Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болған оқиға ізімен: Өмірден ерте озған ақтөбелік қыз туралы фильм түсірілді

Сәрсенбі күні «Мега Ақтөбе» кинопаркінде жас режиссерлар Нәзия Назарбек пен Мейірім Арғынбаева түсірген «Мен сені сүйемін, Ақерке!» көркем фильмінің премьерасы өтті.

EQboX1izMzB9JROk-lg

Бұл туралы Ақтөбе газеті хабарлайды.

Жаңа кинокартинаның сценарийіне Астана қаласындағы Өнер университетіне оқуға түскен студент қыздың ауыр дертке шалдығып, оның сауығып кетуі үшін достарының қалай көмектесуге тырысқаны туралы шынайы өмірден алынған оқиға арқау болған.

Фильмге басты кейіпкер болып алынған Ақерке Жұрымбаева 1993 жылы Ақтөбенің Әйтеке би ауданында дүниеге келген. Жастайынан өнерге жаны құмар дарынды жас көптеген ән байқауларына қатысып, жүлдегер атанды. Мектепті үздік аяқтап, Астанадағы Өнер университетіне оқуға түсті. Ақеркені білетіндер студенттік шағы басталғаннан-ақ көптеген үлкен сахналарда, Қалқаман Сариннің жыр кешінде өнер көрсеткенінен хабардар. Алайда, жұлдызы жарқырай жанып келе жатқан жас қызға кенеттен қан рагы диагнозы қойылып, шетелде ота жасау үшін қомақты қаражат талап етілген.

Фильмнің режиссері Нәзия Назарбектің айтуынша, құрбысының сырқатын білгеннен кейін бүкіл университет болып жұмылып, жастар оны емдетуге ақша жинауға кіріскен. Студенттер Астананың ірі сауда орталықтарында қайырымдылық концерттерін қойып, донор болуға қан тапсырып, барынша қол ұшын беруге тырысқан. Көп ұзамай Ақеркеге Түркияда ота жасауға кезектен тыс квота беріліп, ота сәтті аяқталады. Өкінішке қарай, ауру бойын меңдеп алған бойжеткен 20 жасқа толар-толмас шағында 2013 жылы көз жұмады.

— Оқиғаның негізгі желісін еш өзгеріссіз қалдырдық. Ақерке өмірден өткеннен кейін үш айдан соң фильм түсіруді қолға алдық. Өзіміз Өнер университетін бітірдік. Мен режиссерлық мамандықта білім алдым. Сценарийін де өзім жазып шықтым. Фильмді түсіру үшін арнайы демеушілер мен кәсіпкерлерді іздестіре бастадық. Өкінішке қарай, қолдау білдіретін адамдар таба алмадық. Несие алып, азын-аулақ ақшамен 2015 жылы өз күшімізбен түсіреміз деп ұйғардық. Сондай-ақ қаржыны жинауға Ақеркенің ата-анасы мен туысқандары, достары көмектесті. Ақеркенің ең соңғы күніне дейін жанынан табылып, қолдау көрсеткен Азамат есімді сүйгені болды. Ол оған аурумен күресуіне септігін тигізді. Фильмде осы шынайы сезімге деген адалдық, өмірге деген құштарлық суреттеледі, — дейді Нәзия.

Бүгінде Азамат та музыкалық мамандықты бітірген. «Түнгі студия» бағдарламасындағы музыкалық топта өнер көрсетеді екен.

— Әсіресе, қаражат жағынан қиындықтар болды. Күнделікті түсірілімге ақша қосып отырдық. Фильмді бұдан да жақсы деңгейде алып шығуға болатын еді. Алайда, бізге кино аппаратуралар жетіспеді.

Бүгін фильмнің премьерасын Ақеркенің туған жерінде ең бірінші ата-анасы мен туыстары көрсін деп шештік. 2 ақпаннан бастап, Қазақстанның барлық қалаларында көрсетілімге шығады, — дейді кинотуындының авторы.

Фильмде Ақеркенің құрбысының рөлін Нәзияның өзі ойнайды. Әрі ол да ақтөбелік жерлесіміз екен. Басқа да актерлер оның шынайы жанашыр достары, бірге оқыған курстастары. Тек бас кейіпкерлер Ақерке мен Азаматтың рөліндегі Айсәнім Қастеева мен Нұрлан Наурызбаев кастинг арқылы таңдалып алынған.

Премьераға келген зал толы көрерменнің көзіне жас үйіріліп, жастардың өнеріне зор ризашылығын білдірді. Фильмде ешқандай әсірелеу жоқ. Қарапайым студенттердің жатақханадағы өмірі мен ауруханадағы орын алған оқиғалары сол қалпында берілген.

— Фильм өте ұнады. Кейіпкердің менің қызыммен ұқсастықтары өте көп екен. Ақерке балабақшаға барған сәтінен бастап ән айтып, би биледі. Мектепте қандай да бір іс-шара болса, сонда жүретін. Қызымның барлық адал жүректі дос-құрбыларына зор ризашылығымды білдіремін. Елімізде осындай жастардың барына қуанамын, — деді Ақеркенің анасы Бибінұр Бекенбаева.

Біз фильмнің соңында премьераға қатысқан бас кейіпкерлерді де әңгімеге тарттық.

— Кастингке кездейсоқ түстім. Ақеркенің рөлін сомдау барысында қиындықтар туғаны рас. Образды шынайы орындап шығу үшін, жүрегіңмен сену керек. Барынша қойылған талаптарды орындауға тырыстым. Негізінен дизайнерлік мамандықты бітірдім. Бүгінде Өнер университетінде суретші мамандығында оқып жатырмын, — дейді Айсәнім Қастеева. Айпақшы, Айсәнім қазақтың әйгілі суретшісі, бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің шөбересі екенін де білдік.

Ал Азаматтың рөліндегі Нұрланның мамандығы архитектор. Екеуінің де кинодағы алғашқы қадамы. Кастингте кездесіп жүріп, бірін-бірі ұнатқан ғашықтар бүгінде отбасын құрған ерлі-зайыптылар екен. Бір жасар ұлдары бар.

Фильмнен түскен қаражат қатерлі дертке шалдыққан жандардың емі үшін ұсынылмақ.

Дарынды жастар бұл өмірде әр адамға қажет ең басты нәрсенің не екеніне, баға жетпес құндылық деп нені айтамыз деген сияқты сұрақтарға өздерінің адал да, шынайы іс-әрекеттерімен жауап берген. Дос-құрбыға деген сыйластық үлкен жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз. Өйткені адамзатқа деген, Отанға деген махаббат осындай қадамдардан басталады.

Жіберіп алмаңыз:

Астаналық студенттің эротикалық суреттерін желіге сүйіктісі таратқан

Қазақ әйелінің күйеуімен ажырасуына абысыны себепші болған

Димаш Құдайбергенов «Америка дауысына» шақырту алды

Продюсер Ерік Тәстембеков Қазақстанда жасалған сағат шығара бастады

Талқылау