Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас прокуратура: Желідегі таныстық көптеген жасөспірім қыздың жоғалуына себеп болады

Соңғы уақытта әлеуметтік желілердегі таныстық жастардың, әсіресе жасөспірім қыздардың іс-түссіз жоғалып кетуіне себеп болып жүр.

жасөспірімдер

Сурет svopi.ru сайтынан алынды.

Бұл туралы BNews.kz жолдаған ресми сауалына ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитетінің мәліметтерін дәйек еткен ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Комитеттің ақпары бойынша, 2015 жылы іс-түссіз жоғалған 4708 азамат іздестіріліп, оның 2885-інің қайда жүргені анықталыпты (163-іне басқа да негіздер бойынша іздестіру тоқтатылған). Ал 660 адам болса, әлі іздестіріліп табылмаған.
2016 жылдың 4 айы ішінде 2628 іс-түссіз жоғалған адамға іздеу жарияланған болса, соның 926-сы табылған (26-сына басқа да негіздер бойынша іздестіру тоқтатылған), 1676 әлі де іздестірілуде.
Барлығы осы уақыт ішінде 217 жасөспірім жоғалыпты. 177 баланың жүрген жері анықталса, 39-ын іздеу әлі жүргзіліп жатыр. Өткен 2015 жылы 616 бала жоғалып, соның 568-і үйлеріне қайтарылса, 38 баланың қайда жүргені әзірге белгісіз.
Мамандардың айтуынша, көбінесе ер адамдар жоғалатын көрінеді. Бұл жағдай ерлердің өзге аймақтарға іссапарға, уақытша, маусымдық жұмыстарға, түрлі рейстерге (көлік айдап әкелу, жүк тасымалдау жән т.б.) жиі сапарлап тұруымен байланысты болып келеді. Әйелдер мен жасөспірімдер арасында жеңіл жүрісті қыздар мен әлеуметтік жайсыз отбасылардың балалары жиі жоғалады.

Жайсыз отбасылардағы жасөспірімдер ата-анасымен ренжісіп, олардың жиі ішімдік ішуіне байланысты бірге тұрғысы келмейтіндіктен, өз бетінше өмір сүруді қалап үйден жиі кетіп қалып жатады.

Ата-ана құқығынан айырылған жандардың балалары жасөспірімдерге арналған үйден қашып кететін жәйттер де кездеседі. Оларға да жоғалғандар ретінде іздеу жарияланады.

Сондай-ақ балалар ұзақ уақыт бойы ойын клубтарында отырады немесе ата-анасының қаһарынан қорқып үйден, мектептен қашып, іздеу жарияланатын оқиғалар бар.

«Соңғы уақытта жастар танысу сайттарына кіріп, бір-бірлерімен кездесуге уәделеседі. Бұл көп жағдайда жасы кәмелетке толмаған қыздар арасында жиі кездеседі. Бұл әрекеттерін ата-аналары мен жақындарына айтпай, үйден кетіп, Ғаламторда танысқан адаммен бірге тұрып жатса да, ол туралы хабарлауды жөн санамайтындары бар. Мұндайда жақындарының ештеңе білмеуі, әлеуметтік желілердегі жазбаларына ену мүмкін болмайтындықтан іздеу шараларына белгілі бір қиындықтар тудырады», – дейді комитет өкілдері.

Іс-түссіз жоғалғандардың санының кему немесе өсіп кету үрдісі жоқ, өйткені бұл статистиканы қолмен реттеу мүмкін емес және ішкі факторларға байланысты болып келмейді, дейді олар.

Мәселен, егер 2013 жылы 3289 адамға іздеу жарияланса, 2014 жылы олардың саны 2659 болды, ал 2015 жылы 3048-ге өсіп кеткен.

«Дамып келе жатқан технологиялардың (әлеуметтік желілер, ұялы телефондар және т.б.) арқасында, қазіргі таңда іздеу шаралары кезінде жұмыс нақты аймақ немесе ауданда жүргізілетін болды», – деп қорытты ІІМ.

Талқылау