Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Bek Air жолаушысы: 27 наурыз – соңғы күнім деп ойладым

Қызылордадан Астанаға ұшқан Bek Air жолаушылары ұшақтың қона алмай жүргенін білгенде, тірідей жанып кетеміз бе деп қорыққан.

IMG_1638_1

Сурет: www.bekair.com 

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Арна тілшілері қатерлі ұшақ ішінде болғандармен тілдесіп, борттағы жағдайдың анық-қанығын сұраған.

Жолаушылар ұшақтың жер тіреп тоқтағанында, от тұтанып кетеді ме деп, тағы қауіптеніпті. Қазір олар өздерін қайта тудық дейді. Тіпті өмірге деген көзқарастарының өзгергенін айтып отыр.

«Өмірге қайта келгендей болдым. Әуеде 50 минут қалықтап, тағдырым қыл үстінде тұрғанда бар өмірім көз алдымнан өтті», – дейді жолаушы Жұлдыз.

Кешегі Қызылордадан Астанаға бет алған Bek Air жолаушысы бүгін аман-есен үйінің табалдырығын аттағанына риза.

“Ата-анамды ойладым. Сол кезде ғана жауапты сәт туындағанын сезіндім. Ата-анам қандай сезімде болады екен дедім. Барлық өмірім көз алдымнан өтті. Ерекше бір бақытты жағдаймен аман қалдық деп ойлаймын. Таңғажайып болды. Жолымыз болған шығар”, – дейді ұшақ жолаушысы Жұлдыз Қуатова.

Жұлдыз ұшақ бортында бірге толмаған сәбилердің көп болғанын айтады. Апатты жағдай жарияланған кезде, ересектер үн қатпағанымен, балалар жылап қоя берген. Ал тегін жасыруды сұраған Бейбіт «ұшақ ішінде соңғы секундарымды өткергендей болдым» дейді.

“Ішінде отырғаннан кейін адамның ойына небір нәрсе келеді. Келе жатып тірідей өртенгенше құлағанымыз дұрыс еді ғой деген ой келді. Мен өзім жеке басым морально дайындалып отырдым. Ойладым болды 27 наурыз бүгін, соңғы күнім деп”, – дейді ұшақ жолаушысы Бейбіт.

Борт серігі қолды айқастырып, басты төмен түсіріп отыруды бұйырғанда Бейбіт әлі тумаған тұңғышын ойлапты.

“Бірінші анам есіме түсті. Қалай болады… Анама қиын болатын болды ғой. Бауырларым, әйелім есіме түсті. Тұңғышымды көре алмаймын ба дедім. Көп кісілер дұға оқып, қолын жайып, Алла тағаладан сұрап отырды”, – дейді ұшақ жолаушысы Бейбіт.

«Танауы жер жалап тоқтаған кезде ұшақ ішінде зілзала болғандай сезіндік» дейді жолаушылар. Алайда дайын тұрған жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен әуежай қызметкерлері шашқан көбікті көргенде көңілдері тыншыған. Экипаж бұйрық берген бетте әйелдер мен балаларды алға жіберіп, ер азаматтар есеңгіреген жұртқа жәрдем берген.

“Эвакуация жасағанда адамдарға көрсетпей, тып-тыныш жоспар бойынша бәрі істелді. Біз үшін кешегі жоғарғы деңгейлі болды. Бірінші рет, көбісі осындай көрмеген. Көбісі күтпеген де”, – дейді Өрт қауіпсіздік қызметінің бастығы Марат Құндақбаев.

Ұшақтан түсіп, есін жинаған жолаушылар алдымен ұшқышты іздеген. Экипажға алғыс айтып, оларға марапат беру үшін петицияға қол жинаған. Қазірдің өзінде, әлеуметтік желі қолданушылары командир мен экипаж мүшелеріне 121 адамның өмірін сақтап қалғаны үшін алғысын жаудырып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Астанаға Қызылордадан ұшып келген Bek Air әуекомпаниясының ұшағы апатты жағдайда дөңгелексіз қонғанын, Bek Air жолаушысының оқиға кезіндегі жағдайды баяндап бергенін хабарлаған едік.

Талқылау