Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бигелді Ғабдуллин әкімдер мен министрден қалай ақша бопсалағанын айтып берді

Атышулы журналист Бигелді Ғабдуллин ұсақ шенеуніктерді ғана емес, облыс әкімдері мен білдей министрлерді қорқытқан. Астанада жалғасып жатқан сот процесінде бүгін Ғабдуллиннің өзі, екі облыс пен Астана әкімдігінен де ірі көлемде ақша бопсалағанын мойындады. Бұл туралы КТК жаңалықтар қызметі хабарлады.

13925

Әкімдіктер секілді, өткір сыни мақаладан сескенген Энергетика министрлігі де, бас редактордың тендерден, яғни бюджеттен сұраған миллиондарын көп ойланбастап санап берген. Бірақ, журналистің қысымына шыдамаған шенеуніктер кейін оның өзін ұстап беруге мәжбүр болыпты.

Бигелді Ғабдуллин бүгін әкімдер мен орынбасарларын, тіпті министрден мемлекеттік тапсырысты қалай бопсалағанын айтып берді. Шатылып жатқан бас редактор жамбылдық шенеуніктерді ғана емес, Шығыс Қазақстан мен Астана әкімдіктерін де қатты қысымға алғаны белгілі боп отыр

Мәселен, Ғабдуллинге тиесілі ақпарат құралдары, Тараздан бірнеше жыл бойы 6 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын алып отырған. Бірақ “Central Asia Monitor” газеті мен Radiotochka.kz сайты сонда да облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевты тоқтаусыз сынап, кейін тағы 10 миллион бопсалапты. Осындай жүйемен Ғабдуллин Астана әкімнің орынбасары Ермек Аманшаевтан да тендер талап еткен .

“Аманшаевпен 30 жылдан бері жолдаспын. Жазушы, кино білгірі ретінде жақсы танимын. Сондықтан газетті қолдауға 8 миллион теңге сұрадым. Досым болғандықтан сондай талап қойдым. Ол сөзімді жерге тастаған жоқ”, – деді Бигелді Ғабдуллин.

Сыни мақаладан соң келесі күні журналист әкімдердің кабинетінен бір-ақ шығып отырған. Мәселен, Даниал Ахметовтен Шығыс Қазақстан өңірін мақтап жазу үшін 6 миллион теңге алыпты.

“Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен де кездестім. Ол орынбасары Жақсылық Омарды шақыртып алып, тиісті тапсырма берді. Кейін 6 миллион теңгенің тендерін алдық”, – дейді Бигелді Ғабдуллин.

Бұдан соң Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа шығу үшін “Қашаған” жобасына шүйліге бастапты. Бастығының абыройын ойлаған Бозымбаевтың баспасөз хатшысы Ғабдуллиннің шотына 2 миллион теңге аударған. Ақша ұстатып шаршаса керек, кейін Энергетика министрлігі журналистің үстінен ұлттық бюроға арыз жазған екен. Алайда, бүгін аты аталған әкімдер мен министрлер сот отырысында төбе көрсеткен жоқ.

“Олардан тергеу кезінде жауап алынды. Сот қаласа, куәгерлерден қайта түсініктеме алуға құқылы. Бірақ біз ондай талап қоймадық. Меніңше, олардың жауабы енді ештеңе шешпейді”, – деді Бигелді Ғабдуллиннің адвокаты Аманжол Мұхамедияров.

Кінәсін мойындап рақымшылыққа іліккісі келетін Бигелді Ғабдуллин келтірген шығыны – яғни 22 миллион теңгені бюджетке қайтарып берген. Ал жапа шеккен 3 әкімдік пен министрліктің оған қояр талабы жоқ екен. Атышулы журналисттің өзі, миллиондарды газеттің мазмұны мен қызметкерлеріне жалақы ретінде төлегенін айтып ақталып отыр.

Енді сыннан үркіп, мақтауды ақшаға сатып алған әкімдіктердің өткізген тендеріне қатысты да тексеріс басталуы мүмкін. Бигелді Ғабдуллиннің ұсталғаны туралы жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро 2016 жылдың 15 қарашасында хабарлаған. Ол өзі басқарған ақпарат құралдарын пайдаланып, мемлекеттік органдардағы басшыларға ақпараттық шабуыл жасаған, олардың беделіне нұқсан келтіретін мақалалар жариялаймын деп қорқытқан.

Ол сондай-ақ, өзін қылмыстық жауапкершілікті босатуды сұрап, 20 миллион теңге айыппұл төлеген еді.

Оқи отырыңыз:

Айсұлтан Назарбаев Жақсыбеков пен Тасмағамбетовке қарсы шықты

Назарбаев Бишімбаев пен Ыдырысовты отставкаға жіберді

Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы ұсталды

Нұрсұлтан Назарбаев үш мектеп оқушысының тілегін орындады

Талқылау