Бір тиын да жоғалтпай жүктілік демалысына шығу үшін не істеу керек

Жұма, 29 Сәуір , 2016 11:08

Жүктілік демалысына шығатын болашақ аналарға қандай төлемақы тиесілі және оны қалай алуға болады? Бұл туралы «Астана ақшамы» газетінің тілшісі біліп көрді.

бала

Сурет: colady.ru

Сіз жақында ана атанасыз! Бұл сөздерді есту барлық нәзік жандылардың арманы десек қателеспейміз. Қуанышты жаңалықты ести салысымен болашақ ана емханада тіркеуге тұрып, құрсағындағы сәбиінің дұрыс жетілуі үшін аянып қалмайды. Бұл ретте зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа (бұдан әрі ЗТМО) бару керектігін де естен шығармаған жөн.

ЗТМО-ға жол тарттық

Болашақ ана жүктілігінің 30-аптасында дәрігерден еңбекке жарамсыздық парағын алып, жүктілік демалысына шығуға құқылы. Заң бойынша, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнге беріледі – босанғанға дейін 70 күн, босанғаннан кейін 56 күн. Аталған құжатты алған бойда ЗТМО-ға жол тартыңыз. Өзіңізбен бірге келесі құжаттарды алғаныңыз жөн:

1. жеке куәлік;
2. тұрғылықты жері жайлы мәлімет (мекенжай анықтамасы);
3. жүктілікке байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық парағы;
4. жұмыс орнынан әлеуметтік жағдай туындаған уақыттан бұрынғы 12-айдың орташа айлық табысы жайлы анықтамасы;
5. жеке немесе карточкалық есеп шоттың нөмірі.

Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен әйелдер қосымша мына құжаттарды тапсыруы тиіс:

1. жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендігі жайлы мемлекеттік тіркеу куәлігінің көшірмесі;
2. салық органдарының салық және басқа да міндетті төлемдері жайлы салыстыру актісі.

Жүктілікке байланысты төлемақы

«Жүктілікке байланысты табыс көзінен айырылу жағдайында төленетін әлеуметтік төлемақы орташа айлық табыс мөлшерін еңбекке жарамсыздық мерзімінің әр күніне көбейту арқылы белгіленеді», – дейді Халықтық акционерлік қоғамының ««Үкімет – азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы» Астана қаласындағы бөлімінің «ТЖМО» Департаменті директоры Сағира Айтанаева.

Орташа айлық табыс мөлшерін есептеу үшін, әлеуметтік аударымдар жүргізілген соңғы жылда түскен соманы 12-ге бөлу қажет. Мұнда ай сайын тұрақты түрде жалақы алған-алмағаныңыз, ақысыз демалысқа шыққаныңыз маңызды емес. Коэффициентті уақытша еңбеккке жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санын 30 күнге бөлу арқылы анықтауға болады.

Ендігі есептеп көрейік. Сіздің айлық табысыңыз 100 мың теңге делік. 126 күнді 30-ға бөлсек, 4,2 мәні шығады. Осылайша, Әлеуметтік сақтандыру қоры сізге 420 мың теңге көлемінде төлемақы береді. Бұл сома шотыңызға 8 жұмыс күні ішінде түсуі тиіс.

Бастысы, уақыт өткізіп алмаңыз

Босанғаннан кейін бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы мен туылғанына байланысты жәрдемақы алу үшін тағы да ТЖМО-ға баруыңызға тура келеді. Дүниеге сәби келуіне байланысты берілетін жәрдемақыдан жұмыс істейтін де, жұмыссыз да аналар үміт ете алады. Жәрдемақаны бала туылғаннан бастап бір жыл ішінде ала аласыз. Араға қанша уақыт салып барсаңыз да, сәбиіңіз екеуіңізге тиесілі ақшаны толықтай төлейтініне сенімді болыңыз. Алайда, ұзаққа созудың қажеті жоқ. Бала туылғаннан кейін ұсақ-түйек шаруалармен уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалуыңыз мүмкін. Соның салдарынан тиесілі ақшасыз қалуыңыз ғажап емес.

