Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баласының атын білмейді: Ақтөбеде ер адамды қонақта отырған жерінен соққыға жығып, мүгедек еткен

Ақтөбе облысындағы Тереңсай ауылының тұрғыны қонақта отырған жерінде соққыға жығылып, мүгедек болып қалды. Ағайындары айдың күні аманында апталдай азаматты ақыл-есінен айырып, жарымжан етіп қойған қылмыскердің жазаланбай отырғанына ашулы. Әзіретқали Баймұратовты сабаған күдікті әлі күнге бостандықта жүр екен. Ал істі қарап жатқан тергеушілер жиі ауысатындығын айтады.

Баласының атын білмейді: Ақтөбеде ер адамды қонақта отырған жерінен соққыға жығып, мүгедек еткен

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

40 жастағы Әзіретқалиды қазір екі анасы күндіз-түні күзетіп, бағып отыр. Өйтпеске амалдары жоқ. Өйткені, басынан ауыр соққы алған жігіт оқтын-оқтын есінен айрылып қалады. Соның кесірінен үйінен шығып кетіп, осы маңда жоғалып кеткен. Туысқандары оны әрең іздеп тапқандарын айтады.

Жарты ай бойы комада жатып, нәр таптаған апталдай азамат әбден жүдеп-жадаған. Анасы мен енесі Әзіретқалиды жалғыз қалдыруға қорқады. Себебі, есі кіресілі-шығасылы болғандықтан өзіне қол сала ма деп қорқады. Аяқ-қолы сап-сау, отбасын асырап отырған азаматты мұндай күйге түсірген ауылдасы екен. Болған жағдай Әзіретқалидың еміс-еміс есінде.

«Ауылдың баласы. Кіші балалар, арасында 88 жылғылар бар. Қонақта отырған жерімнен теуіп кетті келіп», – дейді зардап шегуші Әзіретқали Баймұратов.

Баласының атын білмейді: Ақтөбеде ер адамды қонақта отырған жерінен соққыға жығып, мүгедек еткен

Шалғайдағы ауылда ес-түссіз жатқан жерінен Әзіретқалиды облыс орталығына санитарлық авиациямен жеткізген. 1 ай ауруханада жатып, емделіп шығыпты. Шықты деген аты ғана. Дәрігерлер әлі ұзақ емделуге тура келетінін ескерткен. Сап-сау ұлының қас пен көздің арасында мүгедек болып қалғанына жаны ауырған анасы, еріксіз жылай береді.

«Осылай болады деп ойлаған жоқпын. Осы уақытқа дейін үлкендерге арналған жөргек киіп келеді, кіші дәреті де кетіп қалады. Соны алма-кезек жуып отырмыз», – дейді зардап шегушінің анасы Күнзалипа Бекпанова.

Баймұратовтың туыстары полицейлер істі өткен жылдың қыркүйегінде тергей бастағанын айтады. Күдікті ретінде ауылдың 26 жастағы тұрғынынан жауап алған. Алайда, оны қамауға асықпайтындығы алаңдатады. Талаптары қылмыстық істің әділ тергеліп, кінәлі адам тиісті жазасын алса екен, дейді.

«Менің талабым, баланы осындай жағдайда жатқызған, жаңағы ұрып тастаған балаға ешқандай шара қолданылмады. Үш айдан кетті, сонда бұл әлі есін дұрыс білмейді, баласының аты-жөнін білмейді. Кейде есіне түссе, ұмытып қалады. Туған ауылын айтады, қандай жұмыс істейтінін білмейді. Мал дәрігері болдым дейді. Неше түрін айтады енді. Сондай адамды сен қалай сараптама бойынша орташа ауырлық дейсің?» – дейді зардап шегушінің енесі Айнагүл Жұмаханова.

Мәселенің сиырқұйымшақтанып бара жатқанына алаңдаған олар ішкі істер органдарына, прокуратураға шағымданған.

«Азаматша Абдиярова оның баласы Баймұратовқа дене жарақатын келтіру бойынша қылмыстық іс бойынша айтылған дәйектер тыңдалып, сол мәліметтерге сәйкес іс зерттеледі. Істің тергелу ретіне», – дейді облыстық прокуратураның №1 басқарма басшысы Азамат Құстанов.

Әзіретқалидың күтімін жасап жүрген өзінен кейінгі тете інісі де оқыс жағдайда тап болғаны жығылған үстіне жұдырық болғандай. Көшеде көлік қағып кетіп, ауруханада есін жия алмай жатыр. Алайда, дәрігерлер Әзіретқали ол туралы білмегені жөн деп санапты. Өйткені, жүйкесіне салмақ түссе, миына қан құйылуы мүмкін. Алайда, ол күнде інісін іздеп, жылайтын көрінеді. Мұны көрген анасы шарасыздықтан қосылып егіледі, басқа амалы жоқ.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау