Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біржан Хасанғалиев: Әкеммен бес минут бұрын сөйлеспегенде мен де оның «қайтыс болғанына» сенер едім

Ескендір Хасанғалиев «қайтыс болды» деген ақпарат ғаламторда санаулы сағаттарда тез тарап кеткен еді. Алайда, жұрттың үрейін алған жазбаның жалған екенін композитордың өзі инста-парақшасында хабарлады. Сондай-ақ, өнер иесі өзін өлдіге санаған басылымды сотқа беретінін мәлімдеген. Интернетті дүрліктірген қауесеттің қайдан шыққанын білу мақсатында Stan.kz ақпараттың агенттігінің тілшісі Халық әртісінің ұлына хабарласып, барлық мән-жайды білген болатын. Біржан Хасанғалиевпен болған эксклюзивті сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Біржан Хасанғалиев: Әкеммен бес минут бұрын сөйлеспегенде мен де оның «қайтыс болғанына» сенер едім

–         Біржан Ескендірұлы, ассалаумағалейкум! Ғаламторда тараған ақпараттың жалған екені расталды. Дәл қазір әкеңіздің денсаулығы, жалпы хал-жағдайы қалай?

–         Дәл қазір денсаулығы жақсы. Өйткені, қазір санаторийде реабилитациядан өтіп жатыр. Құдай қаласа бес-алты күннен кейін Алматыға аман-есен анам екеуі оралады.

–         Сіздерге жайсыз жағдай туралы жалған ақпаратты алғаш рет кім хабарлады? Қайдан естідіңіздер?

–         Уатсап арқылы маған біреулер жіберді. «Қайтыс болды» деген ақпараттар кетіп жатыр, осындай болып жатыр. Фейсбутен, тағы бір газеттен деп хабарлады. Оны адамдар көреді ғой. Біреулер жылап, біреулер өзінің көңілін білдіріп жатыр. Ал мен сол кезде бес минут бұрын ғана әкеммен сөйлесіп, қал-жағдайларын сұрағанмын. Сондықтан бұл ақпараттың жалған екенін бірден білдім.

Сосын бүкіл әлеуметтік желілерден тоқтатуға тырыстық. Бұл нағыз жалған ақпарат болды. Қазіргі таңда өкінішке орай біздің кейбір журналистер немесе редакциялар нақты ақпаратқа көзі жетпей, жариялап жібереді. Ол журналистік этикаға жатпайды. Жарайды, мен бес минут бұрын әкеммен сөйлестім. Мысалы, мен сөйлеспесем, мен де ойлап қалуым мүмкін ғой сондай жағдай болып қалды деп. Басқа облыстағы қаншама туысқандар, жолдастар бәрі жылап жатыр. Біреудің жүрегі ауыратын шығар. Олар соны ойламайды.

–         Ескендір Хасанғалиевтің әлеуметтік желідегі жариялаған жазбасында жалған ақпарат таратқандарды жазалаймыз делінген. Кінәлілерді таптыңыздар ма?

–         Қай газет екенін білемін. Ол газеттің редакциясы бір ақпараттық порталдан көшіріп алған ғой. Олар кешеден бері бірнеше рет қоңырау шалып, кешірім сұрап жатыр. Ал осы ақпаратты ең бірінші таратқандарды қазір іздеп жатырмыз. Әзірге олардың аттарын айтпаймын. Сотқа беру ойымызда бар. Қазір қажетті материалдарды жинап жатырмыз. Менің телефоным бар. Маған бірінші хабарласып, анығын біліп алу керек қой. Күнделікті қарым-қатынаста жүрген адамдар ғой. Қай жағынан қарасаңыз да, бұл журналистік этикаға жатпайды.

–         Осыдан біраз уақыт бұрын инстаграм парақшаңызда әкеңізге ота жасалғанын жариялаған едіңіз…

–         Иә, ондай осыдан бір жарым ай бұрын ота жасалды. Енді барлық адамға жасалады ғой. Ол кісіге де жасалды. Аздап ауруханада жатты. Санаторийде емделіп жатыр. Бірақ ақпаратты дәл сондай хәлге жеткізу кімнің ойынан, кімнің жүрегінен шығатынын түсінбеймін. Ұят нәрсе!

–         Желіде жалған ақпарат таратқандарды сотқа беруге бекініпсіздер. Нақты шешім қабылданды ма? Қандай шара қолданасыздар?

–         Сот туралы нақты шешімді қабылдаған жоқпыз. Өйткені, мен әкемді дәл қазір сондай жайсыз жағдайлармен ренжіткім келмейді. Жақында Алматыға келеді. Содан кейін сөйлесеміз.

–         Сұхбатқа жедел  уақыт тауып, ресми түрде жауап бергеніңізге мың алғыс. Stan.kz ақпараттық агенттігінің атынан әкеңізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!  

 

Талқылау