Енді ай сайынғы төлемақы сомасын қалай есептеу керектігін біліп көрейік. «Бала бір жасқа толғанша, оның күтіміне байланысты табыстан айырылу жағдайында төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемақы көлемін есептеу үшін, орташа айлық табыс мөлшерін табыстың орнын толтыру коэффициентіне, яғни 0,4 санына көбейтеміз», – деп түсіндірді Сағира Айтанаева.

Зейнетақы төлемдері қалыс қалмайды

Есептей келе, айлық табысыңыз 100 мың теңгені құрайды десек, ай сайын 40 мың теңге алып отырасыз. Алайда бұл ақшаның 10%-ы міндетті зейнетақы төлеміне ұсталып отыратынын естен шығармаған жөн. Демек, қолыңызға 36 мың теңге көлемінде ақша түсуі тиіс. Бұл ретте ескерте кетер жай жөнінде: «Аталған әлеуеметтік төлемақының ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі жалақы мөлшерінің 40%-нан аспауы тиіс», – деп атап өтті Сағира Айтанаева.

Биылғы жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 22 859 теңгені құрайды. Тиісінше, ай сайынғы әлеуметтік төлемақының ең жоғары мөлшері зейнетақы төлемдерін ескергенде, 82 293 теңге болмақ.

Десе де қатардағы мемлекеттік қызметкердің орташа жалақы мөлшеріне пара-пар мұндай сома айлық табысыңыз 206 мың теңгені құраған жағдайда ғана беріледі.

Бұған қоса, жұмыссыз аналар сәбиі бір жасқа толғанға дейін бала күтімі үшін төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыдан үміттене алады. Жәрдемақы алу үшін жеке куәлік, мекенжай анықтамасы, жеке немесе карточкалық есеп шоттың нөмірі, баланың туу туралы куәлігі немесе туу туралы акт жазбасының көшірмесін тапсыруыңыз тиіс.

Қоғамда жүктілік демалысы уақытында жұмыс істеп, табыс тапсаңыз жәрдемақы берілмейтіндігі жөнінде сөздер айтылып жүр. Сөзімізге сеніңіз, бұл қате пікір. Аталған жағдайда тек көмекқаржыдан айырылуыңыз мүмкін.

Жұмыссыз аналар жайы қалай болмақ?

Бала туылуына байланысты бір реттік жәрдемақыны барлық аналар ала алды. Бұл жердегі басты айырмашылық жұмыс істейтін әйел адамдарға жәрдемақыны Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлесе, жұмыссыз әйел адамдарға мемлекеттік бюджет тарапынан беріледі. Бірінші, екінші, үшінші балаңызды дүниеге әкелгенде 31,41 АЕК, яғни 66 621 теңге, төртінші және одан кейінгі бала үшін 52,35 АЕК, яғни 111 035 теңге көлемінде жәрдемақы ала аласыз.

«Жұмыссыз аналарға сәбиі бір жасқа толғанша жәрдемақы төленеді. Ол үшін жеке куәлігін (оралмандар үшін оралмандығын растайтын куәлік), баланың туу туралы куәлігін немесе туу туралы акт жазбасының көшірмесін тапсыру қажет. Өтініш пен қажетті құжаттар үшінші жақ тарапынан тапсырылған жағдайда сенімхат талап етіледі», – дейді Халықтық акционерлік қоғамының ««Үкімет – азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы» Астана қаласындағы бөлімінің «ТЖМО» Департаменті директорының орынбасары Гаухар Мұханбетжанова.

Белгіленген жәрдемақы мөлшері:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК – 12217 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК – 14445 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК – 16650 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК – 18877 теңге.

Босанған соң берілетін тиесілі жәрдемақының барлығын мемлекеттік органға жүгінгеніңізден кейінгі 7 жұмыс күнінің ішінде ала аласыз. Ендеше, материалдық тұрғыдан қолдаусыз қалмайтындарыңызға сенімді болыңыздар, болашақ аналар. Үбірлі-шүбірлі болып, бақытқа кенеліңіздер!

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

1
Комментариев
  • Жұмбақ жан says:

    Menin bosanganima 4ai boldi,dekret ahwasin osi kunge deiin tapsiralmai jurmn sebebi jumis jerimde sonigi 6ailih pensioni ahwasi audargan joh.sizderden suraindegenim halai alsam boladi?

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
26.03.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар