Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Божко: Ескертуді елемей жолға шығып, көмек сұрайтындарды жауапқа тарту керек

Қыста қалың қар түскенде, көктемде үйлер суға кеткенде бір көрінетін бас құтқарушы Божко мырза бүгін тың ұсыныс жасады. Яғни, бұдан былай төтенше жағдайға тап болып, арнайы қызметтерден көмек сұрағаныңыз үшін айыппұл төлеуіңіз мүмкін.

1428996081_photo_81598

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Нақтырақ айтқанда вице-министр боранды күндері көліктері жолда бөгеліп “құтқарып алыңдар” дейтін азаматтардың өздерін жауапқа тарту керек деді. Сапарға шықпау туралы ескертуді әйтпесе, жүргізушілер елемейтін көрінеді. Ал, күн күрт жылынса үйлерін су басу қаупі төнген елдімекендерге қатысты әзірге ешқандай идея айтпады. Сонымен, құтқарудың бағасы қанша тұрады?

Қыс басталғалы елімізде қар құрсауында қалған 4 мыңнан астам адам құтқарылыпты. Олардың 200-дейі бала. Жолда қалғандарды құтқарудан шаршады ма, әлде қаржылық дағдарыстың салқыны ма, әйтеуір төтенше жағдайды бірнеше жыл басқарған Владимир Божко ерекше бастама көтерді.

«Бір жағынан біз біреуді құтқарамыз, екіншіден құтқарушылардың да басын бәйгеге тігетінін ескеру қажет. Оның үстіне қаншама шығын келетінін ұмытпау керек. Бұл – біздің ескертулерді елемей жолға шыққандарға ертеңнен бастап айыппұл сала бастаймыз деген сөз емес. Дегенмен белгіленген ережелерді бірнеше рет бұзған азаматтарды қандай да бір жауапкершілікке тарту керек деп ойлаймын»,-дейді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко

Божко мырза материалдық шығынды өндіріп алу туралы ұсынысын, бүгін өткен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі ведомоствоаралық комиссия отырысында айтты. Мыңдаған тәртіп сақшысы жұмыс істесе де жүргізушілер айналма жол арқылы сапарға аттанады деп шағымданған әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха болса, көмек сұрағандардың әрекетін тіпті жалған лаңкестікпен салыстырды.

«Белгілі бір нысандарға жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат беретіндерге қарсы құзыретті органдардың сотқа шағымдануы тәжірибеде бар. Бұл жерде де солай. Егер жергілікті атқарушы органдар бюджетке орасан шығын келтірді десе, азаматтық тәртіпте сотқа талап-арыз бере алады. Шешуге болатын мәселе деп ойлаймын»,-дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха

Ал ғұмырының көп бөлігін көлік тізгінінде өткізгендер үшін бұл жығылған үстіне жұдырық болмақ. Еріккеннен емес, отбасын асырау үшін алыс сапарға шығамыз деген жүк тасымалдаушылар тапсырысты орындау үшін құтқарушылардың ескертуін елемеуге тура келеді дейді. Тәуекелге бармасаң кешіккен әрбір күнің айыппұлмен есептеледі. Енді келіп мемлекет қосылмақ.

Сонымен қатар, қар құрсауында қалған азаматтарды құтқару үшін сол аумақтан өтіп бара жатқан жолаушылар пойызын пайдалану қажеттігі туралы бастама айтылды. Одан бөлек, күн жылынғанда ми батпаққа айналатын Жезқазған-Қызылорда жолының мәселесі де қозғалды. Бұл аумақ “Нұрлы жол” бағдарламасына кірмеген екен.

Талқылау