Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болашақ энергиясы көрмесін өткізген Қазақстан Астанаға газ тартуға ақша таппай отыр

Болашақ энергиясы көрмесін өткізіп алып, көмірмен жылынып отқан Астанаға көгілдір отын жақын арада жетпейтін сынды. Себеп – газ өндіретін ұлттық компаниялардың да, бюджеттің де бас қалаға табиғи таза отын жеткізуге артық ақшасы жоқ. Есесіне Энергетика министрлігі бензин тапшылығын бір айдан кейін толық шешеміз деп сендірді. Бұл туралы КТК хабарлайды.

Үкімет отырысының күнтәртібіне қарамастан журналистер Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты аңдуды соңғы айда әдетке айналдырған. Өткен аптада бензиннің болашақтағы бағасы жайында оңды-солды болжам жасаған министрдің, осы аптада сөзі аз. Жаңғырту бітіп, жанармайға жаримыз деген министр, күн жақындағанда жетілген зауыттың баға саясатына қалай әсер ететінін де болжағысы келмейді.

“Үш күннен кейін Павлодар зауыты іске қосылады. Жүйелі жұмысқа екі күнде шығуы тиіс. Павлодарлық бензиннің нарыққа келуімен баға реттелуі тиіс. Алдын-ала бағаны айтқым келмейді, шамамен қарашаның соңында айта аламын”, – деді Бозымбаев.

Бағаның қандай болары қарашаның екінші жартысында белгілі болады. Бір анығы, еркін сауда деп бағаны шарықтататын мұнайшылардың қу тірлігіне ендігі жерде министрлік тұсау салмақ.

“Желтоқсанда жанарамайдың 20 пайызы ғана ресейлік, қалғаны өзіміздің өнім болуы тиіс. Ендігі мәселе, бағаны төмендету үшін қарашада мұнайшылармен, зауыттармен жақсылып жұмыс жүргіземіз. Тәбеттерін басқызу керек”, – деді министр.

Алайда бензин бағасына мемлекеттің араласуын алып тастағанда, министрдің қайтып тәбет тияры белгісіз. Десе де, Бозымбаевтың бір ойлағаны бар шығар, халыққа арзандайды деген сөздің өзі-ақ жағып тұр. Мұнайшылардан бөлек, газ өндірушілердің де тәбетін тексеру артық етпейтін сыңайлы. Себебі, газ операторлары өндірген көгілдір отынның 70 пайызынан астамын, жақсы бағамен сыртқа сатып отыр. Бірақ ішке дегенде, іштері тар.

“Бізде газ жетіп артылады. Шамамен жылына 50 млрд текше метр өндіреміз. Оның 13 млрды ішкі сұраныс, артылғаны экспортқа кетеді. Ал биыл экспорт артады, себебі биыл Қытайға көгілдір отын сата бастадық. Баға өте тиімді”, – деді энергетика министрі.

Ал артылғаны 37 млрд текше метр. Астанаға бар-жоғы 350 млн текше метрі қажет. Экспортын ширатса да, халық үшін инвестиция құюға келгенде біздікілер сараң. Ұлттық оператор ҚазТрансГаздың да, ҚазМұнайГаздың да құбыр салуға ақшалары жоқ, несиелік қарыздары бастарынан асады дейді министр.

Елордаға газ жеткізудің құны 266 млрд теңге. Мемлекеттік сарапатамадан өтіп қойған жоба да бар. Оның ендігі тағдыры бір-ақ қолға қарап тұр дейді министр. Қаражатты не Ұлттық қордан, не қазынадан алдырту туралы Үкіметтің шешімі керек. Ал Бозымбаевтың инвесторды сырттан іздеуге кірісіп кеткенін ескерсек, оң шешімнің Үкіметтен жақын арада шыға қоюы екіталай.

Жіберіп алмаңыз:

Терезеден секіріп кеткен ақтаулық әйел 25 мың доллардың алтынын қолды қылған

Павлодарда баланы бетонға лақтырып ұрған еркек жеңіл жазамен құтылды

Қазақстандық лесбиянкалар отбасын сақтап қалу үшін қандай қиындықтарға барып жүргендерін айтты

Астана полициясы айықтырғыштың ішінде қайтыс болған ер адамға қатысты пікір білдірді

Талқылау