Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байбекке сеніңкіремеген Мәсімов арықтардың қалай тазартылғанын өзі бақылап қайтпақ

Әңгімесі Үкіметке дейін жеткен Алматы өзендерінің арнасы жөнделе бастады. Әр жаңбыр сайын қаланың су астында қалуы – мәселені мықтап қолға алуға түрткі болған, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

кәрім мәсімов

Сурет: kaztrk.kz 

Бюджеттен бұл үшін бақандай 1 млрд 200 млн теңге бөлініпті. Бірақ оған небәрі 8 шақырым жер жөнделмек. Ал Алматы өзендерінің жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асады, оның 30 шақырымы аса қауіпті деп танылған. Соған қарағанда, алматылықтар әлі біраз жыл жаңбыр суын тізеден кешіп жүретін сыңайлы.

Есентай және Қарасу өзендерінің бойында кешегі жауынның салдарын жою үшін емес, алда болуы мүмкін тасқынның алдын алу үшін жұмыс жүргізілуде. Қаланың төменгі бөлігіндегі осы аймақтар қазір ең қауіпті деп танылған. Себебі арнасынан асатын өзен ғана емес, жер асты сулары да бар.

-“Біздің айналамыздағы 6 үй сайда орналасқан. Жаңбыр жауса, көршілеріміз бақшасын суғарса үйіміз суға толып кетеді. Жер асты суларының кетер жері жоқ, Себебі осыдан 9 жыл бұрын өзен арнасын көтеріп тастаған. Біз соның зардабын тарттық”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Владимир Шленских.

Қазір аталған аймақтардағы өзен жағалаулары тас толтырылған темір торлармен бекітіліп, арнасы тазартылып жатыр. Бірақ одан келер пайда шамалы дейді тұрғындардың өздері.

-“Жаңбыр жауса бір уайым. Өзен көтерілсе, ұйқы жоқ. Жағалауды мынадай тастармен бекіткені дұрыс емес. Оның ортасынан су өтіп кетеді. Бетондау қажет”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Надежда Гилева.

Алматы аумағынан 320 шақырымға созылатын 28 өзен өтеді. Оның тек үштен бірінің жағалауы нығайтылған. Биыл Есентай мен Қарасу өзендерінің 8 шақырымын жөндеуге 1 млрд 200 млн теңге бөлініпті. Қалғаны қашан жөнделетіні тағы белгісіз.

-“90 км барлығында жұмыс жасау деген қағида жоқ. Қауіпті-қауіпті жерлер бар, 30 км жерді құрайды. Оның қай жерде екендігі белгіленген.  Өзеннің бойы, арнасы тереңдетіліп, шет-шеті нығайтылады. Және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі”, – дейді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы  Айдын Темешов.

Жаңбырдан кейін міндетті түрде тізеден су кешетін Алматының жайы өткен аптада Үкіметте қозғалып, премьер-министр әкімге ескерту жасаған. Араға апта салып Мәсімов жағдайдың оңалмағанын Байбектің тағы бетіне басты.

-“Арықтар сол күйі тазаланбапты, тағы да суға толып қалыпты. Бұған не дейсіз?”, – деді ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

-“Проблема бұған дейін де болған , қазір де бар, бұған дейін де болады. Қаладағы барлық жағдайды бақылауда ұстап отырмыз”, – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Бақылауда деген жағдайды өзім көрем деген Мәсімов Алматыға әлі жете алмай жүр екен. Дегенмен, алдағы күндері міндетті түрде келіп, өзен аңғарларын жаяу аралаймыз деді тағы.

 

“Мен барған соң екеуміз жаяу арықты аралап көреміз. Сіз мен бармай тұрып, алдын ала тексеріп көріңіз”, – деді премьер министр.

Жіберіп алмаңыз:

Кәрім Мәсімовтың әртүрлі шұлықтары желіде трендке айналды (фото)

Қарағандыға барған Мәсімов күйдіргі дертіне тосқауыл қоймаған облыс әкімінің шаңын қақты

Екі түрлі шұлық киген Мәсімов жұрттың күлкісіне қалды (фото)

Кәрім Мәсімов 15 шақырымдық велоқашықтықты бағындырды (фото)

Талқылау