Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да мемлекеттік қызметкер ауыл тұрғынын ұрып тастады

12 қыркүйек күні БҚО, Зеленовский ауданы, Сұлу көл ауылдық округінде жергілікті әкімдіктің бас маманы мен ауыл тұрғыны төбелесіп қалды. Әлия Қалиева бұған дейін де әкімдік қызметкерінен жәбір көрегенін айтты. Әлияның арызы бойынша әкімшілік сот Ерғалиеваға қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін айыппұл салған. Есесіне Қалиевтар отбасына ауыл әкімшілігінде мемлекеттік қызмет көрсетілмейтін болған.

IMG_3709-700x467

Әкімдік қызметкерінен таяқ жеген Әлия Қалиева бұл туралы біраз жерге арыз жазғанын, алайда нәтиженің көңіл көншітпейтінін айтып налыды. Бұл туралы “Уральская неделя” басылымы хабарлаған.

«Маған: «Ей, сен, өз балаңа қара, әйтпесе жаман болады», – деді. Мен бір қарадым да, әрі қарай өз жөніммен кеттім. Онымен байланысудың өзін артық деп таптым. Сиырларымды айдап, кері қайтып бара жатқанымда, ол алдымнан шығып, иығымнан жұдырықпен бір ұрды. Одан кейін шашымнан тартып, құлағымды жұлды, жерге жатқызуға тырысты. Мен де құлап қалмас үшін оған жармастым. Қанша жерге арыз жазып бардым. Алайда барлық жерде мемлекеттік қызметкер болғаны үшін оны жақтап шығады. Ол, тіпті, бұл туралы уайымдап та жүрген жоқ. Мемлекеттік қызметкер болса, кез келген адамды ұрып-соғып, жұдырық жұмсауына болады екен. Ол соны мақтан тұтып жүр», – дейді ол.

Ал әкімдік қызметкері Ғалия Ерғалиева аталмыш жайтты растады. Алайда, оның айтуынша, ұрысты бірінші Әлия бастаған. Одан бөлек, оқиға жұмыстан тыс уақытта орын алғандықтан, Ерғалиева одан еш әбестік көріп тұрған жоқ.

«Иә, ол мені итеріп жіберді де, қолына таяқ алып, бас салды. Мен мемлекеттік қызметкермін, оны жоққа шығармаймын. Алайда ол мені ұрып жатқанда, мен қарап тұрмаймын ғой. Мен де оны итеріп жібердім, ол болса менің шашымнан тартты. Мен де оның шашынан тарттым. Одан кейін бізді ажыратты. Оқиға жұмыс орнында және жұмыс уақытында болған жоқ», – деп ақталды Ғалия Ерғалиева.

Әлияның көршісі, оқиға куәгері Марина Иванова болса Әлияның қолында ешқандай да таяқ болмағанын мәлімдеді.

«Артыма қарап қалсам, екеуі төбелесіп жатыр, бір-бірлерінің шаштарынан ұстап алған. Ғалия айтқандай, Әлияның қолында ешқандай да таяқ болған жоқ. Ол Ғалиядан жіберуін сұрап, жылап жатты»,- деді ол.

Сол сияқты атын атамауды жөн көрген тағы бір ауыл тұрғыны: «Иә, ол ешкімге де әділетті түрде қарамайды. Ол өзі сондай ұрысқа құмар», – деп пікір білдірді.

Зеленовский ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Марат Дүйсенұлы болса оқиғаны этика бойынша комиссия қарастыратынын, қандай да бір жауап содан кейін берілетінін мәлімдеді.

Жіберіп алмаңыз: 

Алматыда төбелескен жезөкшелерге айыппұл салынды

Теміртауда топқа бөлініп төбелескендер ұсталды

Қарағанды базарында әйелдер апельсин үшін төбелесіп қалды (видео)

Қарағандыда ақша үшін уақытқа таласқан екі автобус жүргізушісі төбелесіп қалды (видео)

Талқылау