Бекзат Саттархановтың анасы: Дәрігерлер Бекзатымды тумақ түгілі, көтеруге рұқсат бермеген
Осыдан 18 жыл бұрын Алаштың арда туған ұлы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов мезгілсіз өмірден озған еді. Небәрі 20 жасында Олимп шыңын бағындырған Бекзат жол апатынан қайтты. Осы орайда Бекзаттың анасы 7-арнаның “Өз ойым” бағдарламасына қатысып, ұлы жайлы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Бекзат – менің төртінші ұлым. Дәрігерлер маған екі ұлдан кейін бала тууға болмайды деген. Бүйректе қысым бар деп. Екі ұлды ұрланып, тығылып жүріп босандым. Үшінші ұлымды 6 айлық кезінде ғана барып есепке тұрдым. Күн суықта халатпен жүргенде ішімді байқамаған. Әйтпесе баламды алып тастайтын еді”, – дейді Бекзаттың асыл анасы Сырлыгүл Шойбекова.
Сырлыгүл апа дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, асықтай екі ұлын өмірге әкелген. Бесікте жатқан Бекзатқа қарап оны Олимпиада чемпионы болады деп армандаған. Арада 20 жыл өткен соң бұл арманына жеткен.
“Адамның өзінде арман-мақсаты болады, мен туамын, Құдай қуат берсінші деп. Одан кейін Бекзатта мүлдем рұқсат етпеді. Қан қысымы қазір де бар. Мақсат пен Бекзаттың арасы 3 жас. Үйдегі көкеміз “бала жетеді” деп 4 айлық баламды ойбайлатып алдырып тастаған. Қашып жүріп, ол кісіге де айтпай жүре бердік. Айтуға қорықтым, ол кісі де есепке тұрғаннан кейін білді. Саған бала керек пе, жан керек пе, деп ашуланды. Дәрігерге барғанда бәріне де өзім жауап беремін дедім. Қыз баланы босанып алайын деп, ақыры Бекзатым дүниеге келді”, – дейді Сырлыгүл апа.
Анасы Бекзатқа жүкті кезінде 6,5 айында бір-ақ есепке тұрыпты.