“Төрт жыл оқытып, сорлатып қояды”: 9 тілді білетін азамат қазақстандық ата-аналардың қателігін айтып берді

Кенжеғұл Сейітжан — үйіндегі 20 баланың кенжесі, тоғыз тілде сөйлей алатын тарихшы және үлкен спорттық байқаулардың жүлдегері. “Жігітке жеті өнер де аз” деген мақалды ұранына айналдырған, Америка, Англия, Жапонияда оқыған кейіпкеріміз Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне жапондықтардың қазақтарға қай жағынан ұқсайтынын, ұлт қанында бар жалқаулықтың ерекшелігін, бала тәрбиесінде қазақстандық ата-аналардың жіберетін қателіктеріне тоқталып өтті.

16 әпкесі, 3 ағасы бар қазақ жігіті бүгінде екі баланың әкесі. Ол еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарды жігерлендіруден шаршамайды. Он екі мүшесі сау замандастарынан артық еңбектенеді десек, артық айтқанымыз емес. Үлкен жанұяның кенжесі қазіргі таңда аға-әпкелерінен қанша ұрпақ тарағанын нақты білмейді. Оның да өз себебі бар. Қазақ бағзы заманнан ырымшыл халық. Ырымға сенген Кенжеғұл Сейітжанның анасы “көз тиеді” деумен немерелерін санатқызбайды екен.

Кенжеғұл, бізге сіздің көпбалалы отбасыдан шыққаныңыз, тоғыз тілде сөйлей алатыныңыз белгілі. Спорттағы жетістіктеріңіз де ауыз толтырып айтарлықтай көп. Бүгінгі күні тоғыз тіл игілігіңізге жарап жатыр ма?

Америкада оқып жүргенде неміс, француз, испан, жапон тілдері қолданыста болды. Қазір олар қолданыста жоқ, сондықтан ұмытылып барады. Неміс тілін қайтадан қайталап жатырмын. Шет тілдерінен білімімді дамытып, оларды ұмытып қалмау үшін кітаптарды тыңдаймын, анда-санда теледидар қараймын, кино көремін, жапон, ағылшын достарыммен сөйлесемін. Кітаптарды тыңдаймын. Түрік және корей тілдерін жаңадан үйреніп жатырмын. Олар мен үйреніп жүрген сегізінші және тоғызыншы тілдерім.

Таңдауыңыз неліктен осы екі тілге түсті?

Былтыр Астана қаласындағы 65 мектепте оқушылар маған түрік және корей тілдерінде сұрақ қойды. Сонда мен Құдай қаласа бір-екі жылдан кейін кездесейік, сол кезде мен сендерге түрікше және кәрісше жауап беремін деп айтып қалдым. Сол уақыттан бері корей және түрік тілін бірте-бірте үйреніп келемін. Кореядағы достарым Брайль әдісі бойынша шыққан кітаптарды беріп жіберетініне үміттенемін.

Сіз Англия, Америка, Жапония сынды елдерге барып, әртүрлі ұлттың мәдениетімен танысып шықтыңыз. Қоғамда жапондықтар қазақтарға ұқсайды, екі ұлт бір-біріне туыс болуы мүмкін деп айтып жатады. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз?

Жапондықтар бізге қатты ұқсайды деп ойлаймын. Жапон тілі мен қазақ тілінің арасында сексен пайыз ұқсастық бар. Басқа тілдермен салыстырғанда жапон тілін үйрену маған өте оңай болды. Себебі, көп тіркестер, сөз саптауы, дыбыстардың айтылуы сөйлемнің құрылуы ана тілімізге келеді. Екі тілдегі сөздердің мағынасы бірдей болмаса да, грамматикалық жағынан сәйкестіктің деңгейі жоғары. Тіпті алғашында ағылшындармен ағылшынша емес, жапонша сөйлесіп кететінмін.

Жапондықтарда бала мен баланың, үлкен адам мен кішінің, қыз бен жігіттің, жетекші мен қызметкердің басқа тілдерде кездеспейтін сөйлеу әдебі бар. Ата-анасы мен баласының сөйлесуі қазақ жанұясындағы ата-ана мен баланың қарым-қатынасына ұқсайды. Жапонияны үш-төрт жыл көлемінде ертегілер елі деп атап жүрдім. Себебі, ол ел сондай атқа лайық, ертегі сияқты. Жапонияда жүргенде спортпен жүз пайыз кәсіби деңгейде араласпасам да, үлкен жарыстарға қатыстым, жүгірдім, медальдармен мараппатталдым.

Сол мемлекетте оқығанда өз-өзіме деген сенімділік, тіл үйрену, пайдалы дүниені істеуге құлшыныс пайда болды. Ой-санам өте биік деңгейге көтерілді. Өзім онсыз да бұрыннан ашық мінезді адаммын. Бірнәрсені айту керек болса, тыйылмай айта саламын. Бірақ сол елде ашықтығым жақсы жаққа қарай көбейді. Либералдық құқықтарды,  адамдарды түсіне бастадым. Мысалы, бұрында қытайларды мүлдем ұнатпаймын. Қазір оларды жай халық ретінде қабылдаймын. Белгілі бір мақсатыма жету үшін сол халықпен келісімге келе білудің маңыздылығын түсіндім.

Жапонияның сізге ерекше әсер қалдырғаны байқалып тұр. Күллі әлем, біздің еліміз жапондықтардың еңбекқорлығына тәнті. Біз солардай болуға ұмтыламыз, бірақ жалқаулыққа жақын екенімізді жоққа шығармаймыз. Сіз бірнеше ұлтты көрдіңіз, қалай ойлайсыз, қазақтар шынымен де жалқау халық па?

Кез келген халық өзге елдердің арасындағы ұлылығын, ұлттығын сақтап қалу үшін өз-өзіне жақсы, ғажап, мықты екенін айтуы керек. Дегенмен, ішіндегі қателіктерді де түсіну қажет. Абай Құнанбаев біздің қателерімізді тектен текке емес, халық біліп, көріп жиренуі үшін айтып кеткен. Жалқау екеніміз рас. Оны мен де, басқа адам да айтады. Біз алға қойған мақсатымызға жету үшін жалқаулықты шетке ысырып, оны жеңіп шығуымыз керек. Ал осы жаман әдет бойымызға қалай бітті? Осы сұраққа тарихшы болған соң, тарихқа сүйеніп жауап бергенім дұрыс. Қазақ — өмір бойы мал баққан халық. Мал бағу — кез келген қазақтың қанында бар. Ол біздің қанымызға ғасырлар бойы ана сүтімен сінген. Сондықтан оны ысырып тастау өте қиын.

Шетелдің көп жерлерін араладым. Жүз пайыз кепілдік беремін, тіпті мұрнымды кесіп берейін. Әлемде Қазақстанның, оның ішінде Торғайдың, Амангелдінің, Қостанайдың етінен асатын ет жоқ. Өзім етті сұмдық жақсы көргендіктен, Нью-Йорктың, Лондонның, Токионың ет сататын қымбат-қымбат жерлеріне бардым. Олардыкі қазақтың етімен салыстыруға келмейді. Жалқаулығымыздың ерекшелігі осында. Әйтсе де біз Абай Құнанбаев, Міржақып Дулатов сынды тұлғаларымыздың бойыңда ұйықтап жатқан қасиеттіріңді оят деген сөздерін жерге тастамайық. Жалқаулықтан арылып, қазіргі заманның үрдісіне көшейік.

Өзіңіз де шетелде жүріп спортпен айналысқаныңызды айтып қалдыңыз. Спортқа қанша жасыңыздан бастап қызықтыңыз?

Спортқа деген махаббат көзім жақсы көретін кезден, балалық шақтан бастау алған. Басқа балалардан қалмай доп қуып, футбол ойнайтынмын, жүгіретінмін. 2004 жылы мектептен түлеп ұшып, университетте білім нәрінен сусындап жүрген кезеңде кәсіби түрде жеңіл атлетикамен айналыстым. Қалалық деңгейдегі жарыстардан жақсы көрсеткіштерге жетіп, республикалық жарыстардан күміс жүлдені иелендім.

Жеткен жетістіктерім біреулердің көзіне күйік болды-ау деймін, әділетсіздікке тап болдым. Мені дисквалификациялады. Осыған көңілім толмай мен үлкен спорттан кетіп қалдым. 2006-2007 жылы жеңіл атлетикадан алтын алсам деген арманым болатын. Түрлі мәселелерге байланысты арманым орындалмады. Бірақ жаңа мүмкіндіктерге жолым ашылып, біліммен байланысты жаңа мақсаттар пайда болды. Көздеген мақсаттарыма жету үшін білім қуып, Жапонияға кетіп қалдым.

Өмір-өзен жаңа арнаға осылай жалғанып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашқанын БАҚ-қа берген сұхбаттарыңызда айтқан едіңіз. Әйтсе де шетелде өткізген күндеріңіз туралы әлі де айтарыңыз бар екеніне сенімдіміз

Негізі, еліміздегі жоғары оқу орнында оқып жүргенімде шетелде білім алуды армандайтынмын. 2004 жылы магистратураны Қазақстанда емес, басқа мемлекетте оқимын деп алдыма мақсат қойғаным есімде.

2006 жылы жолдастарымның әлеуметтік бағдарламамен Жапонияға аттануы — ағылшын тілін жүйелі түрде оқып, өзге елде білім алуға деген құлшынысымды арттыра түсті. Ағылшынды сол уақытқа дейін біресе тастап кетіп, біресе қайтадан бастап жүрдім.

2008 жылы шет тілін оқу үшін  Жапонияға бардым. Күншығыс еліндегі орталықта үш ай бойы жапон тілін оқыдық, қалған жеті айда тілден алған білімімізді дамыттық.  Емтихан тапсырып, бір жылдан соң Қазақстанға қайтып келдім. Араға үш жыл салып, ағылшын тіліндегі білімімді ұштау мақсатында екі жарым жылға Америкаға кетіп қалдым. Бірақ АҚШ-тағы жоғары оқу орнына тапсырар кезде құжаттарыма қатысты проблемалар туындап, оқуға түсе алмадым. Дегенмен, Лондондағы университетке қабылданып, бір жарым жыл оқып, “Master of Arts” яғни “Өнер магистрі” атандым.

2011 жылы Америкада оқығанымда спорттың басқа да түрлерімен айналысу керекпін деген шешім қабылдадым. Сөйтіп 2012 жылы тандем велосипедтермен таныстым. Сосын 2014 жылы Англияда спорттың қайықпен жүзу, голбол, көздері көрмейтін зағип жандарға арналған футбол деген түрлерін білдім. 2015-те тауға өрмелеуге қызығып, келесі жылдың қаңтар айынан бастап спорттың осы бағытымен және гоуболмен кәсіби тұрғыда айналыса бастадым. Осылайша менде спорттың басқа түрлерін Қазақстанда дамыту керекпін деген мақсат пайда болды.

Жолдастарымызбен бірге голболдан федерация құрып, оны Қазақстанда дамыттық. Мүгедектігі бар жандар “Медеуде” тегін сырғанауы үшін мұз айдынына өтініш білдіріп, олардың рұқсатын алдық. 2012 жылдан бастап мүгедек адамдар “Медеуде” конькиді тегін тебе алады. Осы жетістігіміз арманым мен мақсатымның орындалғаны деп ойлаймын.

Екінші рет магистратураға түсіп, спорт менеджері сынды мамандықты оқығым келеді. Қазақстандағы магистратураның деңгейі жайлы ойым өзгерген жоқ. Сондықтан егер қаражат болса, 2020 немесе 2021 жылы магистратураны шетелде оқуды ойлап жүрмін. Ал ақшалай қиындықтар туындап жатса, Абай атындағы педуниверде оқимын.

