Бейбіт Қорған: Қазір салмақтымын. Бұрынғыдай пародия жасауға ұяламын
Бейбіт Қорған отандық бағдарламалардың бірінде шығармашылығындағы жаңалығын бөлісті. Әнші 30 наурыз күні «Сәлем, Қазақстан» жобасында жеке ән кешін бермек. Мұнымен қатар, ол қазір сахнада пародия жасауға ұялатанын жеткізді.
Бұл туралы «Таңшолпан» бағдарламасында айтылды.
– «Сәлем, Қазақстан» байқауының бір ерекшелігі – өнерпаздар өздерін жаңа қырынан танытады. Ол әншінің жүргізушілік, ақындық қыры болуы мүмкін. Яғни көрермендеріңізге әзірлеген тосын сыйларыңыз бар ма?
– Ертең «Сәлем, Қазақстан» жобасында кішігірім концертімді беремін. Барлығы жақсы өтсін деген ниетім бар. Астанаға қонаққа келген жандарды осы концертке шақырамын. Жаңа әндер міндетті түрде болады. Орындайтын туындыларымның 80℅-ы жаңа десем де болады. Жүректен шыққан әндерімді көрермендердің көкейіне жеткіземін деген ойдамын.
Ұйымдастырушылар пародия жасауымды сұрап жатыр. Меніңше, ол ұят нәрсе. Халыққа аса ұнамайтын сияқты. Бір шетінен өсіп, салмақтырақ болып қалдық дегендей. Ал домбырамен, гитарамен айтатын әндеріміз міндетті түрде болады деген ойдамын. Эстрада жанрындағы шоу-концерт ретінде өткізу ниетіміз де бар. Себебі, аспапта ойнай алатынымды басқа бағдарламаларда да көрсетіп жүрмін.
– Концертке достарыңыз, үзеңгілестеріңіз келе ме?
– Ағайын-туысқандарыма, достарымның барлығына қоңырау шалып концерт туралы айтып қойдым. Алла бұйырса, ертең басымыз қосылатын шығар.
– Бағыңызды ашқан «Маған арман» әні деп ойлайсыз ба? Өзіңізге қай туындыңыз қаттырақ ұнайды?
– Бірінші «Бала сезім» атты анаға арналған әнді орындадым. Одан кейін «Кім ол», «Маған арман», «Жүрегімде сен» деген әндермен келе жатырмыз. «Шоқ қыздар» әнін Алланың берген бағы деп қабылдаймын. Хитке айналып, өзім үшін ерекше орын алды. Бұған дейін де хиттеріміз болды. Бірақ жаңағы әнді шетелдіктердің де тыңдап жатқанына қуандым. Үнемі бұл әннің қазақ халқының жетістігі екенін айтып жүремін.
– «Екі жұлдыз» байқауына Нәзира Бердалы ханым екеуіңіз қатыстыңыздар. Сол секілді музыкалық тележоба ойлап шығару ойыңызда бар ма? Жаңа жасыңыздың ұлғайғанын, басқа деңгейге өткіңіз келетінін айтып қалдыңыз.
– Ойымда бар. Бірақ байқау ұйымдастырмасам да, соларға қатысып, жақсы әндерді орындап, халықтың көзіне көрініп қалуға тырысамын.
– «Шоқ қыздар» хит болады деген сенім болды ма? Бұл сенім қанша пайыз болды?
– Жоқ дегеннің өзінде 70℅-ға сенімді болдым.
Жіберіп алмаңыз:
Мейрамбектің әнін шырқаған жұп көпшілікті таңдай қақтырды (видео)
Димаштың ізбасары: Мен қазақтың атын шығарғым келеді (видео)
Жан Ахмадиев: “Темір қатын” туындысын шоу-бизнестегі тәрбиесіз әйелдерге арнаймын
Мейрамбек Бесбаев ұлының 2 жасқа толуын атап өтті (фото, видео)