Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Бес адамның тамағын жеп, шулап төбелеседі: күйеуінің арамтамақ бауырларынан мезі болған әйелдің амалы не?

Әлеуметтік желілерде  көптеген қазақстандықтар ағайын – туыстарының қаны бір болғаны үшін бітпейтін өтініштерін орындауға міндетті екенін айтып шағымдануда деп жазады Stan.kz.

 

 

Психолог өз кеңесімен бөлісті ...

Ағасының өтінішінен бас тарта алмаған жігіт үлкен көлемдегі несие алуға кепіл болған. Ал ағасы күтпеген жерден қайтыс болып, несиені төлеу жігіттің мойнына ілінген. Үлкен көлемдегі несиені төлей алмай отырған жігіт баспанасынан айырылуы мүмкін.

Тағы бір мысал, Алматыда жұмыс істеп жатқан қызына ата-анасы  іні қарындастарыңа, үйге, тойға деп ақша жіберуін талап етіп отырған. Ал қыз байғұс бар жиған-тергенін ауылдағы ата анасына саламын деп өзі демалуды ұмытқан. Бір ашынарлығы біздің елімізде бұндай «туысқандар» мыңдап саналады.

Әлеуметтік желіде көмек сұрған әйелдің жанайқайы:

“Бес жыл бұрын Астанаға жұбайымыз екеуміз көшіп келгенде қолымызда бір ғана сөмке болды.  Күнделікті таңертеңнен кешке дейін пәтерге ақша табу үшін жан аямай жұмыс істедік. Мен тіпті аяғымның ауырлығына қарамастан, жүктілік демалысына шыққан жоқпын. Босанған соң да үйге жатып алмай дереу жұмысқа қайта шықтым. Менің тапқаным тек азық-түлікке ғана жетсе, күйеуімнің тапқаны пәтерақыға деп қор жинадық. Жиналған ақшаға екі бөлмелі ескі үй сатып алдық. Біздің екі ұлымыз бар. Олар енді ғана балабақшаға барып жатыр. Мен жұмысқа шығып кеттім. Осыдан соң жұрт қатарлы өмір сүреміз ба десем, күзде күйеуінің кішкентай бауырлары үйге келіп, осында жұмыс іздейтіндерін айтты. Сап-сау екі ер азамат 5 ай  үйде құр жатты. Жұмысты бірде іздейді, бірде іздемейді, таңнан қара кешке дейін үйде жатады. Тапқан жалақым солардың тамағына, тоңазытқышты толтыруға кетеді. Екі жігіт бес адамның тамағын жеп, шулап кейде төбелеседі. Жұмыстан шаршап келсем үйде тамақ болмайды. Үйде күң сияқтымын. Күйеуімнен олар қашан кетеді деп сұрасам ол ашуланып, бұл менің туыстарым  олар өздері үшін пәтер сатып алғанша бізбен бірге тұратындығын айтады. Осы үшін ұрсып қаламыз. Ол мені түсінгісі келмейді. Балаларды алып, кетіп қалғым келеді. Бірақ күндіз түні бел жазбай жұмыс істеп, маңдай теріммен тапқан пәтерден неге мен  кетуім керек?! Кейде басыма заттарын жинап алып  есіктен шығарып, құлыпты өзгертіп тастасам деген ой келеді.  Енді не істеуге болады, амалым қалмады”.

«Қазақтардың осындай туыстарын жауыңада тілемейсің» – деп  жазып жатыр желі қолданушылары.

Ал осыған байланысты сарапшылар не дейді? Белгілі  психолог Жанат Біржанова өз кеңесімен бөлісті.

Жанат ханым айтыңызшы “ағайынның қадірін жалалы болғанда білесің” деген, ал осы күнде ағайынның қадірін неге білмей жүрміз?

Әр адам өз-өзін ойлайды. Ағайынға деген көмек беру-ол да өз-өзін ойлаудың жолы деп айтуға болады. Себебі, бала кезінен бастап, біздің қазақтарды “ағайынды жақсы көрсең, біз де сені жақсы көреміз” деп ата-анасы сөзбен және қимылмен айтып өсіреді. Себебі бұл маxаббаттың түрі-шартты маxаббат. Сөзсіз маxаббатта өскен бала ол өз-өзін аяғына қойып, сосын барып ағайынына көмектеседі. Барлығы бала кездегі тәрбиеге байланысты.

Бір құрсақтан шыққан бауырлардың басы бір үйге сыймай, алакөз болып жататын жағдай көп. Кінә кімде? Қай жерден кеткен қателік бұл?

Бұл да адамның бала кезінен қалыптасады. Бала кезінде адам ата-анасының ұрысын естиді, бірақ олардың татуласқанын көрмейді. Татуласатын жолдарды қазіргі ата-аналар балаларға көрсетпейді. Сол себептен, ұрысып қалған ағайындар татуласа алмай, бір-бірін жақтырмай жүре береді. Кей жағдайда анасының ұрысқақ болуы, күйеуімен тіл табыса алмауы да балаға кері әсерін береді. Ескеру керек бір жайт, бала кездерінде ағайынды екі жігітті салыстырса, өскен соң бір-бірін жақтырмай қояды. Сол себептен екі ағайындыны бала кезден ешкіммен салыстырмау керек. “Жұрттың баласы анадай-мынадай” деген сөздер болмау керек, керісінше “сендер жақсысыңдар, бір-бірлеріңе көмектесу керексіңдер” деп құлағына құю керек. “Сенің мінезің неге сондай, ағаң ондай емес” деген сынды салыстырулар мүлде болмау керек.

Ағайынның араздасуына үйдегі әйелдің әсері қандай?

Әйел адамның әсері өте көп. Екі ағайындының арасын көркейтіп гүлдендіретін де әйел, қарым-қатынасты өшіретін де әйел. Әйел адамда өзінде болмаған дүниесін өзге біреуден көрсе көреалмаушылық сезімі оянып кетеді. “Сенің ағаң осындай”, “сенің інің сүйтіп қойды” деп бітпейтін әңгімесін айтып күйеуіне ағасын немесе інісін жамандауы мүмкін. Бұндай жағдайлар да кездесіп жатады. Бұның барлығы о баста ананың балаға берген тәриесінен басталатын дүние.

Ағайын-туыстың қисынсыз, орынсыз өтініштерінен қалай бас тартуға болады? Ағайын да, өзің де жапа шекпейтіндей қандай шешім қабылдауға болады?

Бұндай жағдайда адам жоқ деген сөзді айта білу керек. “Менде уақыт жоқ”, “менде бұл айға ақша жоқ”, “мен оны істей алмаймын”,- деп қандай жағдай болмасын өз-өзін құтқару керек. Әуелі өзін жарылқап алу керек. Сосын барып ағайын-туманы ойлап, көмек қолын созу керек. Ал бәрін тастап жүгірген ағайынына да, өзіне де көмектесе алмай екі оттың ортасында қалып қояды. Сол себепті адам бірінші өзін ойлауы керек. Екіншіден, ағайын ақша сұраса да, кредит алғызса да немесе “тез кел, өлгелі жатырмыз, денсаулығымыз жоқ” десе де, ең алдымен, “мен ол кісіге көмектесе аламын ба, көмектесе алмаймын ба? Көмектессем қанша пайыз менің денсаулығым, қанша пайыз ақшам кетеді?” деген сұрақтарға әрбір адам жауап беруі керек. Сол кезде ғана адам айналасына толық көмектесе алады деп ойлаймын.

Автор: Жанна Мәлік

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр