Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бәрібір батырсың: Қазақстандықтар жеңіліс тапқан Головкинге қолдау білдірді

Бүгін Лас-Вегасте өткен жекпе-жекте мексикалық қарсыласы Сауль «Канело» Альварестен ұпай саны бойынша жеңілген Геннадий Головкин спорттық мансабында алғаш рет жеңіліс тапты. Өз кезегінде қазақстандықтар оған қолдау білдіріп, бәрібір үздік болып қалатынын айтып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бәрібір батырсың: Қазақстандықтар жеңіліс тапқан Головкинге қолдау білдірді

Боксшы Геннадий Головкин қарымта кездесуде жеңіліс тауып, WBA Super, WBC және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерінен айырылды.

Алайда былғары қолғап шеберінің отандастары оның бәрібір жеңімпаз болып қалатынын айтуда. Мұндай пікірге ортақтасқандар қатарында отандық жұлдыздар да бар.

«Көп соққы алғанның жеңіп кеткені болмаса… Жарайды, бір жағынан Мексиканың тәуелсіздік күні мерекесіне жеңіс сыйлап, жастарға жол бергенің де дұрыс болды, Гена. Құда күтіп көрген, кемеңгер елдің баласысың ғой», – деп жазды әнші Сәкен Майғазиев Instagram-парақшасында.

Өнердегі әріптесінің бұл пікіріне танымал әнші Жанар Айжанова да қосылып, Геннадийдің жастарға жол бергенін айтты.

«Гена жеңілген жоқ, жол берді. Алда әлі талай жеңістер бар. Біз, қазақ елі, саған қашан да тілекшіміз. Сенің қолыңда көк туымыздың желбірегенін көретін күндер көп болсын! Азамат, біз сені құрметтейміз!» – деп жазды ол Instagram-да.

Сондай-ақ, белгілі актер Тәуекел Мүслім де Instagram-парақшасында Головкиннің чемпион болып қалатынын айтты.

«Бәрібір чемпионсың», – деп жазды ол.

Бұл пікірге ортақтасқан продюсер әрі актер Нұртас Адамбай: «Геннадий, сен бәрбірі үздіксің», – дей отырып, төрешілердің бұрмалаушылыққа жол бергенін айтты.

«Генаға қатысты бұрмалаушылық болды. Келіспейтіндер өзі білсін», – дейді ол Instagram желісіндегі парақшасында.

Сондай-ақ, желі қолданушылары да сүйікті боксшысына демеу болып, Геннадий Головкиннің чемпион болып қала беретінін жазып жатыр.

Айта кетсек, бүгін, 16 қыркүйекте, Лас-Вегастегі T-Mobile Arena-да 12 раундқа жоспарланған Головкин-“Канело” жекпе-жегі толық өтті. Кездесуде кімнің жеңіске жеткенін төрешілер шешіп, ұпай саны бойынша жеңісті Сауль Альвареске берді (115-113, 115-113, 114-114). Осылайша, отандасымыз  Геннадий Головкин спорттық мансабында алғаш рет жеңіліс тауып, орта салмақ дәрежесіндегі WBA Super, WBC және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерінен айырылды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау