Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда оқу гранттары ваучерге айналуы мүмкін

Студенттерге белгілі бір сомаға ваучер беріліп, қай ЖОО-ға түскісі келетінін өздері таңдайтындай жағдай жасауға ұсыныс жасалып отыр.

image

Фото: voxpopuli.kz

Бұл туралы “ҚазАқпарат” хабарлайды.

Оқу гранттарының орнына ваучер тағайындауды ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұсынды.

“Грантқа қатысты мәселе өткен аптада қаралған болатын. Ұлттық, мемлекеттік, жекеменшік ЖОО-лардың ректорлары болды. Барлығы бірауыздан гранттардың бірдей болу керектігін қолдады. Мұнымен қатар, олар мұның 2017 жылдан бастап жүзеге асқанын қалайды. Бұл ақылға сыйымды нәрсе”, – деді Сағадиев сенбі күні Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетте өткен кездесуде.

Сағадиевтің айтуынша, көптеген ректор гранттар ваучерлерге айналған грузиндік модельді қолдап отыр.

“Яғни мемлекет студентке ваучер береді. Ол осы ваучермен өзі қалаған кез келген ЖОО-ға бара алады. Егер ЖОО оқуының төлемақысы ваучерден асса, ол қосымша ақша төлей алады. Студент өте талантты, түрлі олимпиада жүлдегері болса, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен болса, мемлекет немесе ЖОО оған грант мәселесінде көмектесе алады. Осы модель толықтай дайын болған кезде, оны жоғарғы жаққа ұсынамыз, – дейді ҚР Білім және ғылым министрі.

Естеріңізге сала кетсек, жаңа тағайындалған білім министрінің оқушыларды қай тілде оқыту керектігін айтқаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Талқылау