Шетелді көрген, әсіресе Америка, Англияға барып келген кейбір отандастарымыз америкалықтардың да өте қонақжай екенін тілге тиек етеді. Америка мен Англия жайлы түйгеніңізбен бөліссеңіз

Америкалықтар ашық жандар, бірақ қазақтар сияқты жалпылдап тұрмайды. Нағыз америкалықтар біз сияқты қонақжай емес. Олар өз-өздеріне аймақ, деңгейді белгілеп алады да, соған өзгелерді жақындата бермейді. Олар индивидуалистер.

Мысалы, телефонмен хабарласып, сөйлескің келіп тұрса, “уақытым жоқ” дейді де режісең де, ренжімесең де тұтқаны қоя салады. Біз бір-бірімізбен амандасып, хал-жағдайымызды сұрап аламыз. Ал олар тез-тез сәлемдеседі де, жұмыстарын жалғастыра береді. Әрине, америкалықтардың арасында да мінезі жайдарлы, көшеде көмектесуге дайын азаматтар бар. Мысалы, менің Джон есімді досым маған қолынан келгенше көмектеседі. Ал кейбіреуі достық достықпен, 40 жылдық тәжірибем бар, көмегім үшін ақша төле дейді.

Мүмкін осындай еліміздің бетке ұстар азаматына айналуыңызға ата-анаңыздан алған тәрбиеңіз себеп болар. Өмірлік ұстанымыңызға айналған асыл анаңыздың айтқан ақылы, кеңесі бар ма?

Анам “Алдыңда тұрған нанды өзің қолыңмен ұмтылып аузыңа салмасаң, саған оны ешкім салмайды да, бермейді де” деп айтатын. Осы сөздері менің өмірлік ұстанымыма айналды. Америкада, Англияда оқып жүргенімде қалаған дүниеге қол жеткізуге ешкімнің де көмектеспейтінін, өзің талпынбасаң, сен үшін ешкім ешнәрсе де істемейтінін түсіндім.

Оқымасаң, профессорге сұрақ қоймасаң, олар да қам жемей жүре береді. Шетелде үлкендер балаларын кішкентай кездерінен бастап өз-өзіне жауап бере алатын тұлға ретінде тәрбиелеуге тырысады. Ол жақта бір жақсысы ата-аналар ұл-қыздарын өздері қалаған мамандыққа емес, балаларының қабілеті бар салаға жібереді. Ал бізде өсіп келе жатқан буын анасы мен әкесінің қалауы бойынша оқуға түседі, әке-шешесінің ақшасы жететін мамандыққа оқиды немесе грант бар жерге барады. Ата-ана төрт жыл баланы оқытып, сорлатып қояды.

Тіл білесіз, спортпен айналысасыз, өз хостеліңіз бар. Біздің оқырмандарымызға да барлығына қалай үлгеретініңізді, арман орындалу үшін не істеу керек екенін айтып беріңізші

Нақты сізге не керек екенін тізіп қою керек. Жүйелі түрде 10, 30, 40 жылға мақсатты түрде жоспарлар қою керек. Уақыт өткеннен кейін олардың қайсысы керек, қайсысы керек емес екені белгіленеді. Менің 45, 50 және 65 жасқа, зейнетке шыққан уақытқа дейін жоспарым бар. 2003 жылы 15-20 жылға жоспарларым болған. Оларды 2016 жылы көбейтіп, мақсаттар қостым. Әртүрлі объективтік жағдайларға байланысты бір жылдық мақсаттың ішінде біреуіне жетсең, екіншісіне жетпейсің.Бір күндік, бір апталық мақсаттарды да қолға алу қажет. Өзім қай жерден қателескенімді анықтап қойдым. Басымда бар мақстаттарымның барлығын жақынарада қағазға түсіріп қоямын.

 

 

 

 

Автор: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

  Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр