Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Барлығы аман қалар еді»: Елордада құдыққа түсіп көз жұмған 4 жұмысшыда улы газдан қорғайтын құрылғы болмаған

Жұмыс кезінде қаза тапқан «Астана су арнасы» мекемесі 4 жұмысшысының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Метан газынан уланған уланған азаматтардың бірі қаладағы №1 ауруханада жатыр. Полицейлер кәріз құбырына түскенде улы газдан қорғайтын респиратор бар екенін айтқан еді. Алайда жұмысшылардың денелерін құдықтан шығарғанда ол құрылғы болмағынын анықтапты. 

«Барлығы аман қалар еді»: Елордада құдыққа түсіп көз жұмған 4 жұмысшының тірі қалуға мүмкіндігі болған

«Астана су арнасы» коммуналдық мекемесінде екі жыл бұрын жұмыс істеген Асхат Уваисов болған жағдайға әлі сене алмай жүрмін дейді. Марқұмдардың бірі - оның досы екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.

«Алмат ақкөңіл, жайдары азамат еді. Жұмысын жақсы көретін. Ол өз ісін өте жақсы білетін. Жанындағыларды құтқарамын деп көз жұмды. Құдыққа түскенде неге техникалық талаптар сақталмағаны белгісіз», - дейді «Астана су арнасы» коммуналдық мекемесінің бұрынғы қызметкері Асхат Уваисов.

Қайғылы оқиға 23 мамырда болған. Әдеттегідей жұмысқа кеткен тепсе темір үзетін 4 бірдей азамат кешқұрым үйлеріне қайтып оралмады. Олар кәріз құдығының ішіне түсіп, сорғы станциясына жөндеу жұмыстарын жүргізбек болған екен. Әуелі құдықтағы жұмысшының бірі есінен танып, су қоймасына құлаған. Сол мезетте әріптесін құтқаруға үш жұмысшы тұра ұмтылады. Алайда олардың бәрінің өкпесі метан газына толып, бірден тіл тартпай кеткен. Тек жедел жәрдемнің көмегімен аман қалған бір адам қазір ауруханада жатыр.

«Қазіргі таңда бір азамат осы оқиғадан аман қалып, ауруханада жатыр. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Әзірге дәрігерлер жағдайы орташа деп бағалап отыр. Барлық медициналық көмекті алып жатыр», - дейді Нұр-сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.

Қазір "Астана су арнасы» мекемесінің төрт қызметкерінің қаза табуына байланысты арнайы комиссия құрылған. Олар қайғылы жағдайды тергеп, себебін анықтаумен айналыспақ. Сондай-ақ, бұған дейін құзырлы органдар марқұмдарда улы газ бен шаң-тозаңнан тыныс жолдарын сақтап тұратын респиратор болған деген мәлімет таратқан еді. Алайда оларды құдықтан алып шыққанда, ол құрылғы болмапты. 

«Қаза тапқандардың ең жасы 24-те. Үлкені – 52 жастағы азамат. Олар күні бойы жұмыс істеген. Барлығында респиратор болған. Бірақ құдықтан денелерді шығарғанда, тыныс алу жолдарын қорғайтын бетперде болмады. Жұмыс аяқталған кезде оны шешіп тастаған сияқты. Ол құрылғы болғанда барлығы аман қалар еді», - дейді ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер. 

«Астана су арнасы» мекемесінің өкілдерінің сөзінше, марқұм болған жұмысшылар – мұндай жұмыстарды талай жасаған мамандар. Техникалық талаптардың барлығын білген. Алайда олардың неге бетпердені шешіп жұмыс істегенін білмейміз, дейді.

«Бұл жерде адами фактор деп ойлаймын. Жұмысшыларымыз ол жерге бірінші рет барып отырған жоқ. Бұған дейін де істеген. Оқиға орнында киетін арнайы киімдері мен құрылғылары табылды. Марқұмдардың отбасына көңіл айтып, кіріп шықтық. Олардың әрқайсысына милион теңгеден қаржылай көмек көрсеттік», - дейді «Астана су арнасы» коммуналдық мекемесі директорының орынбасары Абылай Елжасов.

Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қала әкімдігі қаза тапқандардың отбасына барынша қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Еске кетсек, бұған дейін 4 жұмысшының кәріз құдығына түсіп мерт болғаны хабарланған болатын. Артынша ТЖК оқиғаның қалай болғанын айтты.

Талқылау