Белгілі ақын Төреғалидің өзіне қиянат жасағанын мәлімдеді

Жұма, 2 Ақпан , 2018 12:01

Соңғы кездері ел аузынан түспей жүрген әнші Төреғали Төреәлінің тағы да басы дауға қалды. Ақын Әл-Фараби Бекарысұлы Төреғалидің өзіне қиянат жасағанын айтты. Айтуынша, әншінің орындауындағы “Найзағай болып” әнінің сөзін Бекарысұлының өзі жазған, алайда Төреғали достарымен бірге оны аз-маз өзгертіп, иеленіп алған, деп хабарлады “Замана” басылымы.

– Бұл әннің әу бастағы сөздері менікі еді. Ал Аян Сейітов деген жігіт Төреғалидың айтуымен өзгеше етіп сөз жазған. Бірақ ең негізгі бөлігі – «Найзағай болып» деген жерін алып қалған. Менің нұсқамдағы өлеңнің аты – «Найзағай көңіл». Ал Төреғалидың орындауында «Найзағай болып» деп таралып кетті. Ал оның әнін менің жан досым әрі группаласым Үкітай Ерниязов шығарған.

– Ендеше, бұл өлең қалай шығып еді? Қысқаша тарихын айтып бере аласың ба?

– Үйленіп, балалы-шағалы болған шақта бір қызға ғашық болдым. Қаршадай ғана қыз-тұғын, әсемдік салонына енді ғана шаштараз болып жұмысқа орналасқан екен. Әлгі қызды көру үшін апта сайын шаш қысқартушы едім. Тіпті ол шашымның пішінін бүлдіріп тастаса да қайтпайтынмын. Бір күні әлгі қыз түсіме кіріпті. Түсімде оған арнап дауыстап өлең оқып жатыр екенмін. Шошып ояндым. Содан дереу өлеңнің шумақтарын қағаз бетіне түсіре бастадым. Мұны көрген әйелім қатты ренжіді. Үйленер шақта ол маған: «Өлең жазғаныңды, тойда өнер көрсеткеніңді қаламаймын», – деген еді. Сол уәдені бұзғаныма мен де іштей қуыстанып қалдым да, соңғы екі шумағын тарс есімнен шығарып алдым. Ары ойланам, бері ойланам, түсімде әлгі қызға оқыған өлеңім есіме сол бойы түспей қойды. Бұл 2009-жылы болған оқиға.

Арада бес жыл өткенде, яғни 2014-жылы мен жол апатына ұшырадым. Көлігімнің быт-шыты шықты, бірақ өзім аманмын. Сізге өтірік сияқты көрінер, бірақ сол сәтте, яғни көлік апатқа ұшыраған кезде әлгі өлеңнің екі шумағы ойыма орала кетті ғой. Бұл бір тылсым дүние сияқты, қазір ойлап қарасам. Көліктің зақымданғаны, өзімнің жарақаттанғаным ойыма да кіріп шыққан жоқ, дереу телефонымның диктафонын қостым да, әлгі екі шумақты жазып алдым. Ауруханада жатқанда халімді сұрап Үкітай келді. Оған болған жайтты баяндап бердім де, соңынан шығарған өлеңімді телефонмен жібердім. Ол әп-сәтте әнін шығарды. Осылайша 2014-жылы өмірге «Найзағай көңіл» деген ән келді.

– Сонда Төреғали Төреәлі бұл әнді қалай, кімнен алған?

– Бұл әнді Төреғали Үкітайдан алған. Бастапқыда ол мұны домбырамен, менің жазған өлеңіммен орындап жүрген. «Тырнақалды туындымыз жарыққа шығатын болды» деп қуанып жүргенбіз. Күндердің бір күнінде Төреғали әннің сөзін мүлдем өзгертіп, ел ішіне таратып жібереді. Онысын бізге мүлдем ескертпейді. Әрине, біз бұған ренжідік. «Мұның не?» – деп өзіне бірнеше мәрте айттық. Бірақ ол: «Ескерткен сияқты едім ғой», – дегеннен ары аспады. Дұрыстап уәж айта алмады. Сосын біз де қазақшылыққа салынып: «Бәріміз бір өңірдің тумасымыз ғой, бір өлең үшін жаға жыртысқанымыз ұятты», – деп қоя салдық. Бірақ мен Төреғалидың өзіне: «Сен де ақындықтан алыс емессің. Ақын үшін өлеңі ішінен шыққан баласы іспеттес. Ал енді балаңды ойдан-қырдан қашқандар жұлмалап жатса сен қандай күйде болар едің?» – деп айтқанмын. Ол сонда: «Аға, бұл әнді сіздің сөзіңізбен де жаздырамын. Елге танытамын», – деп құтылған. Бірақ содан кейін біздің жаққа ат ізін салған жоқ. Тіпті кездесіп қалған жерде танымайтындай кейіп танытып жүр.

Мен мұны сіздердің газеттеріңіз арқылы неге айтып отырмын? Таяуда осы басылымда А. Келесбай деген кісінің «Досхан қалай қателесті?» деген тақырыпта мақаласы жарияланды. Ол мақаланың авторы бұл әннің авторлары Үкітай Ерниязов пен Аян Сейітов деп көрсеткен екен. Соған үн қосайын, бұл ән алғашында менің өлеңіме жазылғанын жалпақ жұртқа жария етейін дедім.

Жалпы, қазір көп әншілер өз әндерінің авторларын айтпайтын болды. Қызғаныш па, әлде соны атап айтуға ерінеді ме, білмеймін. Дегенмен бұл дұрыс емес. Егер ән шықпаса әнші қалай танылар еді? Сондықтан ақын мен сазгердің еңбегін атап көрсету керек.

– Өзің жайлы айтып өтсең…

– Мен Шиелі ауданының тумасымын. 1989-жылғымын. Қызылордадағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжді Үкітаймен бірге тәмамдағанмын. Өзімнен үлкен екі әпкем, екі қарындасым бар. Бес баланың әкесімін. Жаңа айтып өткенімдей, менің өлең жазуыма әйелім алғашында қарсы болған. Қазір түсіністікпен қарайды. «Найзағай көңілден» кейін де бірталай өлең келген өмірге. Оларға жазылған әннің біразын Роза Әлқожа, Серік Ибрагимов сынды әншілер орындап жүр.

– Әңгімеңе рахмет, шығармашылығың шыңдала берсін!

  Найзағай көңіл

1. Сезімнің қуат, күшіне ердім,

Өмірдің сынақ, ісіне көндім.

Аңсаумен талай, шаршаулы едім,

Ақыры сені түсімде көрдім.

Қайырмасы:

Жүруші ем сені айнала торып,

Алды-артымды да болжамай толық.

Қашанғы бұлттай жабырқай берем,

Жарқ етейінші найзағай болып!

2. Жанайқайымдай жаңғырған әнім,

Бойымда барда алғыр талабым.

Бұғаулы қолмен бұзып шығармын,

Шойын қақпалы тағдыр қамалын.

3. Аққуы болсаң шалқар көлімнің,

Өзіңе үлкен артар сенімім.

Жанартау жүрек жарыла жаздап,

Дариядай тасыр дархан көңілім.

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ. 

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
20.02.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар