Бірден дабыл береді: Елордада қоғамдық көлік жүргізушілерін ұйықтап кетуден сақтайтын қондырғылар орнатылып жатыр

Жолдағы келеңсіз жәйттердің алдын-алу мақсатында елордадағы қоғамдық көліктерге қыруар қаржыға қондырғы орнатылып жатыр. Ол құрылғы автобус тізгіндеушісінің эмоциясын бақылап, жүргізушінің көзі ілініп кетсе, мазасы болмаса бірден дабыл беретін көрінеді.

Алайда тәжірибе барысында мүлде басқаша болып шықты.

Наурыздың 26-сы күні болған жол апатында қалаға қатынайтын қоғамдық көлік бағдаршамда тоқтап тұрған келесі бір автобусты соғып, салдарынан 2 адам жан тапсырған еді. Ал, тағы бір апат күні кеше 9 мамырда болды. Қалалық автобус жол бойында тұрған қорғанды бұзып өтті. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Аталған жағдайлардан жауапты компания сабақ алды ма белгісіз, қоғамдық көліктерде жүргізушілерді бақылайтын құралдар орнатуда. 

Аталған қондырғы орнатылған қоғамдық көлікте кішігірім тестілеу жүргіздік. Көріп тұрғанымыздай қоғамдық көлік жүргізушісі көзін жұмып та, ұялы телефонды қолданып та, көлікті айдап бара жатыр. Әзірге қондырғының ешқандай әрекетін байқалған жоқ.    

Иә, "жүргізуші өзін жайсыз сезінген жағдайда ультрадыбысты дабыл соғады" деп бастапқыда айтылған еді. Бірақ, оны естіген жоқпыз. Ал, қондырғыны орнатқан мамандар құрылғы 60 шақырымнан асқанда әрекет етеді дейді. Бірақ,ол жылдамдыққа дейін жеткізуге сескендік. Апат айтып келмейді ғой. 

Дегенмен біздің жүргізген тәжірибеміз көлікті бақылау департаменті мамандарының базасына келіп түскен. Жүргізушінің көзін жұмып айдағаны да, телефон қолданғаны да лезде тіркеліпті. Бірақ рөлдегі кісінің ұйқысын ашатын дабыл соққан жоқ. Оны мамандар техникалық ақаумен түсіндірді. 

"Біздің бірінші жүйе жүргізушінің жай-күйіне жауап береді. Егер де жолда ұйқтап кетсе, шаршаған белгілері байқалса бірден дабыл береді. Сондай-ақ, қозғалыс кезінде жүргізуші тамақтанса, ұялы телефонмен сөйлессе, құлаққап пайдаланса, темекі тартса заң бұзушылықтарды тіркеп отырады. Екінші құрылғы жолаушылардың қауіпсіздігі үшін орнатылады", - дейді құрылғыны жасап шығарған компанияның менеджері Дархан Біләлов. 

Бұл қондырғылар автобустарға орнатылғалы 1 апта уақыт өтсе де, қазір жол үстінде өзін жайсыз сезінген 3 жүргізуші анықталған. Барлық сынақтан сәтті өтсе, алдағы уақытта қаладағы басқа да автобустарға орнату жоспарда бар екен. Бірақ құрылғының нақты сомасын жауаптылар айта алмады. Пилоттық режимді өткізуге автобустарға тегін орнатылыпты.    

"Бүгінгі таңда елордамыздың автопарктерінде жүргізуші тапшылығы байқалып отыр. Бұл олардың тез шаршауына, сонымен қатар қозғалыс кезіндегі назарын азайтуға алып келеді. Автопарк медбикелерімен жүргізушілер линияға шығар алдында тексерістен өтеді. Осы жоба бойынша онлайн мониторинг екі автобусқа тестілеу режимі орнатылды. Тестілеу режимі бір ай уақытқа созылады", - дейді қалалық көліктік бақылау департаментінің маманы Райымбек Қабиболла. 

Жолаушылар тасымалына жауаптылардың мәліметінше қазір қаладағы автобус парктеріне 725 білікті жүргізуші жетпейді. Бұл әрине, мамандардың артық жұмыс істеуіне әкеп соғады. Сондықтан осы әрекет арқылы жауаптылар соңғы уақытта жиілеп кеткен автобус апаттарының алдын алмақ.    

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр