Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО тұрғыны арақ құймағаны үшін бала кездегі достарынан айырылған

Ел болып, етек жеңімізді жинап жатырмыз. Десе де кейбір отандастарымыз кешегі қызыл үкімет салып кеткен сүрлеуден шыққысы жоқ. Әсіресе, араққа келгенде қазақ екіге жарылады. Аға ұрпақ арақ ішуді жөн көрсе, тәуелсіз елде туған жастар ащы суға онша құмар емес. Дегенмен Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тұрғыны ащы судың кесірінен бала кезден араласып жүрген достарынан айырылғанын айтады. Оған себеп – үйінде дастарханға арақ-шараптың қоймауы екен.

“Өзім кеңес үкіметінің құлар шағында дүниеге келдім. Жастайымнан ағаларым да анам да арақ ішпеуімді құлағыма құйып өтті. Өсе келе сыныптастар жиналған кезде көпшілікке еріп, сыраны да арақты да ұрттап көрдім. Студент шағымда да масайрап жүрген кездерім болды. Бірақ, уақыт өте келе арақтың түк пайдасы жоғын ұқтым”, – дейді есімін көрсетпеуді сұраған БҚО Теректі ауданының тұрғыны.

Оқуын бітірген соң азамат облыс орталығынан 70-80 шақырым жердегі ауылға жұмысқа тұрып, сол жерде тұрақтап қалған. Осы күні арақты аузыма алмағалы 10 жылға жуықтады дейді. “Қонақ шақырған кезде де дастарханыма қоймайтын болдым. Жақын араласатын достарым да ол қылығымды құптайды”, – дейді ол.

“Осылай жүргенімде сыныптастарым жиналып, шаңырағыма келетін болды. Әдеттегідей дастархан жайып, құшақ жая қарсы алдым. Қаладан жырақта тұратын болған соң бірнеше көлікке тиелген сыныптастар бір уақытта жинала қоймады. Ең соңғы болып Дәурен және Азамат есімді сыныптастарым келді. Менің ауылыма жеткенше жолда аздап ұрттап алыпты. Ватсап месенжері арқылы дастарханға арақ қоймайтынымды айтқанымда «Кезінде ішкен едің. Қазір өзіңше періште болып қалғансың ба?», – деп күлген болатын. Ол ойларын  мен жай құрдастардың қалжыны болар деп ұқтым. Еш мән бере қоймадым”, – деп жалғастырды қазіргі уақытта мектептердің бірінде директор қызметін атқарып жүрген азамат.

“Үйге келісімен тамаша отырыстың шырқын бұзып, арақсыз дастархан шын ниеттің жоқтығын білдіреді. Сен біздің келгенімізге қуанбайсың. Құрдастарыңды сағынбапсың, – деп бас салды. Мен басу айтып, тыныштандырып, дасарханға жайғастырдым. Бірақ қызып қалған екі дос ауыздарына келгенін айтып, айналадағыларға тиісті. Шыны керек көпшіліктің жеген асы ас болмады. Бірақ, барлығы бала күннен бірге өскен достарымыз ғой деп олардың қылығына шыдап бақты”, – дейді сұхбат беруші.

“Көңілді отыруға” ішімдіктің жетіспей тұрғанын алға тартқан сыныптастарына көпшілік арақ қойылмайтынын айтып тыныштандырғандай болған. Алайда, астан кейін жігіттер жағы демалатын бөлмеге еніп, әңгімелесіп отырғанда, сыныптасының көзі ауырған кезде компресс ретінде пайдаланған шишаға түскен екен.

“Бізді менсінбегеніңнің көрінісі осы. Сен оңбаған адамсың, адамдарды талғайсың. Бастықтар келгенде құйған арағыңды тауып алдық. Бізге өзіңше періште болып көрінгің келеді. Ал, шын мәнінде екі жүздінің нағыз өзісің”,-деп бас салған екен сыныптасы. Шишаны жарға ұрып шағып, кішкентай балаларды шошытқан.

Шишаны балам ауырған кезде пайдаландым деген үй иесінің сөзіне келген қонақ құлақ асар емес. Қонақ бөлмедегі жайылған дастарханды теуіп құлатып, киімдерін киіп, ренжіген күйі үйден шығып кеткен.

“Содан бері оларды көрген жоқпын. Сыныптастар отыратын ватсаптағы топтан да шығып кеттім. Өйткені, кіріп қал сұрассам болды маза бермейді. Екі жүзді періште келді, құрдастарына арақ құймайтын басшыларға арақ құйып мектеп директоры болып алған жансың деп айтатынды шығарды. Шынын айту керек осы күнге дейін арақ үшін сонша ренжіген адамды көрген емеспін. Бала күннен бірге өскен жан достарым соншалықты ұсақ жандар деп ойламаппын. Сол бір қылығы арақтың қызуымен болған болар деп те ойлаған едім. Бірақ, олай болмай шықты”, – дейді бала кезден араласқан достарын жек көріп кеткен мектеп директоры.

Талқылау