Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да Олимпиада жүлдегері Ларионоваға көлік пен пәтер сыйға берілді (фото)

Бүгін Ақ Жайық жұртшылығы әйелдер күресінен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Екатерина Ларионованы «Орал» халықаралық әуежайынан күтіп алып, құрмет көрсетті.

20160828202643

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Оралға Е.Ларионовамен бірге Олимпиадаға қатысқан басқа да спортшылар, атап айтқанда, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ескекшілер Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев, спорттық жүрістен сынға түскен Григорий Шейко мен Полина Репина оралды.

20160828203940

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Рио Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың үлкен табысқа қол жеткізгенін, соның ішінде жерлесіміз Данияр Елеусіновтің бокстан чемпион атанғанын айта келіп, қола жүлдені иеленген Екатерина Ларионованы жеңісімен құттықтады. Оған КIA автокөлігінің кілтін табыс етіп, сонымен қатар пәтер де берілетінін жария етті. Е.Ларионованың жеке бапкері, әкесі Алексей Ларионовқа 2 млн. теңгенің сертификаты табыс етілді. Басқа да олимпиадашыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды.

???

Өңір басшысы мемлекет тарапынан бұдан былай да спортшыларға қолдау-көмек көрсетілетінін жеткізді.

Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова өзін құрметпен қарсы алғаны үшін батысқазақстандықтарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғауға дайын екендігін білдірді. Сондай-ақ спорт ардагері, еркін күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амангелді Мұсабеков Орал қаласында Данияр Елеусінов пен Екатерина Ларионованың табысына орай палуандар мен боксшылар даярлайтын арнайы спорт мектебі ашылса деген тілегін айтты.

???

Бұдан кейін Екатерина Ларионова бастаған олимпиадашылар қала көшелерімен салтанатты түрде жүріп өтті.

Айта кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысы атынан сынға түскен Таймураз Тигиев еркін күрестен Бейжің олимпиадасында күміс, Даниал Гаджиев грек-рим күресінен Лондонда қола жүлдені еншілеген еді. Дегенмен олардың екеуі де шеттен келген спортшылар еді. Ал Рио олимпиадасында Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан, қазір Астана қаласында тұратын бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов алтыннан алқа тақса, Оралда туып-өскен Екатерина Ларионова қола жүлдеге қол жеткізді.

Талқылау