Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Білім министрі қазақ-түрік лицейі төңірегіндегі дауға қатысты мәлімдеме жасады

Елімізде барлық қазақ-түрік лицейлері жаппай тексеріліп жатыр. Әзірге бұл мектептердің түрік діндары, оппозиционер Фетхуллах Гүленмен байланысы бар-жоғы анықталған жоқ. Бұл жайында жылдағы дәстүр бойынша өтетін ұстаздардың тамыз кеңесінде білім министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді, – деп хабарлайды ктк арнасы.

17835657

Айта кетейік, Түркия президенті Режеп Ердоған еліміздегі осы лицейлер мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған Гүленнің ілімін оқытып жатыр деп мәлімдеген болатын. Сондықтан бұл мәселеге Нұрсұлтан Назарбаев та араласып, арнайы комиссия лицейлердегі оқу процесін, кітаптарын және шын мәнінде Гүлен ілімі таратыла ма, жоқ па, соны анықтауға кіріскен.

«Түрік әріптестерімізбен бірге тексеріс жүргізіп жатырмыз. Бұл оқу процесіне еш әсер етпейді. Өйткені мектептер біздің мемлекеттік бағдарламамен оқып жатыр. Күдік расталмаса, лицей жұмысын жалғастыра береді», – дейді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпіріндегі  ұстаздардың басын қосып, тамыз кеңесін өткізген Сағадиев жаңа оқу жылындағы жаңалықтарға да тоқталды. Қыркүйектен бастап мектептерде1-ші сынып оқушылары біріңғай базалық оқулыққа  көшеді. Яғни бұрынғыдай әр өңір әр түрлі баспадан шыққан кітаппен емес, бір оқулықпен білім алады. Бұл жүйе балалардың білім деңгейін теңестіруге  және бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Білім министрінің айтуынша, соңғы жылдары мектепке дейінгі мекемелердің де саны он есеге артып, 2 200-ден асыпты. Енді тағы 30 мың орындық балабақшалар салу үшін Үкіметтен қосымша 6 миллиард теңге сұрап отыр. Сағадиев кеңеске келген вице-премьер Дариға Назарбаеваның осы мәселеге қолдау білдіруін өтінді.

Талқылау