Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

10 мың теңге үшін шешінген: Батыс Қазақстан облысында жалаңаш жастар кеші үшін әкімге сөгіс жарияланды

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы әкіміне сөгіс жарияланды. Бұл туралы облыс басшысы Ғали Есқалиев коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі жедел штаб отырысында айтты. Бұған себеп облыс орталығының маңындағы жағажайлардың бірінде болған жастар кеші, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жағажайлардың бірінде маска тұрмақ, киім де жоқ жалаңаштанған жастардың кеші өткені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Демалыс күндері жеке кәсіпкерлер жер телімін жалға алып, жаппай іс-шара ұйымдастырғаны белгілі болды. Ұйымдастырушылар 10 мың теңгеге адамдарды шешіндіріп, ашық конкурстар ұйымдастырған. 

"Бәйтерек ауданы Трекин ауылдық округі Жайық кентінің жанында "Ванильные берега" жағажайында кеш өтті. Жиынды Орал қаласының 21 жастағы тұрғыны жағажайды жалға алып ұйымдастырды. Би алаңында "Ұсақ бұзақылық" әкімшілік құқық бұзушылық жасалған. Тәртіп бұзғандардың бірі Орал қаласының 28 жастағы тұрғыны екені анықталды. Қалғандарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті ЖПҚ басқармасының бастығы Мирхат Аженов.

Ғали Есқалиев құзырлы орган қызметкерлерін заңсыз іс-шараға қатысқандардың бәрін жауапкершілікке тартуға шақырды.

"Бәйтерек ауданы қазір "қызыл" аймақта орналасқан. Аудан әкіміне сөгіс жариялаймын. Кешке алдын ала тыйым салу керек болған. Әдепсіз іс-шараға қатысушылардың барлығымен тәрбие жұмысын жүргізіп, олар жұмыс істейтін мектеп директорлары мен кәсіпорын басшыларына ақпаратты жеткізу қажет", – деді Ғали Есқалиев.

 

Талқылау