондай-ақ, еліміздің бас полицейі есірткі алғысы келген адам 240 мың теңгеге дейінгі сомаға тапсырыс бере алатынын айтады. Сондықтан, осы жәйттерге тосқауыл болу үшін өзі басқаратын ведомство Ұлттық банк пен қаржы министрлігіне 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы төлейтін адамдар жөнінде мәлімет беру жайында сұрау салыпты. Бұл бастаманы мәжіліс төрағасы да қолдады.

“Мынау интернет ашық болғаннан кейін, ешқандай шекарада жоқ. Осы мәселеде. Сондықтан дұрыс Қалмұханбет Нұрмұханбетович оны интернеттен де жабу керек” – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Ведомство басшысының мәліметінше, қоластындағылар биылдың өзінде еліміздегі 3200-ден астам синтетикалық есірткі саудалайтын ғаламтор дүкендерін жауыпты. Түрлі жарнамалар арқылы өз өнімін саудалайтын маркетингтік интернет сайттары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп келе жатқанын ескерсек, ішкі істер органдарына бұл іске түбегейлі тосқауыл қою үшін аянбай еңбек етуге тура келетін секілді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау