Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бетін тіліп, шашын құйқасымен жұлған: Марқұмның "мені өлтіруде" деп айғайлағанын естіген куәгерлер бар

Алматы облысында туғандары жиырма күннен бері жер-көктен іздеген келіншек өлі күйі табылды. Оны ерлі-зайыпты таксистер жүз мың теңге үшін азаптап өлтіріп, айдалаға көміп кетіпті. Артында үш баласы қалған әйелдің жақындары өзіміз іздеумен айналысып, куәгерлерге дейін полицейлердің алдына апардық деп отыр.

Сонда да, тергеушілер шайнап берген затты жұта алмай, істі созбаққа салғанына қапалы, деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеп Stan.kz ақпарат агенттігі.Соңғы жиырма күннен бері тыныштығы кеткен отбасы әлі күнге дейін қыздарының азаптап өлтіргеніне сенер емес. Мәйіттен өз туғандары екенін де тану қиын дейді. Сегіз жерден пышақталған, беті тілінген, шашы құйқасымен қоса жұлыныпты. Қаскөйлер Батура Мамедова екенін танымасын деп әдейі жасағанын айтады. Алайда одан бұрын полицейлерге өкпелі. Себебі шайнап берген затты жұта алмай күйдірді дейді. 

"15 күн таба алмаған қызымды бір күнде тапты. Біз іздестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмей жатқандығы туралы шағым жаздық. Өйткені Батураның таксиге отырғаны бейнебақылауға түсіп қалған. Ол көліктің нөміріне дейін берсек те, еш әрекет жасалмады. Оның шыңғырған дауысын естіген куәгерлерді де біз өзіміз таптық", - дейді әкесі Бабек Маметов. 

Алматыдағы сұлулық салондардың бірінде жұмыс істеген келіншек 27 мамыр күні кешкі сағат жеті жарымдар шамасында жұмыстан шыққан. Ащыбұлақ ауылына дейін такси ұстаған. Арғы жағында Көкқайнарға дейін тағы біріне отырған. Барлық гәп сонда басталыпты. Елдімекенге жеткенінде, ақшасын төлерде әмиянындағы бір бума көк қағазды көрген қаскөйлердің көзі қызып, артында отырған әйел сегіз рет пышақ сұғып алыпты. Сөйтіп өлтіріп алған соң, облыстың басқа шетіне барып, мәйітті көміп кеткен. 

"Қазіргі уақытта аталған дерекке сәйкес, қажетті сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу жұмыстарымен Іле ауданының полициясы айналысуда. Сонымен қатар, Алматы облысы полиция департаменті осы істі ерекше бақылауына алғанын атап өту қажет", - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Серік Үпиев. 

Сондағысы әмиянда небәрі 100 мың теңге болыпты. Мойындағы қалың алтын алқасына да қызықса керек дейді туғандары. 40 жастағы келіншек сол көлікте қиналып жатқанында-ақ "мені өлтіруде" деп айғайға басқанға ұқсайды. Шыңғырған дауысын естіген куәгерлер де бар. Тек, газды басып өте шыққан соң, көмектесе алмапты. Ал, соңғы бір жылда бірге істеген әріптестері орындалмаған арманы көп еді деп отыр. 

"Ол өте жайдары, ашық кісі еді. Әрқашан көмектесуге әзір болатын. Өмірді жақсы көретін. Алға қойған жоспары көп еді. Пластикалық ота жасауды армандайтын. Барлық мақсаттарымен бөлісіп отыратын", - дейді әріптесі Ақмаржан Рысқалиева. 

Марқұмның артында үш бірдей баласы қалды. Қайғыдан қан жұтқандар қыздарын азаптап өлтірген ерлі-зайыптылар жазадан құтылып кетпесе екен дейді. 

Талқылау